Андрей Кораблев: «Қаріптер дұрыс таңбаланса…»

Korablev Қоғам

Кораблев

– Қоғамдық сілкініс тудырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні неде?

– Әлемге әйгілі ойшыл Генри Фордтың «адам өзгеруін тоқтатқан кезде өледі» деген сөзі бар. Демек, біздің алдымызда халықаралық талаптарға толықтай жауап беретін жаңа мемлекет қалыптастыру міндеті тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу мәселесін қозғауының астарында осындай үлкен философиялық,  стратегиялық мән жатыр.

– Айтуыңыз орынды. Латын әліпбиіне көшу – жалпыхалықтық іс. Ендеше, осынау істі сәтті жүзеге асырудың қандай тиімді жолдарын ұсынар едіңіз?

– Қалай десек те, осы жылдың аяғына дейін латын графикасының жаңа үлгісін қабылдауымыз қажет. Әліпби үлгісі Парламент деңгейінде талқыға түсті. Ендігі міндет, меніңше қазақ тілінің табиғатын айқындап тұратын «ұ», «ү», «і», «ө», «ғ», «ң», «қ» сынды әріптерді дұрыс таңбалау. Яғни, әліпби жасаған уақытта осынау қаріптердің  дұрыс дыбысталуын басты назарда ұстау қажет. Бұл мәселеге ғалымдар ғана емес, жастар да тікелей араласуы керек. Әйтпесе, біз көп жағдайда жастардың пікірін ескере бермейміз. Яғни, латын графикасына негізделген қазақы әліпби жасап шығару ісіне жаңаша көзқараспен келуіміз қажет.

– «Латын әліпбиі енгізілсе, орыс тілі тасада қалады» деген пікірлер де жиі айтылып жүр. Осы мәселеге байланысты  ойыңызды білсек.

– Меніңше, мұндай пікірлер негізсіз. Әңгіме жазба қазақ тілін латынға ауыстыру туралы болып отыр. Орыс мектептерін жабу, орыс тілінде ақпарат таратуға тыйым салу сынды мәселелер мүлде қозғалып отырған жоқ қой. Ендеше, дүрдараздық туғызудың қандай жөні бар? Латын әліпбиіне көшу тек қана қазақ халқының мәселесі емес. Бұл – қазақстандықтардың барлығына ортақ жағдай. Демек, түсіндіру, ақпараттық насихат жұмыстарына Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымы да тікелей араласуы тиіс. Жалпыхалықтық деңгейге көтерілген әліпби ауыстыру бастамасы табысты нәтижеге, ғаламдық өркениетке бастайтынына сенемін.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз