ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕМЕЙДІ

KAI 1329Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында талқыланған қос тақырыптың екеуі де – заң талаптарының бұзылуына байланысты орын алған оқиғалар.

Бірінші кезекте жоспарға сай Қызылқоға ауданы әкімі аппараты, ауданға қарасты он селолық және ауылдық округ әкімдері аппараттарында және 13 дербес бөлімдерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамаларының, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс Кодексі талаптарының сақталуы мәселелері бойынша жүргізілген тексеріс нәтижелері жарияланып, анықталған кемшіліктер сарапқа салынды. Өткен жыл мен үстіміздегі жылдың төрт айының аралығын қамтыған тексеру соңында бірқатар талаптардың орындалмағаны анық болып отыр. Жіберілген кемшіліктің барлығы да бірдей сипатта орын алған. Яғни, әрбір мемлекеттік органда болуы тиіс конкурстық, аттестациялық және тәртіптік комиссиялар құрылмаған, бұндай жұмыстар орталықтандырылған жүйеге сай, аудан орталығында ғана атқарылып келген.

Алайда, тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Ізбановтың айтуынша, биыл қолданысқа енгізілген мемлекеттік қызметке қатысты заңға енгізілген өзгерістерге сай, осындай жүйемен жұмыс жасаған тиімді, тек сол қызметке тағайындалған адамның өз ісінің білгірі болғаны жөн.
Бұл ойды құптаған Қызылқоға ауданының әкімі М.Мұқанов та кеткен кемшіліктерді алға қарай болдырмаудың мақсатында жаңа заң талаптарына сай жұмыс түрлерінің жүргізіліп жатқандығын жария қылды.
«Заңды білмеген адамның жауапкершіліктен еш босатылмайтындығы жөнінде ұдайы айтып жүргенімізбен, келеңсіздік саны азаяр емес. Осындай оқиғаларды үнемі кеңес отырыстарында талдаумен келеміз» деді Мұхит Кәрімұлы күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылар сәтте. Расында да, мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарының сақталмауынан Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы орта мектеп директорының үстінен жинақталған құжаттар негізінде тәртіптік кеңес хатшылығы тексеру жұмыстарын жүргізген. Қорытындысында мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына аударылған қаражаттың бір бөлігінің негізсіз жұмсалғаны анықталып, соңында жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер компания ол қаржыны кері қайтарған. Ал, мектеп директорына қатысты сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол берілді деген айыппен келіспеген кеңес мүшелері ҚР Еңбек кодексіне сай тәртіптік жаза қолдану туралы тоқтамға келіп, аудандық білім бөлімі мен аудан әкімінің мәселені қадағалауға алуын тапсырды.

Гүлжан ӘМІРОВА.
Суретті түсірген
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз