Ән тербеген әзіз жүрек

Илья  Жақанов!  Бұл  есімді  қай  қазақ  баласы білмейді?  Ән  деп жүрегі  соққан,  жастық  арман  жылуында  маужыраған,  туған  жерге  деген  асыл  сезім  құшағында  тербелген,  достыққа  деген  пәктікті  жүрегінде  әлдилеген  қазақ  елінің  әрбір  перзенті  Илья   әндерінің,  жаныңды баураған  сазының  ғажайып  лиризмге  бөккен  мелодиясымен  сусындап  өсті.  Елдегі  салтанатты  сәттерден  бастап,  адамның  өмір жолдарындағы  әрбір  белесі  қазақ  музыкасымен  ғана өріс  тауып,  қуаныштың  биіктеген  шыңдарына  өрлесе,  оның  ішінде  Илья  әндерінің  жүрек  қылын  әуелетіп,  әр  саналы  адамның  ішкі  үндеріне  үлес  берген  мелодиясы  жүреді.

…Бұл 1956 жыл еді. ҚазМУ-дің студентінің жас жүрегіне сыймаған сезім дүмпуімен лықсып алғашқы ән туыпты. Ол «Түн  ортасы болғанда» деп аталыпты. Илья жастайынан поэзия пірі Қасым  Аманжолов  жырына сүйсінген. Өзі әнге  сұранып тұрған ақын өлеңі  Ильяның  мөлдіреген нәзік сазына оранып шыға келіпті. Оған Қадыр Мырзалиевтің сөзіне шығарылған «Салтанат» әні жалғасыпты. Әндер легі бір-біріне ұласып, композитордың шын шабытты, жұлдызды шағы жарқырап, тума талант тиегі ағытылыпты.

Таланттарды табиғат үндестіреді. Сол шақтарда туған әндерінің бірі – «Ақ қайың». Осы әнге байланысты Илья бір тебіреністі кезінде былайша сыр шертіп еді. Радиода істеп жүрген кезінде тұңғыш рет Мұқағали Мақатаевпен танысыпты. Бұрын Ильяны сыртынан білетін ақын «Ақ қайың» әнін радиодан тыңдап жүреді екен. Кездескенде Ильяны қасына  шақырып  алып,  былай  депті:

–  Илья,  сенің  «Ақ  қайың» әнің – ғажайып  шығарма. Бұл әнді тыңдағанда  көзіме жас келеді. Бойлай керемет тебіренемін. Мұнда бір тылсым сыр бар. Адамның  ішкі   тіндерін  қозғайды.  Мен бұл әнге  ғашықпын.  Бұл ән мені  толғантуда.

Содан  біраз  уақыт  өткеннен  кейін әдейі өзі іздеп келіп:

– Илья,  жүрші,  бір  демалайық, – деп  үйіне  ертіп  әкеледі.  Ерекше  толғанып  отырып  былай  депті:

– Сенің  әнің  маған  дастан  тудырды.  Сол  дастанды  қазір  оқып  беремін.  Сен   тыңда.  Дастаным  «Ақ  қайың әні»  деп  аталады.

Илья  бұл  кездесуді былай  баяндады:  «Дастанды  ерекше  елітіп отырып  тыңдадым.  Мұқағали  поэтикалық  толғаныстарын   мәнеріне  келтіріп  оқып  отыр.  Дауыс  қандай! Диапазон  қандай!  Әбден  оқып  болып,  бір  күрсінді.  Мен  де бір  құпия  сазға  бөлендім. Тамаша  дастан  дүниеге  келіпті.  Бұл шығарманың  тууына  менің  әнім себепкер  болыпты. Мұқағали бұл дастанды  маған  арнағанын  айтты.  Мен  ғажайып  ақынның  маған  жасаған  соншама  ілтипатты  сезіміне  езіліп  кеткендей  күй  кештім.

Кейін  тағы  бір  кездескенде  «Ақ 
           қайың  әні»  дастанын  «Лениншіл  жас»  газетіне  ұсынғандығын  айтты. Шығарманың басында «Илья Жақановқа  арнаймын» деген сөз  жазылыпты.  Редактор: «Жақанов  деген кім?  Бұл атақты  адам  болса  бір жөн,  ала-бөле сол  кісіге  арнайтынын  айтып  бадырайтып  жазып  қою  жараспайды. Алып тастау  керек  те,  дастанның  өзін  жариялау  керек» деген екен.  Мұқағали бұған  көнбепті.  «Олай  болса,  дастан  газетке  жарияланбайды» деп шығармасын алып кетіпті». Осы кездесуде соны баяндап: «Бұл дастан  жинаққа  кіреді,  оның  басында  саған арналғаны  міндетті  түрде  жазылады»  депті.

Ұлы ақынның  Илья   әніне деген құштарлығы  тегін  емес  екені  бірден  белгілі.  Бұл – ұлының  ұлыны  танығандығы.

Филология  факультетін 1959  жылы  бітірісімен  1959-1963  жылдары «Қазақстан  пионері»  (  қазіргі  «Ұлан»)  газетінде,  1963-1984  жылдары  Қазақ  ҚСР  телевизия  және  радиохабарларын  тарату  жөніндегі  мемлекеттік  комитеттің  редакторы,  аға  редакторы, Қазақ  радиосы  музыка   редакциясының  бас  редакторы  қызметін  атқарғандығы   жазушы  қаламы  төселіп,  шеберлене  түсуіне  үлкен  себепкер  болғандығы  даусыз.  Әдеби  көркем  шығармаларында  жазушы  музыканың  адам  өмірімен  байланысы,  адам  болмысында музыканың  алатын  орны, оның  адамды    тәрбиелейтін,  адамды  адам  ететін  қасиеті,  адамның  сазсыз  өмір  сүру  мәнінің  жоқтығы  шынайы  суреттеледі де,  өнер қайраткерлерінің  естен  кетпес бейнелері  жасалады.  Мысалы,  бір  ғана  қазақ  халқының құдіретті  қобызшысы  Ықылас  туралы  романы  өткен  замандардағы  қобыз  өнерінің  асқан  шеберінің  ғұмыр-тағдырын  оның  өнерімен  байланыстыра  суреттейді.  Жазушы қобызшының,  қобыздың,  Ықылас  тудырған  күйдің  адам  жан- дүниесін  дыбыспен  аялайтын,  әспеттейтін  қасиетін  шебер  бейнелеген. Сәкен Сейфуллин Ықыласты өз көзімен көріп, бірге жүргендіктен оның қасиеттеріне  тәнті  болып,  ауызының  суы  құрығанша: «Ықылас қобыз тартқанда сауулы інген иіп тұрады» деп,  немесе тыста  қара  түнде  шулаған,  сарнаған  қамыстың  үнімен  бірге  Ықыластың  қобызы да сарнап  жылайды» деп еске   алыпты.

Ықылас  туралы  ел  аузында  мынадай  да  аңыз  бар:  «Әкесі  Дүкен  қобызшы  Ықыласты он-он екі жасында Қоянды жәрмеңкесіне ертіп апарады. Жәрмеңке  алаңында Дүкен атышулы Жанақ, Шөже, Тәттімбет, Тоқа, Біржан салдардың  алдында  қобыз   тартады, өзі  шаршағанда  Ықыласқа  тартқызады. Баланың  қобызына  ден  қойған,  әбден  қартайған Жанақ: «Әй, Шөже, мына бір баланың қолындағы қобыз үні қайда кетіп  барады?» деп  сұрайды.  Сонда  Шөже: «Ой,  тәңірім-ай,  мен  жазғанда  көз  бар  ғой  дейсің  бе?  Оның  үні  көз   жетпейтін  жерге  кетіп  барады  емес пе?»  деп  жауап   беріпті.  Сөйткен  Ықылас  туралы  романды  өнер  адамы,  оның  ішінде  қобызшы-күйші  туралы  музыканың  жан-дүниесін  жүрегімен  сезінетін  адам, өзі  музыканың  туындыгері  жазған саз  өнері  туралы тұңғыш  роман  деу  керек.

Ильяның  2006 жылы  жарық  көрген  «Бұлбұл  әуені»  атты  жинағындағы  «Қазақ  вальсі», «Бұлбұл»,  «Өр  Алтай, асқан  Алтай,  асқар  Алтай», «Айгөлек», «Түнек  сәулесі», «Жас  қазақ», «Жүрек  сыры», «Қаракөз», «Қайықта»  атты  шығармаларын  жазушы  «көркем  эсселер»  деп  атаған  екен, оған  қоса  біз  бұларға өнер тақырыбындағы  көркем  повестер  мен  әңгімелер  деп  айдар  тағар  едік.  Мұндай  шығармаларды  кез-келген  музыка  өнерінен  алыс  жазушы  жаза  алмайды.  Бұл  шығармаларды  тек  қана  өз жүрегінен  нәзік  үн  саулатқан  жазушы  ғана  жаза  алады.  Сондықтан  да,  Илья  бейнелеген  Ахмет  Жұбанов, Латиф  Хамиди,  Күләш  Байсейітова,  Евгений  Брусиловский,  Жамал  Омарова, Бақытжан  Байқадамов,  Садық  Кәрімбаев, Рамазан  Елебаев, Жүсіпбек Елібеков, Шәмші  Қалдаяқов,  Әбілахат  Еспаев, Махсұтбек  Майшекен  сияқты  әншілер  мен  композиторлардың  сомдалған  бейнелерін жасаумен  бірге, тарихта  болған өнер адамдарының өшпес шығармашылық балқыма шабытты шақтарын,  олардың  тылсым  өнерпаздық құпияларын  шеберлікпен  көрсеткен.

Міне, Ильяның осылайша  жазушы  екенін  білсек,  тек  соңғы жылдары ғана  дүниеге келген «Аққу  әні», «Еділ-Жайық», «Сырлы  жүрек  пернесі»  атты кітаптары  арқылы  оның  музыка зерттеушісі екендігіне  көзімізді  жеткіземіз. Ол Алматы, Астана,  Атырау  теледидарынан төгіліп сөйлеп отырғанында арғы-бергі замандардағы композиторлардың, әсіресе, әнші, сал-серілердің әрбіреуінің  сазгерлік табиғатын тарата, ашып айтқанда,  көрермендердің  өздерін   ұмытып  тыңдайтындарын  қайтерсіз.  Не  деген  жанкештілік,  не  деген   тереңдік  десеңізші.  Мұның  бәрін  ол  қайдан  білді? Ильядан бұрын да атақты  халық  әншілері  туралы  зерттеу  еңбек  жазылыпты.  Ол – біреу  ғана. Ахмет  Жұбановтың «Замана  бұлбұлдары». Бірақ, Ильяның зерттеулері ондағы  зерттеулерге  ұқсамайды.  Себебі,  ол өзінің пікірлері  мен  тұжырымдарын,  деректерін  Ахметтен  алған  жоқ, әлгі  белгісіз жайларды халық  аузынан  жазып  алды.  Ел  аралады.  Зәредей  де  болса  деректің  түбін  қазды,  соның  шындығына  жетуге  тырысты,  әндердің  табиғатын  ашты,  қалай  пайда  болған  тарихын  зерттеді, іздеді,  табаны  тозды,  жүрді,  тау,  дала,  орман,  тоғай,  құмды  жолдарды  кезді.  Әнші-сазгерлердің  өмірлеріне,  ән  тағдырына, әндердің  туу  тарихына  байланысты  бұлдыр  жайларды  нақтылады,  шындықты  ашты,  қолға  ұстатқандай  айқындады.  Сөйтіп, халық  алдына  көп  құпияларды  жайып  салды.

Ильяның  әрі  эссе,  әрі  зерттеу, әрі теориялық  талдаулар  беретін  очерктері  көп  екенін  айтар  болсақ,  олар  мыналар: «Үшқара», «Топайкөк»,  «Иман Жүсіп  әндерінің  тағдыры», «Ақшашақ»,  «Есіл  өзен», «Жиырма бес», «Жүрек  пернесінде», «Дударай»,  «Тәңірберген  Молдабай», «Мен  өзім  Аманғали  атанамын», «Таңжарбайдың  әні», «Махамбеттің  отты  әуені», «Қызыл  әнші», «Мәриям  туралы  ән»,  «Қойыстың  әні», «Балқадиша», «Жалмұқан-Ақтоқты»  және  тағы  басқалар.  Осы  шығармаларын  оқығанымызда  алуан  әсерге  кенелеміз.  Біріншіден,  қызығамыз,  екіншіден,  жаңа  деректерге  тәнті  боламыз,  үшіншіден, сезімнің  мол  құшағында  қалып,  тебіренеміз,   осынша   тірнектеп  жинап  жазған  авторды  жанымызбен  аялайсыз.  Бұлардың  бәрі қазақ  өнеріндегі  құбылыстарды  өнерсүйер  халық  жүрегінің  түкпіріне жеткізуге қызметтену  үшін, шабыттың  қайнар  бұлағында  отырып  жазған  дүниелер  деп  білеміз.  Қазақ  өнерінің, қазақ   музыкасының  тарихына  қосылған  үлес  деп  бағалаймыз.  Ән  шежіресіндегі   кейбір  халық  санасында   ұялаған  ағат  орныққан деректерден  тазартып,  дүние  бағытқа  сілтейтін  соншама  таңғаларлық  мәнді    және  ғұламалық  дәріс  екендігіне   шек  келтірмейміз.  Осы  айтылғандарды  біраз  мысалдармен дәлелдеп  өтейік.  Әр  өнер  сүйер  қауым  күні  бүгінге  дейін  «Дударай»  әнінің  авторы  Мария  Жагорқызы  Рекина  деп  келді.  Мұның  өзі  халық   арасында  лақаппен  тараған  қате  дерек екенін  Илья  тайға  таңба  басқандай  етіп, елді  ұйқыдан  оятқандай  селт  еткізді .  Бұл  әнді  Мария   шығарды  дегенге Марияның  өзі  таң-тамаша  қалған  көрінеді.  Тіпті, оған  «Қазақ  ҚСР-нің   еңбегі  сіңген әртісі»   деп  атақ  бергеніне  де  таңданған.  Ал,  шынында,  бұл   әннің  сөзін  де,  музыкасын  да  шығарған өнерімен  бір  аймаққа ғана белгілі  болған,  бірақ,  барша  халыққа  аты  таралмаған Үлебай деген адам екенін зерттеуші  дәлелдеп  берді.

Ал,  бұл   оқиғаларды  бұрын  халық білген жоқ.  Олар  тарихтың қойнауында,  заман шаңының  астында қалған  шындықтар  еді.  Илья  бұл  шындықтарды  қатпарлы  жылдар  тереңінен  қазып  алып,  халық санасына  дұрыс  бағыт  сілтеді.  Бұл  зерттеуші  тарапынан  жасалған  батыл әрекет еді.

