ӘКЕ САЛҒАН СОҚПАҚПЕН

Марқұм Өтеп Балғымбайұлы қазақ мұнайының дамуында өзіндік ізін қалдырған, талай іргелі істерді атқарған азамат еді. Оның ұлы Нұрлан да әке соқпағымен талай биікті бағындырды. Елбасы республика үшін қиын кезде үлкен сенім артып, Үкімет тізгінін де ұстатты. Мемлекет басшысының таңдауы кез келгенге түспейтіні де белгілі.

Өзім де мұнайшы болғандықтан Нұрлан Өтепұлымен қызмет барысында талай дидарластым. Ол ел егемендігінің алғашқы жылдары Мұнай және газ министрі ретінде «қара алтын» өндіру мен оны өткізу тетігін таба білді. Турасын айту керек, сол қиын кезде экономикамызды көтерген мұнай-газ саласы ғой. Құдіретті делінген Кеңес Одағы құлап, әр республика өз алдына шаңырақ көтерген сәтте бұрынғы байланыстар да бұзылды. Дайын өнімді қайда тасымалдау мәселесі туындады. Оны өткізе алмасақ, бюджетке де түк түспейді. Міне, осындай сын сағатта Нұрлан Өтепұлы Ресейдегі әріптестерімен тіл табысып, тығырықтан шыға білді. Бұған оның КСРО кезінде Мәскеудегі министрлікте басшылық қызмет атқарғаны да сеп болды. Сөз ретінде айтар болсақ, ол – сол шақта одақтың төрінде басшылық жұмыста болған жалғыз қазақ. Білімімен де, білігімен де өзін баршаға мойындата білді.

Ол, шын мәнінде, қазақ мұнайшыларының ұлағатын ұлықтап, үмітін үкілеген жан еді. Сол жолда баршаны жұмылдыра білді. Шынайы көшбасшы ретінде алға жетеледі. Ол мұнайшы мамандығын жүрегімен таңдады. Жоғары оқу орнын тәмамдады. Қызмет сатысының ең төменгі буынынан бастап, республика мұнайшыларының жетекшілігіне жоғарылады. Кейін ел Үкіметін де басқарды. Соның бәрінде де Нұрлан Өтепұлы Қазақстан экономикасының локомотиві – мұнай-газ саласын дамытты. Таңғажайып Теңіз, қазыналы Қарашығанақ  кеніштерінің келешегін болжады. Каспий теңізі түбінде көл-көсір байлық бар екенін алғаш айтқандардың бірі. Атырау мен Маңғыстау даласындағы кен орындарының қайтарымдылығы жолында тер төкті. Қазақ мұнайын Қара теңіздегі Новороссийск порты арқылы дүние жүзіне таратуға күш салды. Сайып келгенде, КҚК-Қ құбырының тұсауын кескен де өзі еді. 

Нұрлан Балғымбаев, сөз жоқ, жарқын ғұмыр кешті. Елбасының сенімді серігі, қанаттас қайраткеріне айналды. Азамат десе де, қазанат десе де жарасар тұлға еді ғой. Кішіні қамқорлауы, үлкенді сыйлауы ерекше болатын. Сафи Өтебайұлы, Бөлекбай Сағынғалиұлы, Қуаныш Құдабайұлы, Мұханбет Айтуұлы, Жолдасқали Досмұхамбетұлы сынды мұнайшы абыздардың алдын көрді, оларды ерекше құрметтеді. Соған сәйкес өзі де лайықты мерейге бөленді. Тірісінде талайдың ыстық сезіміне ие болды. Мұнайлы өлкеде әлі талай тамаша адамдар өмірге келер. Бірақ, әй қайдам, Нұрландай бола алмас…

Мақсот ҚИЛЫБАЕВ,

 Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы,

«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз