АЛАШ АТЫН ҰРАН ЕТКЕН

Батырхайыр Ниязов туралы не білеміз?

Ел білетін Өмірзақ Қажымғалиев бұрын ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген білгір маман, шебер ұйымдастырушы басшы болып танылған болса, соңғы жылдары қаламы қарымды жазушылығын да терең байқатты. Оның «Дариға-дәурен», «Жанкешу», «Мақашпен қауышу» және басқа да кітаптарын жұршылық жылы қабылдады. Енді, міне, Өмекеңнің зерттеушілік еңбектері де облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жиі жарық көріп, ғалымдық жаңа қырымен көрініп отыр. Алды жеке кітап болып та шығып жатыр.

bvcbc5df Өмірзақ Қажымғалиевтің Атыраудың, Астраханның, Оралдың және басқа да мемлекеттердің мұрағаттарында көз майын тауыса сарылып, өлкеміздің шежіресінің беймәлім беттерін, біртуар тұлғаларымыздың талайлы тағдырының ақтаңдақтарын аршыған еңбегі лайықты бағаланып, оған таяуда Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі атағы берілді.

Біз де газетіміздің тұрақты авторы және жанашыры, абзал ағаны құрметті атағымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, тың шығармашылық табыстар тілейміз. Осыған орай бүгін оның жаңа зерттеу мақаласын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
«
Алаш», «Алаш қозғалысы», «Алаш партиясы», «Алаш орда үкіметі» сөздерді кеңестік кезеңде еміс-еміс естісек те, түп маңызын білмедік. Олар жөніндегі мағлұматымыз ұлтшылдықты насихаттаған, ескілікті қозғаған, кертартпа идеямен уланған топтар ретінде ғана болғаны аян. Ұлттық құндылығымызды тануға кең жол ашқан Тәуелсіздік таңының атуына байланысты тарихымызды зерделеп тану жолындағы зерттеулер нәтижесінде жазылған кітаптар, ғылыми мақалалар көп нәрсені білуге септігін тигізді. Санамыздағы қараңғы түнекке сыздықтап сәуле түсіп, елім, халқым деп шәйіт болған ардақтыларымыздың өмір жолы мен ұстанымдарын тани бастадық. Солардың бірі – Бөкей ордасындағы ұлт мүддесін қорғауға белсене араласқан Батырхайыр Ниязов.
Батырхайырдың әкесі Жүсіп Ниязов – Орынбордағы Н.Неплюев атындағы кадет корпусын Мұхамбет-Салық Бабажанов, Мақаш Бекмұхамбетовтермен бірге оқып бітірген, елге оралған соң әртүрлі деңгейдегі басқару қызметінде болған көзі ашық адам. Ел арасында жазғаны кері қайтпайтын «Соқыр Жүсіп» атанған кісі. Міне, осындай белгілі де текті тұлғаның 1872 жылы туған ұлы Батырхайыр да Жәңгір мектебінің түлегі, Петербордағы империялық университеттің заң факультетін І дәрежелі дипломмен тәмамдаған. Губернатор кеңсесінде, Бөкей ордасының уақытша кеңесінде түрлі лауазымда жұмыс атқарып, 1896 жылы Торғын қисымына правительдікке тағайындалған.
Мұрағат деректерінде сөйлесек, «Уақытша кеңестің» төрағасы, генерал-майор В.М.Лазеревский «Шені не жұмыс тәжірибесі болмаса да, одан Ресейге адал жұмыс жасайтын қызметкер шығатынына кәміл сенемін, университетті І дәрежелі дипломмен аяқтағанын қаперге алып, Орданың Торғын қисымына правитель етіп тағайындауыңызды сұраймын» деп Астрахан губернаторына қатынас қағазын жолдаған екен (1-қор, 9-тізбе, 932-іс).
Сөйтіп, губернатордың 1896 жылы 6 қазанда оны жұмысқа тағайындаған жарлығы шыққан. Батырхайырға толтырылған жеке істе (формулярный листок):
«Батырхайыр Юсупович Ниязов әскери старшина отбасында туған. СПБ университетінің заң факультетін 24 жасында І дәрежелі дипломмен (30/V-1896 жылы) бітірген. Діні – мұсылман. Зейнет атты жас әйелі бар, ол да – мұсылман қызы. Б.Ю. Ниязов ішкі Қырғыз Ордасының Торғын қисымының правителі болып тағайындалды. Еңбек ақысы – 450 сом. 6 қазан 1896 жыл» (1-қор, 9-тізбе, 932-іс).
Ол екі жылдан кейін, яғни 1848 жылы Таловка қисымының правительдігіне ауыстырылады. 1900 жылы Қалмақ қисымына сондай лауазымға тағайындалады. Онда жеті жыл правительдік қызметін атқарып, 1907 жылы «Уақытша кеңестің» төрағасы, генерал-майор А.И.Новицскийдің бірінші кеңесшісі жұмысына алынған («Памятная книжка» атты Астраханның деректі жылнамасынан).
Ұлтжанды азамат осындай жауапты қызметтер атқара жүріп, өз халқының теңсіздігіне, ой-өрісінің дамуына салынған тұсаудан арыла алмай жүрген мүшкіл халіне жаны ашиды. Тәуелсіздікті аңсайды, басқа жұрттармен терезесі тең болуды армандайды. Олардың жігерін арттырып, қоғам дамуын, оның заңдылықтарын түсіндіретін мәдениетке, білімге жол ашатын газет деп түсініп, оны шығару жолында қызмет жасайды.
Батырхайыр Ниязовтың Алаш қозғалысының бастауында тұрған азаматтардың бірі деу себебіміз – ол 1911 жылы «Алаш» газетін шығаруға ниеттеніп, Астрахан губернаторына екі мәрте сұрау (прошение) жолдағандығы. Хат орыс тілінде жазылған. Астрахан облыстық мұрағатында бұл іс 1218, 1-қор, 2-тізбе, 5,10 беттерде сақталған.
Бірінші жолдаған сұрауының мәтінінде «Алаш – қырғыздардың түпкі атауы» деп көрсете келіп, сол атпен газет шығаруға рұқсат сұрайды. Газеттің «1 санының жылдық құны – 4 сом, жарты жылға – 2 сом, үш айға – 1 сом, бір данасы – 6 тиын» деп көрсеткен. «Б.Ординский советник В.Ю. Ниязов» деп қол қойған.
Губерния басшылығы Ниязовтан газеттің толық бағдарламасын қайдан және қай баспаханадан басылатындығын анықтауға тапсырма береді. Айтылған талаптарын орындап, екінші рет жолдаған сұраудың жалпы мәтінінде Астрахан губернаторына «Алаш» газетінің бетінде:
1) Қырғыздарға қатысты ресми хабарлар.
2) Елдің мәдениеті, олардың отырықшылыққа көшуі және басқалар.
3) Әр газеттерден ішкі және сыртқы жағдайлар жөнінде хабарлар.
4) Жедел хаттар.
5) Далалық облыстан және ордалықтардан хат- хабарлар.
6) Фельетондар, ғылыми негіздегі мақалалар, түрлі жанрдағы әңгімелер, кейде аударма материалдар жарық көретіні айтылады.
Газетті 1912 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Окур-Апресянц» баспаханасынан шығарылатынын жазған. Өзі редактор бола отырып, қатаң бақылаумен жарияланатын бағытта ұстаным болатынын көрсетіп, 1911 жылдың 28 қыркүйегінде «Б.Ордасының кеңесшісі Батырхайр Юсупович Ниязов» деп қол қойған.
Жазбаша түскен сұрау бойынша сол жылдың қыркүйек айының 12 жұлдызында губернатордың орынбасары және канцелярия басқарушысы қол қойып, Астраханның Губерниялық жандарм басқармасына Батырхайыр Жүсіпұлы Ниязовтың саяси сенімділігі жөнінде анықтама беруге құпия түрде «572 С» санды қатынас жолдапты. Алайда, Астрахан Губерниялық жандарм басқармасы 1911 жылдың 13 қазанында №6139 қатынас арқылы өзінің басқармасында Батырхайыр Ниязов жөнінде ешқандай мәлімет жоқтығын жеткізеді. Талаптарына тиянақты жауап ала тұрса да, губерния канцеляриясының басшысы «канцелярия просит выяснить постоянное место жительства Ниязова» деп, ішкі Қырғыз Ордасын басқаратын уақытша Кеңестің басшысынан құпия сұрау салады.
Батырхайыр Жүсіпұлы ұзақ уақыт Самар губерниясының Малый Узень селосында тұрған. Алда Астрахан губерниясының Талов поселкесіне тұратындығы туралы жауап берілген. Мүмкін, «іздегенге сұраған» болды ма, нақты айту қиын. Болжауымызша, қазақтардың дербес газет шығаруына билікшілер мүдделі болмаған. Ілік іздеп тапқан сылтаулары губернатордың қайтарған жауабында «газет шығарушының тұрақты тұрағы – Астраханның шегінде болуы керек. Ол мәселе шешілгенше мәселені қарау кідіреді» деп жауап берген.
Міне, «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген – осы. Оның еліне қызмет жасап, халықтың ерік-жігерін білдіретін, ұлтты біріктіруші, оның тәуелсіздік жолындағы күресін топтастырушы идеялық орталық болатын баспалық үнжария шығару ниеті іске аспады.
Батырхайыр Жүсіпұлы Ниязовтың газет шығару сұранысына губерния басшыларының тоқтау салуының басты себебі жөнінде белгілі ғалым Мақсат Тәж-Мұрат қисынды пікір жазды. Оның Бөкей Ордасының, жалпы Қазақ елінің сол тұстағы саяси-әлеуметтік өмірін зерттеген «Ғұмар Қараш» ғылыми еңбегінде «…Өтініш иесі газетті Астрахандағы «Окур-Апресянц» баспаханасынан шығармақ ойы барын мәлімдегенімен, газеттің бағдарламалық жобасы жағынан Астраханды кенеу тұтқызатындай толымды программа ұсына алмады, оның үстіне болашақ басылымның ұлтшыл аты да шошытса керек, патша әкімшілігінің бюрократиялық аппараты ежелгі әдісіне салып, әйтеуір ілік тапты. Тексеру кезінде Ниязов өзі жазғандай, Самар губерниясына қарасты Малый Узень слободкасында емес, Ішкі Орданың Талов қисымындағы ауылында тұратыны анықталды. Соңғы жайтқа айрықша мән бере қалған Соколовский «Ниязов қашан Астрахан қаласына тұрақты тұратын болып көшіп келгенге дейін газет шығару мәселесін кідірте тұру» жөнінде шешім қабылдайды. Бұл тарихта бізді ойландыратын үш жайт бар. Біріншіден, газет атының таза ұлтшылдық сипаты, осы орайда «Алаш» сөзінің алғаш рет ресми мақсатта қолданылуы…» деп көрсетеді.
Ғалымның келесі бір тұжырымы:
«…Бір кезде Бөкейлікте сәті түспеген «Алаш» ұранды газеттің Ташкентте щығуының өзі ой саларлық. Батырхайыр Ниязовтың, Бақтыгерей Құлмановтың «Алаш» ұранын бірінші боп саяси қозғалыс атына шығару талабы Кіші жүз ішінде кең тараған Алаш жайлы ескі әфсана-аңыздан бастау алуы бек мүмкін. «Қазақ» этнонимін ХVІІІ ғасырдан бастап қана этникалық бірлікті білдіретін атауымен жарыспалы мағынада пайдаланған. ХІХ ғасырдың аяғына дейін қазақ арасында, соның ішінде Бөкейлікте «Алаш» ұғымы тарихи сананың басты анықтаушы болғандығына белгілі қоғам қайраткері Мақаш правительдің (Мұхамеджан Бекмұхамедов) «Алаш » сөзінің мәнін Тұранда жасаған Абдолла хан заманынан шығаруы – бір дәлел. Негізінде алапес боп