«Зәуреш» әнінің тарихына  байланысты тағы бір шындық  бар. «Зәуреш» деген   Мұхиттың  әні екенін,   Зәуреш  деген  қыздың  ерте  өлгенін жоқтаған  әкенің  зары  екенін  халық  білді. Бірақ, ол кімнің қызы екенін, қалай өлгенін, қайда  жерленгенін,  күйеуінің  кім екенін білмеді. Ильяның анықтауынша, Зәуреш Медет  деген  атақты ел  биінің  қызы екен. Оның  үш әйелінен отыз ұлы  болыпты,  жалғыз  қызы  осы  Зәуреш  екен.  Ұлдары елді  жайлаған дерттен  қаза  тапқан. Ұзатқан  қызы  да  дүние  салған.  Бұл  оқиғалар   әкені айықпас  қайғыға   душар  етеді. «Зәуреш» – Медеттің   ұзақ  зары қылып,  қайғылы сазбен  Мұхит  шығарған  ән.  Ырғыз  жерінде  жатқан  қызының  бейітіне  келіп айтқан бұл  зарлы ән  бүкіл  елге  қайғының   гимніндей  болып  тарады.  Илья, тіпті, Зәуренің күйеуінің  кім  екенін де зерттеп  білді. Оның ХІХ ғасырда  өмір сүрген қазақтың ардақты  перзенттерінің бірі  екенін,  Алтынсаринмен  замандас,  ұлы  педагог  идеясында  қызмет  еткен  азамат  екенін  анықтады. Бұл қызықты деректер  халықты  таңғалдырды.  Ильяның  өнерді  зерттеудегі  жұмыстары  бұл  айтылғандарымен  шектелмейді.  Батысқа  көшіп  келіп,  халықпен  терең  сырласу  мектебін  ашқан ол ерте  кездегі уақыт  уысында  қалып,  белгісіздікке   ұштасқан талай  халық  композиторларын тұңғиықтан  алып  шығып,  жаңа заманның кәусар ауасына қандырып,  елдің аялап  тұтар  дүниесіне айналдырды.  Аманғали,  Қызыл  әнші, Қойыс, Қисса, Ажар,  Досат сияқты әнші – композиторлардың «Аманғали  әні», «Қара ат», «Босмойын», «Әмірхан», «Гүлжансары», «Сағындым, Жайық», «Ауылым Қызылқоға кемерінде»,  «Шандоз», «Қамшыгердің әні»,  «Жаңғақ»  әндеріне  өмір Илья қолымен сыйланып, Атыраудың  біртуар  әнші-өнерпазы Қуанғали  Жұмалиевті жарыққа шығаруы, елге жариялауы –   іздемпаздық, талмай  зерттеушілік нәтижесі.

Жазушылық пен журналистік. Екеуінің арасына Қытай қабырғасын қоюға да, екеуін бірдей деуге де болмайды. Алайда, журналистік әуелі басталып, жазушылыққа ұласып кетушілік күнделікті өмірдегі  табиғи  құбылыс  екен. Талайлар көсемсөзден бастап, оқырманды үйірген қаламын сөз зергерлігіне  ұластырғаны  белгілі. Ильяның табиғаты дәл осыған келеді. Алайда, бір айтатын жай,  екі стихияның мұхитында еркін қалықтай алатын қаламгер бұл шеберліктерін эфирде тоқайластырды. Ол шебердің шырқау биікке шыққандығы екендігіне ешкім таласпас. Бұған дәлел мол. Илья жасаған фильмдер мен радиоспектакльдер осының көрінісі. Қазір қазақ теледидарының гауһар қорына айналған «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі  Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Муса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ»…. және қазақ композиторлары Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, Қапан Мусин, Бақытжан Байқадамов және басқа көптеген сал-серілер мен музыка шеберлерінің шығармашылық бейнелері, сонымен бірге «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты телесериалдар және «Доссор вальсі» мен «Доссорда шай құяды  Гүлжансары» фильмдері,  Штраус вальсі мен Бетховен шығармашылығына арналған «Вальспен қоштасу», «Айлы соната» атты музыкалық телеспектакльдер өнер саласындағы үлкен тарихи құндылықтарға айналды.

Қазақ радиосындағы Біржан сал, Гете, Лермонтов, Бетховен, Шуберт, Абай жайында қойылған, «Бурабайдың баурайында», «Қараңғы түнде тау қалғып», халық әншісі Тоқбай және Шәкен Айманов жайлы «Екі жирен», Ақан Серіге арналған «Балқадиша» атты радиоспектакльдер эфирден түспейтін інжу- маржандар қатарына қосылып, олардың авторы Ильяның  мерейін   үстем  етумен  бірге, халықты сүйіспеншілікке бөлейді. Ал, «Ықылас», «Ақан Сері әндері», «Аманғали», «Құрманғазы» атты деректі фильмдердің өзі бір төбе. Бұл айтылғандардың бәрі – Ильяға радиожурналист, тележурналист,  режиссер  деген шеберлік қырларын да  телуге   болады  деген сөз.

Илья – композитор. Студент кезінен бері екі жүзден астам ән шығарып, жазған екен. Ата-бабаларының керемет қасиеті бойындағы бұла  күшпен мәнерлі құйылып, елді саумал сазбен сусындатқан екен. Илья әндері! Әр қазақ музыкант емес, бірақ әнді түсінерліктей мүмкіндігі зор. Той-томалақтарда әр   қазақ «әу» деуден   құр емес. Композиторлардың әндерін сүйсіне тыңдап, шырқап айтады да. Шіркін, жастық шақ! Әр адам жас шағында Ильяның талай әндерін шырқады-ау тебірентіп… Илья әндерінің бір ғажайыптығы сол – шалқып, кеудені кере айтқанда, қазақтың кең даласының рухы қанат бітіргендей болады.

Самалы жұпар жазғы бір кеште,

Ойласам болды Ыстықкөл жақты.

Айтылған сырлар түседі еске,

Оятқан сонда ақ махаббатты.

Осы әнге Ильяның өзі шығарған сөзі қалай қиюласқан десеңізші! Айтушының да, тыңдаушының да бар сезімін баурап алады. Мұнда сағыныш, арман, мөлдір сезім, іңкәрлік бүкіл болмысыңды құндақтап, бесікке бөлеп тербеткендей. Бұған қайырма жалғаса келіп, жан-жүйені сілкілеп-сілкілеп алады.

Тулайды жүрек, толқындай шалқып,

Аңсайды жүрек өзіне тартып,

Сағынтқан әнім, Әселім жаным,

Сағынтқан әнім, Әселім жаным.

Бұл  бір кезде жігіттер мен қыздардың мөлдір сезімдік шақтарының  айырылмас мәңгі досы,  сүйсіне , мақтана  шырқайтын  әні  болды.

Ильяның музыкалық шығармашылығындағы классикалық туынды – «Еділ – Жайық» әні. Бұл әннің құдіретті сазында  қай ұлт өкілінің де жүрегін жаулап алатындай ерекше қасиеті бар. Не деген алапат кең, не деген дархан шалқыма дүние десеңізші!

Асылы, Илья таланты қазақтың шетсіз де, шексіз даласы мен буырқана толқынымен аспанға шапшыған суларын жырлауға келгенде, қанатын жая жөнелетін қасиетке ие.

Құлпырады дала, гүлдейді орман,

Емізеді егіз Еділ мен Жайық.

Ақ шағала айдын, ақталған арман.

Тербеледі кеме, ойнайды қайық.

Кеудені кере баяу шырқатқаннан кейінгі:

А – а – а,  ағады шалқып,

Аққулары қалқып,

Еділ мен Жайық, – дегенде, өзіңнің туған жеріңе деген сүйіспеншілігің арта түскендей болады. Саз бен сөз бір- біріне үйлесіп,  қиюласып,  бойыңа мақтаныш кернетеді.

Илья – әнші. Оның әншілік өнерін  өзіміз тыңдап, көріп, риза болып, рахаттанып жүрміз. Егер ол әндерін сахнадан орындауды бірден дағдыға айналдырғанда, Ескендір Хасанғалиев сияқты шебер орындаушы бола алатындай мүмкіндігі зор. Себебі, Ильяда әсем  тенорлық дауыс бар. Және нағыз ер дауыс, нағыз ерлік дауысы, нағыз ұранды дауыс. Кең диапазон, шырқай жөнелгенде шексіз кеңістікті жаңғыртқандай, әлемді уысына үйірердей дауыс. Талай рет сахнада, той-томалақтарда, кездесудің алуан түрлі  сәттерінде еш іркілместен шырқай жөнелгенінде, жұрттың өндіршектері үзілердей, ауыздарын ашып  аңырап қалады.

Жұмекеннің:

Тентек үн кетіп еді дауылдап бір,

Аңқиып әр жерде бір ауыз қапты, – деп айтқанындай күй пайда болады.

Жалпы, Илья әні мен оның дауысын жақын бір арна десе болады. Екеуіне де композитордың өзінің ішкі адамшылық бүкіл болмысы қосылып, бүкіл организмі шығармашылық фокусқа түсетіндей. Сондықтан да, оның әндері адам сезімінің терең тұңғиығындағы домбырасының пернесі мен шегін дәл басып, алуан түрлі өзіндік күймен  тербете алады.

Композитордың алғаш туған әндерінің өзіне  мән бере тыңдап, зерттей қараған қазақтың музыка корифейлерінің берген бағалары таңғалдырады. Қазақ консерваториясының профессоры Василий Васильевич Великанов: «Мен бұл жігіттің біраз әндеріне аккомпономент жаздым. Ағылып жатқан мелодия. Ән формасын, әншінің дауыс мүмкіндігін керемет сезінеді. Әндері халық әндері секілді кең тынысты. Ұлттық колориті сондай жарқын», – депті. Профессор Латиф Хамиди: «Әндерінің біразы вальс. Менің стихиям. Бірақ, романсқа, қазақтың дәстүрлі әндеріне бейім. Осы жағы вальстен басымырақ. Бұл жағынан алғанда, Әбілахат Еспаевтың табиғатына жақын. Әндері салмақты. Ойлы. Мелодияға бай», – десе, профессор, қазақтың тұңғыш операларын жазған композитор Евгений Григорьевич Брусиловский: «Бұл жігіт – нағыз халық композиторы. Ешбір консерватория тұла бойы мелодист-композиторды оқытып шығарған жоқ. Әндерін көріп отырмын. Өзінің осы табиғатын бүлдірмейік. Шығаратын әнін сал-серілерше емін-еркін шығарсын», – деген екен. Нағыз музыка мамандарының, шеберлерінің, білгірлерінің  мұншама төгіле айтқан сөздері Илья табиғатын дәл таныған, дәл байқап бағасын берген.

Композитордың тек «Еділ – Жайық» әніне ғана айтылған лебіздерде шек жоқ. «Еділ – Жайық» – әннің төресі (Роза Бағланова)», «Илья Жақанов Еділ мен Жайықты қатар толқытып, қазақ халқының еңсесін көтерді» (Шота Уәлиханов), «Еділ – Жайық» – қазақ халқының гимні» (Асанәлі Әшімов), «Кейінгі кезде шыққан әндердің ішіндегі ең дүлдүлі – Ильяның осы  «Еділ  мен Жайығы»  (Еркеғали Рахмадиев). «Еділ – Жайықты» ел басшысы  болған,  қазақтың  біртуар  перзенті  Дінмұхамед  Қонаев Гүлмайдан Сүндетованың  орындауында  бірнеше  рет  айтқызыпты.  Елбасы,  тұңғыш Президент  Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаев  Ильяның  әндерін  жанындай  сүйеді.  Бойлай кездескен сайын «Толағай»  әнін  айтуын сұрайтын көрінеді.  Ал,  бір  кездесуде  Ильяның  бірнеше  әнін, «Толағайды»  қоса,  Президенттің  өзі  орындап  беріпті.

Ильяға  жар  қосағы  Тиышкүлді  ән құдіреті  табыстырған.  Тиышкүл – тамаша  әнші.  Бір  кезде  жас  жүректердің  дүрсілі  әнмен  бірге  соқса,  қазірге  дейін  сазға  бөлене мызғып,  сазға  тербеліп  оянады. Жаңа  туған  әнді  тұңғыш  рет  айтып, Тиышкүл  әннің тұсауын  үйде  кесетін  көрінеді.  Содан  кейін  ғана  елге  тарайды.  Илья  әндерін  қазір  қазақ  және  әлем  сахнасында  қазақтың  дүлдүл  әншілері  сүйсініп, үлкен махаббатпен орындайды.

Илья Жақанов туралы  қанша айтса да  тауысу  қиын.  Оның  сегіз  қырлы  феномендігі туралы  сөз  жыраулардың талай толғауларындай, күйшілердің домбыра  күмбіріндей   төгіле  береді. Бүгінгі  күні  кең  байтақ  еліміздің  бар аймағын, бүкіл  алты алашты Илья әндері құшағына алып, бауырына қыса, ғажайып сазымен баурайды.  Композитордың  өзі  елдің  қай  бұрышына,  қай   түпкіріне   барса да,  оны туған  бауырындай   қабылдайды.  Қазір  Илья  әні  қазақ  даласының  мөлдір  самалындай  есіп  тұр…

Қадыр ЖҮСІП,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің

профессоры, филология ғылымдарының докторы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз