АҚТАҢДАҚТАР АҚИҚАТЫ ӘЛІ АШЫЛҒАН ЖОҚ

Қазақ оқығандарына қарсы 1929-1931 жылдардағы қудалау науқаны алдымен  ресми түрде діни қызметкерлердің соңына шам алып түсуден басталды. 1928 жылы ірі байларды қудалаудан басталған зұлмат 1931 жылы «ұлтшылдарды», 1934 жылы «солшылдарды» жаппай атқан науқанмен жалғасып жатты.

 

НАХАН ЫҚЫЛАСОВ КІМ ЕДІ?

Мұның барлығы 1926 жылдың желтоқсан айында өткен БК(б)П қазақ өлкелік комитетінің пленумында «оқыған қазақ коммунистерінің арасында ауылдағы ауқатты топтардың көзқарасын қолдайтын, Алашорда идеологиясынан қол үзбегендер көп» деген пікірлердің тарауынан кейін басталған еді. Кейін бұл «идеялық күрес» 1929 жылы қазақ интеллигенциясының ықпалды тобына қарсы ашық репрессияға ұласты. Халқымыздың рухани мәдениетін сақтаушы және қорғаушы, дамытушы болғандар жаппай түрмеге тоғытылып, енді біреулері жер аударылып жатты. Жиырма жылға жуықтаған жаппай қудалау осылайша ұлттық жас интеллигенцияның бетке ұстар 67 мың өкілін жұтып кетті.
Қазақ оқығандары туралы сөз еткенде ескеретін бір жайт, 1920 жылғы санақтың қазақтың екі пайызын сауатты деп көрсеткендігі белгілі. Бірақ, бұл қиялдан туған жалған ақпарат еді. Айтылып жүргеніндей, оған ескіше оқығандар енбеуі мүмкін. Бірақ, мұсылманша жоғары білім алғандар сауаттылар қатарына енген сияқты. Мұсылман жоғары мектебі, яғни медресе бітіргендер жиырмасыншы жылдары өздері толтырған құжаттарда қайда оқығандарын атап айтып, «мұсылман мұғалімдер семинариясы» деп ашық көрсетіп отырған. Ендігі гәп, олардың 120 мың сауаттылар ішіндегі үлесін анықтау.
Осы жерде айта кетерлігі, қазақтың жігерлі жастары білім іздеп, Әл-Кахри (Каир), Мекке, Мәдине, Ыстамбұл, Бағдат, Бұхар тәрізді үлкен шаһарларға барып оқыған. Бұл оқу орындарын бітіргендерді зиялы қауым қатарына қоспау – үлкен қиянат. Қазақ қоғамының дамуына діни жоғары білім алғандардың ықпалы ерекше болды. Олар қай уақытта да халықпен тығыз байланыста өмір кешті, елдің дамуына бағыт беріп отырды. Олар діннің мән-мазмұнын, мағынасын, көздейтін мақсатын жақсы білген, өздері дін жолынан айнымай, басқаларды да осы жолға салуға қызмет еткен. Олар шариғатты жан-жаққа тартып, тәлкекке салмаған. Мынау бай, мынау кедей деп халықты алаламаған. Дүниеге, мал-мүлікке қызығып, әділетсіздікке бармаған. Бала оқытып, елдің көзін ашуға атсалысқан. Халық алдында да адал болып өткен. Осы қасиеттерімен оқыған молдалар ел есінде сақталды.
Бірақ, Кеңес одағының мұсылман республикаларында 1928-1931 жылдары ірі байларды, дін иелерін азаматтық құқықтан айыру, күштеп жер аудару, «молда тұқымы», «қажы тұқымы» деп қудалау кеңінен етек алып, елді дінсіздендіру жолында құйтырқы әрекеттер жасалып жатты. Мешіттер мен шіркеулер жау тигендей қиратылып, Қасиетті Құран Кәрім мен діни кітаптар өртелді. Байларды тәркілеу, діни қызметкерлерді қудалау, көшпелі және жартылай көшпелі халықты отырықшылыққа айналдыру, еріксіз ұжымдастыру шаралары да осы кезеңде қабат жүріп жатты. Осылайша, 1925-1933 жылдары елді басқарған Голощекиннің зұлымдығы мыңдаған қазақ азаматтарының қанын төкті.
Осынау геноцидке наразылық білдірген Смағұл Сәдуақасов бастаған қазақ зиялылары молдаларды жаппай қуғындауға наразы болып, «Қазақ молдалары бала оқытып, күні-түні жұмыс жасайды, олар орыс поптарындай емес» деп көрсетті. Бұған қандықол билік тарапынан болған реакция нәтижесі көп күттірмеді. Алтыншы Бүкілқазақтық партия конференциясында Голощекин Смағұл Сәдуақасовты ірі мал иелерін күшпен тәркілеу саясатын қолдамағаны және молдаларды қудалауға қарсылық көрсеткені үшін «оңшыл» деп атап, ал Ораз Жандосовқа «асыра сілтеуші» деген айдар тақты. Кейін бұлар қудаланды.