туып, айдалаға апарып тасталған, кейін өзі сияқты тастанды үш жүз балаға бас иелік етіп, жұрт дәрежесінде жеткізетін Алаша (Алапес) хан жайлы аңыздың арғы төркінінде тарихи шындық жоқ емес. Абай, Шәкәрім «Алаш» төркінін Тұранмен, соның ішінде шағатай тұқымымен байланыстырады. Ал «Бабырнамада» осы есіммен белгілі Алаша хан – шағатай Жүніс ханның бір ұлы Сұлтан-Махмұт кейін қазақ даласына кетіп, қалмақтар мен моңғолдарға қарсы соғыста қатты қайрат көрсеткендіктен қалмақша «қанішер» «алаш» атанған. Соған қарағанда Сұлтан-Махмұттың өмірінің бұл тұсы ортаазиялық сопылар тарапынан Қазақ Ордасын құру кезеңіне қатысты.
Осы Алаш (Алаша) хан мен Алшын тайпалық бірлестігі атауының арасын байланыстыратын Мұхамеджан Тынышбаев «Алаш» ұраны әуелде Алшын ішінде өрістеді, Кіші Орда осы ұранмен құрылды деген ой түйеді. Кейінгі зерттеушілер осы жорамалды тарата келіп, «бір кездегі ірі ұлыс – Алшын «ан » (он) парсы морфемасы тіркеліп алашан (алаштар) боп түрленген, осыдан «алаш» атауы шыққан» деп біледі /210,74/. Архангелді орыстар тілінде «алашь» – «очаг для варки, шесток на носу лодки», яғни қайықтың алдыңғы жағы /211,314/. Алшын да үш жүздің алдыңғы жауынгер легі. Жалпы, М.Тынышбаев Кіші жүз тарихына қатысты деректердің денін сол жылдары Ташкентте тұрған Халел Досмұхамедовтен алғанын ескерсек, соңғы тұлғаның өзіміз зерделеп отырған Мәскеу кеңесінде съезді Ташкентте өткізу ұйғарымына іркілмей қол қою себебін ұққандай боламыз. Негізі ой: қазақты рух, Алашты ұран ету, екеуін қосып заманға сай идеология жасау» делінген (Мақсат Тәж-Мұрат. «Ғұмар Қараш» кітабы. 164 бет).
Кейіннен «Қазақстан» газетін шығаруға Б.Ниязов белсене араласты. Бұл жөнінде Мақсат Тәж-Мұрат: «Баспасөз тарихын түзушілер осы орайда «Қазақстан» газетіне «бай меценат және модернизмнің қызу жақтаушысы сұлтан Шәңгерей Бөкеев пен Құлманов жетекшілік жасады» деп жазады, сондай-ақ, газет редакторлары ішінде Батырхайыр Ниязов, Мұхаммед Құраш тәрізді жас жазушылар болғанын айтады»,- деп көрсеткен.
Газет басқармасы Борсыда жайғасып, ресми редактор-шығарушысы Елеусін Бұйрин, қазақша жағын дұрыстаушы Ғұмар Қараш болады. Оның алғашқы нөмірі Ордада 1911 жылғы 16 наурызда шыққан.
«Қазірде Санкт-Петербург көпшілік кітапханасының Купчинодағы филиалында сақтаулы тұрған газеттің бірінші нөмірінің аяқ жағында «Орда қаласы. Апресьянц пен Окурдің типографиясы. Астрахань» делінген. Демек, баспахананың түпкі адресі ретінде Орда көрсетіліп, материалдар Борсыдан пойызбен тікелей Астраханға жеткізілген» (М.Тәж-Мұрат. «Ғұмар Қараш» кітабы, 69- бет).
Қазақтың қалың бұқарасының мүддесі үшін олардың бейбіт өмірін сақтауға жұмыстанған Батырхайыр Жүсіпұлы Ниязов – Бірінші дүниежүзілік соғыста әскердің қара жұмысына қазақтарды алу жөніндегі Жарлыққа қарсы шыққан зиялы азаматтың бірі. Қалың елді дүрліктіріп қолға қару алып, патша жарлығына қарсы көтеріліс жасаудың нәтижелі болмайтынын алдын ала сезген. Мәселені қантөгіссіз, келісіммен шешуге баса күш салды. Саратов қаласында соттың статсь секретарының көмекшілік қызметін тастап, елге келіп патша ағзамға ішкі Бөкей Ордасы тұрғындары атынан құзыр хат даярлаған. Оны тапсыру үшін екі правительді ілестіріп, Петерборға сапарға шыққаны жөнінде Астрахан губерниясының жандармерия басқарма бастығы құпия түрде Ресейдің Ішкі істер министріне хат жолдаған. Бұл хаттың көшірмесін 1996 жылы Ордадағы мұражайдан көрдік. 2011 жылы күз айларында Ордадағы Хан ордасы мұражайы кешенімен танысып, сол құжатты таба алмадық.
Халқымыздың Тәуелсіздігінің бастауындай Хандық биліктің тарихын зерделеудегі ыждағаттылық, біздің жарқын болашағымыз үшін күрескен арыс азаматтарымызға олардың еңбегіне бас иіп қойған ескерткіш болатындығын ескеруіміз керек.
Дербес елдікті мұрат еткен сол тұстағы қазақ қоғамының барлық жоғын қамтитын Алаш қозғалысының бел ортасында болып, бірегей жұмыс жасаған, бостандықты аңсаған ерлердің бірі Батырхайыр Жүсіпұлы Ниязовтың жан-жақты дайындалған іскер басшы, алымды күрескер екені өмір жолынан анық көрінеді.
Ел басына күн туып, 1917 жылғы алмағайып заманда елді ентіктірмей алып шығатын сенімді тұлға ретінде таңдау Батырхайыр Ниязовқа түскен. 1917 жылғы ақпан төңкерісінің оң әсерімен қазақ халқының басын қоса шаруа жасап, әлеуметтік -саяси жағынан ілгері басуға жетелеу сәті түскен.
Ішкі қырғыз ордасын басқаратын кеңестің төрағасы Подгурский және оның кеңесшілері Климов пен Болдырев жергілікті халыққа жайсыз шаралар алып, түрлі алым-салықтарды өз беттерімен жинаған. Қорқыту, үркіту зорлық-зомбылықтан жергілікті тұрғын қазақтар зәбір шегіп, арыздануға мәжбүр болады. Губерниялық комиссар Бирюков жағдаймен танысып, «Орданың комиссарлығына тағайындалуы қателік болған» деп кеңестің төрағасы Подгурскийді жұмыстан босатып, Орданың аумағынан шығарғаны жөнінде мұрағаттық (Астрахан, ф 1, опись 2, дело 495) құжат бар. Осылайша, Бөкей Ордасын басқаруға тұрғындардың жағдайын жақсы білетін, ішкі, сыртқы қатынастарды меңгерген, басқару жұмысында ысылған Батырхайыр Жүсіпұлы Ниязовты «Ішкі Қырғыз Ордасының» уақытша комиссарлығына тағайындады. Ол жөніндегі құжаттың толық мәтіні қолымызда бар.
Комиссарлыққа тағайындалған Б.Ниязов Бөкей Ордасында қазақтың өкілетті үкіметін құру үшін белсене кірісті. Орда зиялыларын өз маңына топтастырып, жаппай елге шығып, барлық бөлімдер мен болыстарын округтерде түсінік жұмыстарын жүргізіп, жиналыстар өткізді. Бөкей Ордасының тұрғындарының уәкілдері түгел қатысқан съезді ұйымдастыру жұмысына толық кіріскен комиссар ауылдар мен қисымдарда, округтерде, жалпы Ордалық съезге делегат уәкілдерін сайлауды қолға алады. Жиналыстың өз мәнінде өтуіне және сайлаудың әділ болуын қамтамасыз етеді. Қызу іс, күні- түнгі тынымсыз жұмыс өз нәтижесін берді. Халқының көксеген еркіндігі мен бостандығын сезіну шабытына шабыт қосты. Алаш идеясы жүзеге асып, тәуелсіздіктің таңы жақындағанын білді. Оны халыққа түсіндіруден жалықпады. Елдің белсенділігі артты, бостандық таңын көлеңкелеуге ниеттенгендердің бетін ашты. Оларды ел арасынан қуды, сондай бір деректі архив құжаттарынан кездестірдік. Болыстық старшина Ирмековтің халықтан заңсыз алым алушылығы, бұрын ұрлық -барымтамен шұғылданушы Кенжеғалиевті және Алгазьевті қолдап пайдаланатыны жөніндегі арыз-шағымдарды қарады.
Батырхайыр Ниязов және басқа да қазақтың ұлт зиялыларының алдына қойған мақсаттары съезд шешімі мен орындалу жолдарын анықтады. Біріншіден, үкімет билігі жергілікті халықтың қолына көшті, олар ел басқару органдарына төменнен жоғарыға дейін ұлт уәкілдерін сайлады. Бұл Қазақ елінде Алаш идеясын жүзеге асыруда Алашорда қозғалысының тарихында ерекше орын алған алғаш өткен съезд болатын. Кейіннен Торғай, Орал, Семей,Ақмола облыстарында қазақтардың съезі сәуір айларынан бастап өтті. Олардың пәрмені биіктен көріне алмады. Өйткені съезді шақырған және өткізген жаңа құрылған еріктілері белгілі дәрежеде шектеулі қазақ комитеттері болатын. Әр аймақтағы саяси жағдай ұлт кадрларының саяси өсу деңгейі және басқа да себептердің әсері болғаны байқалады.
Батырхайыр Жүсіпұлы Ниязов алымды жұмысын Алаш идеясын жүзеге асыруға арнады. Бөкей Ордасындағы, «Ханско-ставочный комитетке» халықты қарсы көтеріп, билік бермеді. Ұлттық теңдікті көксеген қайраткер Қазақ елінің тәуелсіздікке жетіп, дербес мемлекет болуын армандады. Ордадағы бұрылуға мұрша бермейтін қайнаған шеті де, шегі де жоқ жұмыстың арасынан уақыт тауып бөкейліктен делегат болып, 1917 жылғы Орынбор қаласында өткен жалпы қазақтың І, ІІ съездеріне қатынасты. Шілдедегі І съезде Ресейде қыркүйекте болатын құрылтайға делегат болып сайланды. Желтоқсанда Алашорда үкіметін құрған ІІ съезде Алашорда үкіметінің құрамына кірді (Алаш Орда құжаттарының жинағы, 51, 71- бет.)
Алаш идеясымен қаруланған ұлтжанды Бөкей зиялылары аумалы -төкпелі замандағы саяси ахуалда Большевиктер партиясын қолдады. Оның саясатын жүзеге асыруға белсене араласты. Алайда, Алаш азаматтарының «Ұлттық үкімет», «ұлт тәуелсіздігі» дегендерін ұлтшылдыққа жатқызды. Бұл дүрбелең Бөкей ордасын айналып өтпеді.
Батырхайыр Жүсіпұлы Ниязовтың 1921 жылы 20 қарашадан кейінгі өмірі беймәлім. Білетіндер табылып біздің деректерімізді байытса, Алаш азаматының еңбегіне бас иіп жасалған құрмет деп есептейміз. Бұл мәселе күн тәртібінен түспейді. Бұл – ұлтын сүйген әр азаматтың ардақты борышы.

P.S. Қытай халқының ұлы данышпаны, саяси ойшылы Конфуций: «Тарихын білмеген адам мәңгүртке тең» деген екен. Өткенімізді білу, ұлы даналарымызды ардақтау – санасы биік халыққа тән абырой, ұлттық идеямыздың бастауы. Міне, сондықтан да, өшкенімізді жағу – міндетіміз.
Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» дастанындағы:
«Құрметтер ел, жан болсаң затың жақсы,
Талай ғасыр жаңғырар атың жақсы» деген бәйіті Батырхайыр Ниязов сынды жандарға арналғандай, олардың есімі тәуелсіз Қазақ елінің тарихында алтын әріппен жазылатынына сенімдіміз.

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Шыныбай

    Мен Батырхайыр Ниязовтын Рустем атты улынын кызы Айгулдин жолдасымын (куйеуимин). Шыныбай

  2. Шыныбай

    хорошо

  3. Шыныбай

    Кешириниздер кате кетти. Мен Батырхайыр Ниязовтын Рустем атты улынын Амантай деген улынын кызы Айгулдин (шобереси) жолдасымын (куйеуимин). Шыныбай