
Жауынгерлік машық — елдік міндет
Қала шетіндегі «Қарабатан» полигонында өткен он күндік оқу-жаттығу жиыны өз мәресіне жетті. Соңғы күнгі көрініс бір сәтке нағыз әскери фильмдегідей әр сарбаз шартты қарсыластан тұтқындарды босатуға атсалысты.

Бұл жолғы жаттығулардың ерекшелігі – оған кәсіби әскерилер ғана емес, қарапайым тұрғындар да қатысты. Олар күнделікті өмірде түрлі салада еңбек етсе де, елге сын сағат туған жағдайда Отанын қорғауға дайын екенін дәлелдеді.

Жиынға қатысушылар он күн ішінде түрлі әскери машықтарды меңгеріп шықты. Түтіннің ықпалын пайдаланып шабуылдау, үй-жайларды тазарту, шағын топпен қимылдау, қарсы шабуылға төтеп беру – мұның бәрі арнайы тапсырмаларды орындау барысында айқын көрінді.

Жаттығулар аяқталған соң сап алаңында салтанатты жиын өтті. Әрбір қатысушыға алғыс хат табысталып, олардың тәртібі мен табандылығы ерекше атап өтілді.

– Бұл он күн сарбаздар үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Әр азамат ел қорғаны тек әскери адамдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет екенін сезінді, — деді 99245 әскери бөлімінің командирі, полковник Нұржан Дәуітов.

Айта кету керек, мұндай жиын облыста екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Алғашқысы қыркүйек айында өткен болатын.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