Жазықсыз жала жабылғандардың ішінде біздің облысымыздан шыққан молдалар қатары да аз болмады. Солардың бірі Нахан Ықыласов еді. Ол ата-тегі мен өзінің молда болғандығы үшін жазаланды. Ел ішінде имандылық іздерін салып кеткен Нахан молда атышулы отыз сегізінші жылдың жетінші шілдесінде «халық жауы» ретінде ұсталып кетті. Оған алғашында «белгілі молда тегінен шыққан, салықтан мал басын жасырды және мезгілінде мемлекетке салық төлемеді» деген айып тағылып, үш жылға бас бостандығынан айырады. Оған қосып жер аударып жібереді. Кейін «Кеңес үкіметіне наразы ниетте болған, мемлекет басшыларына қарсы әрекет жүргізді» деген жаламен Нахан Ықыласов бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Мерзімін өтеп келгеннен кейін де Наханды қудалау тоқтамады. Оның молда жанұясынан шыққандығы, оқыған біліктілігі және мешітте имам болғандығы қайта-қайта күдік туғызып, сол кездегі белсенділер елдегі шаруашылықтардағы болған олқылықтарды негізінен тектілер мен оқығандардан іздеді. Көп ұзамай «халық жауы» атанған Ықыласовқа «Жапон тыңшысының агенті Хасан Нұрмұхамедов, Хәди Сұлтанов және Оразмағамбет Тұрмағамбетовтің тапсырмаларын орындап, шетелдегі Совет үкіметіне қарсы орталық топтың басшысы, ақ эмигрант Мұстафа Шоқайдың құйыршығы, елге, Отанға қарсы әрекет етті. 1936 жылдан бері жапон тыңшысының агенті Пазыл Тұрлановтың тапсырмасын орындап, Жапония мен Германияның әскери көмегімен Совет үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастыруға әрекеттенді» деген айтса нанғысыз айыптар тағылып, ату жазасына кесіліп кете барды. Осылайша үкім 1938 жылдың 25 қарашасында орындалды.
Жеке адамның басына табыну зардабы кеңінен сөз болып, жаңа жағдайға байланысты саяси қуғынға ұшырағандар ақталып жатқан кезде 1956 жылдың 31 тамызында Облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті бүгінгі материалымыздың бірінші кейіпкерінің ісін қарады. Өкінішке орай, бұрынғы 1938 жылғы үкімді күшінде қалдырды. Тек арада елу жыл өткен соң ғана тәуелсіздік елең-алаңында 1989 жылдың оныншы тамызында Нахан Ықыласов толық ақталып шықты.
Осы жерде айта кеткен жөн, Нахан Ықыласов – Қаңбақты ауылының тумасы. 1865 жылы осы ауылда өмірге келген.
ОЛ МОЛДА БОЛҒАНЫ ҮШІН АТЫЛДЫ
Жаппай саяси қуғындауға ұшырағандардың ішінде Әшім Қабасов-Құжабеков те болды. 1880 жылы туған оның арғы тегі де, өзі де молда болған. Оған ескі патшалық жүйені дәріптеп, социалистік құрылысқа тұрақты сыбайластарымен бірге мал шаруашылығын дамытуға қарсы шықты, колхоз құрылысына қарсы үгіт жүргізді, соғыс болады деп ел ішіне іріткі салды, СССР-дағы аштық туралы әңгімелеп, колхозшылардың ауыр тұрмыс-жағдайын көпшілікке жеткізді деген «айыптар» тағылды. Кейін ол бай тегінен шыққаны үшін де «айыпты» болып және діни бағытта жүргеніне байланысты 1931 жылы үш жылға сотталып, көршілес Астрахан облысына жер аударылды.
Бірақ, солақай саясаттың белсенділері мұнымен тоқтамады. Араға жеті жыл салып, Батыс Қазақстан облыстық УНКВД «үштігінің» мәжілісінде ол ату жазасына кесілді. Кейін жеке мүлкі тәркілеуге түсті. Осылайша Әшім 1938 жылы атылып кетті.

ҚОСАҚ АРАСЫНДА КЕТКЕН ЖАН

«Халық жауы» атанғандардың арасында қарапайым шаруалар да болды. Жағдайдың бұлай ушығуына ВКП(б) Орталық Комитетінің 1928 жылдың мамырында республикада кеңес жұмысына кедергі болып отырған ортағасырлық қалдықтардан ауылды тазартуды қамтамасыз ететін шаралар қолдануды ұсынуы себеп болған еді. Іле-шала «Байлардың шаруашылығын конфискациялау туралы» заң шығарылды, соған сәйкес ірі байлар кәмпескеленіп, жер аударылуы тиіс болды. Бұл процесс жергілікті жерлердегі шолақ белсенділердің асыра сілтеуімен жүзеге асқандықтан, көптеген заңсыздықтар орын алды. Нәтижесінде қазақ жерінде жаппай саяси қуғын-сүргін күшейіп кетті. Әп дегеннен ел бойынша 700 ірі бай тәркілеуге ілікті. Бір ғана Тайсойған өңірінде 1928-29 жылдары елуге жуық байдың мал-мүлкі тәркіленді. Біразы сотталып, одан аман қалғандары жер аударылды. Осы кезеңде ірі байлармен қатар, орта шаруалар да асыра сілтеудің шеңгеліне ілікті.
Көптеген қазақ отбасылары шет ел асып кетуге мәжбүр болды. Кейбіреулері көрші өңірлерді сағалады. Қосақ арасында бос кеткендердің арасында қарапайым шаруа өкілі Қаражан Сарбөпиев те бар еді. Батыс Қазақстан облысының тумасы Қазан төңкерісіне дейін ауылда түрлі жұмыстар атқарып, кейін оқып молда болған. Тайсойған өңірінде ірі байларды тәркілеп, діни қызметкерлер қудаланған кезде ол Мақат мұнай өндірісінде күзетші болып жүрген еді. Бірде Гурьевтен Ойылға кетіп бара жатқан Хасан Нұрмұхамедов хазірет Мақатқа жолшыбай соғып, Қаражанның үйінен түстеніп шығады. Осы жағдай Қаражан Сарбөпиевтің үстінен істің қозғалуына себеп болады. Осылайша оған Гурьев округіндегі революцияға қарсы панислам ұйымының мүшесі және округ көлемінде революцияға қарсы әрекет жүргізгені үшін он жылдық еңбек түзету лагеріне жіберіледі. Бірақ, 1938 жылдың 15-ші ақпанында Батыс Қазақстан облысының УНКВД «үштігі» істі қайта қарап, Қаражан Сарбөпиевті ату жазасына кеседі. Үкім сол жылдың 19-шы ақпанында орындалады.
Қарапайым еңбеккердің абырой-атағы арада елу төрт жыл өткенде қалпына келтіріліп, бұл туралы 1992 жылдың 15 шілдесінде облыстық «Атырау» газетінде жарияланды.
Бүгінде еліміздің өткенін саралауға мемлекеттік деңгейде бетбұрыс болып жатқаны белгілі. Өкініштісі сол, отызыншы жылдың қанды шеңгеліне іліккен талай боздақтарымыз туралы ақиқат әлі де аршылмай жатыр. Олар туралы бүгінгі ұрпақ біле де бермейді. Сондықтан, ақтаңдақтар ақиқатын аршуға қадам әуелі әр өлкеден басталуы тиіс.

Хисмет ТАБЫЛДИЕВ,
тарих ғылымының докторы, профессор, Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз