АҚЫНДАРДЫ ҚАМҚОРЛАҒАН АДАМ ЕДІ

(белгілі  журналист  Саламат  Хайдарұлы  туралы  бір  үзік  сыр)

Каспий өңірінде талантымен танылған бір жан болса, ол  қарымды қалам иесі, жұртына белгілі журналист Саламат Хайдарұлы болатын. Ақты ақ, қараны қара деп жазатын ол кішіге қамқор, үлкенге ізет көрсеткен қайталанбас дара тұлға еді. Тіпті, Жайық жағалаған арманшыл ақындарды қанатының астына алып, қияға ұшырған қарт қыран болғанын қайтерсіз?! Мен оның көп айтыла бермейтін қырлары мен Атырау мәдениетіне сіңірген үлкен еңбегіне тоқталып өткім келеді.

1945 жылдың 1 тамызында сол кездегі Гурьев мәдениет үйінде мал шаруашылығы озаттарының кеңесі алдында  үлкен айтыс болды. Соның басы-қасында Қазақстан Жазушылар Одағының Батыс аймақтағы өкілі  Саламат Хайдаров жүрді. Түрлі облыстардан келген  талантты ақындардың басын қосқан ол зор ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Мен Новобогат ауданы атынан шығып, Теңіз ауданының ақыны Жәмек Оспановпен сынға түскенім әлі есімде. Жәмек сол кездегі «Социалистік Қазақстанның» меншікті  тілшісі еді. Ірі аудан саналған Теңізге қарағанда Новобогаттың жеткен табысы орасан зор болатын. Сол сияқты Берік Қорқытов – Гурьев қаласының, Құмар Жүсіпов Индер аудандарының намысын қорғады. Ол кезде ақындар ауданның  жетістігі мен кемшілігін жіпке  тізіп айтатын. Қоғамда маңызды роль атқаратын айтысты халық сағына күтіп отыратын. 

Соғыс жылдары айтыстың алар орны ерекше еді. Өйтпегенде ше?! Азаматтар майданға аттанды, қарттар мен әйелдер тыл еңбегінен босамады. Рухты жырлар бойға қуат беріп, жеңіске жігерлендірді, ел еңсесін көтерді. Сәкеңдердің ұйымдастыруымен ұмыт болған ұлы өнер аяғынан тік тұрды, жалынды жырлар баспасөз бетіне жарияланды. Оның партия ұйымдарымен бірлесіп атқарған жұмыстары да бір төбе.

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Жәмек Оспанов «Атырау» газетінің 1994 жылғы бір санында: «Сәкең облыстық әдеби бірлестік ұйымдастырды. Оның проза, поэзия және драма секциясы болды. Әдеби бірлестіктің мүшелері – бүгінде белгілі ақын, марқұм Берқайыр Аманшин, Атырау облыстық газетінің бұрынғы редакторы Түсіп Бисекенов, ғалымдар Сабыр Қазыбаев, Қабиболла Сыдиықов, ақын Жәрдем Тоғашев және басқалар. Редакцияда бөлім меңгерушісі болып жемісті еңбек еткен ол бұрқыратып жиі жазды. Әсіресе, фельетондары тартымды да өткір, қызғылықты еді:

Башковатый бәйбіше

Баласын тастап кетпекші,

Дыңғырында мыңғыр жоқ

Опасыздықпен өтпекші, – деген жолдары, «Сегіз апа, бір жезде» секілді фельетондары облыс халқының есінде қалды. Сосын Алматыға жұмысқа ауысып, «Қазақстан» баспасында редакция меңгерушісі болды. Сол кезде екі кітапшасы – «Өрлеу жолында» публицистикалық еңбектері және «Теңіз самалы» атты очерктері жарық көрді. Оның аудармаларының өзі бір төбе болатын» деп жазады.

Мен 1946 жылы Алматыға жыр алыбы Жамбылдың жүз жылдық мерейтойына шақырту алдым. Бірақ, Сәкеңді белгісіз себептермен жібермей тастады. Белгілі Мұрат ақынның жалғыз ұлы Дәулетқали Мұратов та ауырып қалуына орай бара алмады. Сөйтіп, ақындар болып Құмар екеуміз делегацияны бастап барған едік. Сол жолғы айтыстың тұсауын Берік пен Сұраубай ақындар кескен болатын. Бекеңнің «бісмілләсі»:

«Тұрмаймын сөз бергенде

асып-сасып,

Өнерім он жасымнан

келеді асып.

Қияға көзін тіккен

бала бүркіт

Мен едім түлкі алған

сонар асып».

Сұрекеңнің берген жауабы:

«Піспейді мерзімімен

нандарыңыз,

Аши ма халқыңызға

жандарыңыз?

Күйдіріп, өртеуменен

жүресіздер,

Келмей ме жұмысшылар

алмағыңыз?»

Осынау өнердің кіл қаймағын қалқи білген Саламат Хайдаров біз үшін ұлағатты ұстаз, қолдаушы да, қорғаушы аға болатын. Орталық газеттерге өлеңдерін жариялап тұрған Тәжібай Текеев сынды Атыраудың біраз ақындарына өмірлік жолдама берген де – осы Сәкең еді. Сол кездегі жасы ұлғайған ақындар, жетпіске таяған мақаттық Сұраубай Үттібаев, сексенге келген маңғыстаулық Сәттіғұл Жанқабылов деген қарттарды да көтермеледі. Сәкең осылайша Гурьевте біраз қызмет етті, кейін жұмыс барысымен Маңғыстауда болды. Артынша отбасымен Алматыға көшіп кетті. 

Сонымен бірге, ол – үбірлі-шүбірлі үлкен отбасының да тірегі болды. Сүйікті де сырбаз зайыбы Дина апай екеуі алты бала өсіріп,  ондаған немерені бағып-қақты. Ұлдары Марат, Қалмұрат, Қажымұрат, Қайырболат, Нұрбақыт, қызы Гүлмира – бәрі де жоғары білімді, белді-белді қызметкерлер. Ағаның торқалы тоқсан жасын «егемендіктер» дүркіретіп өткізді. Еліміздің бас газетіне мен, Құмарғали Ғабдешұлы, Тілек Дәулетов, Қазихан Қабдел, Жолдасбек Шөпеғұл бар, ағаның бір топ әріптестері құттықтау лебізімізді де жолдаған болатынбыз. Ал тоқсан алты жасқа қараған шағында Сәкең бұл жалғанмен мәңгіге қош айтысты…

Соңғы демі үзілгенге дейін өзімен түйедей құрдас «Егемен Қазақстаннан» қол үзбеді. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі қызметін он жыл абыроймен атқарды. Қазақ әдебиетінің нар тұлғалары Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетовтермен тығыз шығармашылық байланыста болды. Сонау Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосовтардай шоқтығы биік тұлғаларға тәлімгер болғанынан-ақ ұстаздың абырой-беделін бағамдай беруге болады.

Иә, зымырандай зулаған уақыт шіркін керуен көшін әрі жалғап, тірлік заңы өз дегенін жасап жатар. Ал Сәкең болса,  кейінгі ұрпақтан ақылы мен нақылын, шын пейілі мен ақ батасын аямаған абыройлы ақсақал күйінде қаламды серік еткен жандардың санасында ұзақ жаңғыра бермек… 

Шөпенғали ДӘУЕНОВ,

ардагер журналист,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз