
Жас ұрпақтың санасы улануда
Баяғыда қазақ «у ішсең – руыңмен» деп, бірлікті ту еткен еді. Ал бүгінде «у шексең – жалғызсың» дейтін заман туды. Бұл жерде «у» дегеніміз – есірткі, оның уытына шалдыққан адам еліне де, ертеңіне де қажет болмай жалғыз қалады деген тұжырым. Расында, нашақорлық – жекенің емес, бүтін қоғамның трагедиясы. Өйткені, бір уыс ақ ұнтақ адамның үмітін өшіріп, елдің ертеңіне сызат түсіреді.
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні» рас, бұл індет таралса, ұлттың иммунитеті әлсірейді. Осындай қиын-қыстау сәтте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы – тек заңнамалық құжат қана емес, қоғамды іштен ірітіп жатқан дертке қарсы ұлттық иммунитет қалыптастыруға бағытталған нақты әрекет. Жоба аясында жүзеге асып жатқан шаралардың бір бағыты – нашақорлықпен жүйелі күрес жүргізу. Атырау өңірінде де жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Әйтсе де…
Статистика не дейді?
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері есірткіге қатысты 121 құқық бұзушылық тіркеліп, 180 килограмнан астам әртүрлі есірткі заты тәркіленген.
Ал, Ішкі істер министрлігі жанындағы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі штабтың мәжілісінде «Биылғы алты айда 38 жасөспірім есірткіге байланысты ұсталған, бұл – өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 40%-ға көп. Жасөспірімдер арасындағы есірткі қылмыстары мәселесіне ерекше назар аударылды. Ең көп құқық бұзушылықтар Астана және Алматы қалаларында тіркелген. Есірткі жарнамасы бар граффити жазулармен күреске ерекше мән берілді» деген мәлімет айтылды.
Иә, бұл статистика – құр сан емес. Кейінгі жылдары есірткі қылмысы мен нашақорлық мәселесі елдің есін шығарып бітті. Өкініштісі сол, синтетикалық есірткінің негізгі тұтынушылары – жастар. Мұндай жағдайда тек құқық қорғау органдары емес, бүкіл қоғам болып жұмылғанда ғана оң нәтижеге жетуге болады.
Атырау облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Марьяна Жанғалиева бұл күрестің маңызы туралы айтты.
– Есірткімен күрес тек құқық бұзушыларды ұстаумен шектелмейді. Қазір бұл идеологиялық, ақпараттық, тіпті психологиялық деңгейдегі майдан десе де болады. Әлеуметтік желілерде жарнама жасырын түрде емес, көзге ұрып тұратындай анық таралады. Психологияны ескере отырып құрылған контент жасөспірімдерді есірткіге «еркіндік» немесе «заманауилық» бейнесі ретінде қабылдауға итермелейді. Сондықтан біз тек ұстап, жазалаумен шектелмей, алдын алу жұмыстарын да күшейттік. Мектептер мен колледждерде кездесулер өткіземіз, түсіндіру парақшалары, бейнероликтер де таратылып жатыр. Бірақ ең бастысы отбасындағы ата-ана мен мектептегі мұғалімнің сергек болғаны жөн. Баланың жүріс-тұрысы, ой-санасы, ортаға бейімделуі назардан тыс қалмауы керек, — деп түсіндірді ол.
Нашақорлықпен күрес тек шара өткізуден тұрмайды. Осыған байланысты Атырау өңірінде 75-тен астам граффити жазу жойылып, 800-ге жуық интернет-ресурс бұғатталған. Бұл есірткі заттарының ғана емес, олардың идеялық насихатына да тосқауыл қойылып жатқанын көрсетеді.
Расында, есірткіге қарсы күресте қоғамның әр мүшесінің белсенділігі маңызды. Бұл – бір ғана полицияның емес, бүкіл елге ортақ міндет. Заңмен жазалау кеселдің салдарымен күрес болса, ал себеппен күресу – сана мен тәрбие тұрғысындағы әрекет. Егер қоғам бейжай қалса, бұл майданда жеңіліп қалу қаупі жоғары болмақ.
«Іштен шыққан жау…»
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде: «…Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі 84 пайызға ұлғайды. Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Тіпті, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бірақ бұл саладағы жұмыс әлі де толығымен біткен жоқ, түйткілдер жеткілікті, шешілмеген мәселелер еліміздің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына сын-қатер төндіруде. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған ең қауіпті үрдіс – жастар нашақорлыққа үйір бола бастады. Бұл – үлкен қатер, оны жасырмауымыз керек», — деді.
Жыл басынан бері Атырау облысында 21 есірткі тасымалдаушы ұсталған. Оның 13-і жергілікті тұрғын болса, қалғаны өзге өңірлерден келген. Бұл «у»-дың жолы алыстан ғана емес, жақыннан да табылатынын көрсетеді. Кейде «күрестің» өз ішінен де күмән туады. Жуырда қаладағы шағынаудандардың бірінде Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қызметкері есірткіге қатысты күдікпен ұсталды. Бұл – қоғамда үлкен резонанс туғызған жайттың бірі.
ҰҚК-ның ресми мәліметінше, жедел уәкілді есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстаған. Тінту барысында оның қалтасынан және көлігінен ұнтақ тәрізді зат табылған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Алайда ведомство тарапынан басқа ақпарат таратылған жоқ. Облыстық полиция департаменті де ақпарат беруге Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабымен шектеу қойылатынын, мәлімет тек прокуратураның келісімімен жария етілетінін айтты.
«Сотқа дейінгі тергеу деректері жарияланбайды. Оларды прокурордың рұқсатымен ғана, тергеу мүддесіне қайшы келмейтін көлемде жариялауға болады» делінген ресми жауапта.
Халық арасында бұл жағдайға қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Себебі, қауіпсіздікке жауапты қызметкердің өзі есірткіге қатысы болуы тек заң бұзу емес, орган абыройына нұқсан, сенімге селкеу түсіретіні айтпаса да түсінікті.

Ауруын жасырған жақсы емес
Десек те Атырауда жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесіз емес. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының бір тармағы – есірткімен күрес бағытында облыста екі жедел-профилактикалық іс-шара – «Учаске» мен «Қарасора-2025» жүйелі түрде өткізіліп келеді. Жай акция емес, нақты нәтижесі мен салмағы бар стратегиялық қадамның барысында анықталған деректер қоғам үшін де, құқық қорғау саласы үшін де ауыр шындық.
Жыл басынан бері өңірде есірткіге қатысты ондаған күдікті ұсталды. Қарапайым пәтерден бастап, тіпті сарай ішіне де фитозертхана жасап алған «пысықайлар» да анықталды. Мәселен, Атырау қаласында 52 жастағы тұрғын сарайын жылу, жарық, су жүйесімен толық жабдықтап, қарасора өсіргені белгілі болды. Ол жерден салмағы 5 келі болатын 21 түп қарасора тәркіленді.
Тағы бір дерек бойынша, 16 келіден астам қарасора сақтаған тұрғын ұсталды. Ол өсімдікті кептіріп, сақтап, таратуға дайындап үлгерген. Бұл дегеніміз ондаған адамның өмірін құртатын ірі көлем емес пе?!
Қазір қауіптің ең үлкені – синтетикалық есірткі. Тәртіп сақшыларының айтуынша, оның жасырын таралуы, интернет арқылы сатылуы, балалар мен жастарды оңай арбауы күресті қиындатып отыр.
– Мәселен, Қызылорда облысынан келген күдікті Атырау қаласында 105 түйіншек және 3 ірі пакет синтетикалық зат жасырып үлгерген. Ал тәркіленген заттар – 148,75 грамм «Альфа-PVP» және 80 грамм «Мефедрон» бірнеше жүз дозаға жететін қауіпті у. Сол секілді Жылыой ауданынан шыққан күдіктінің қалтасынан және жалдамалы пәтерінен 38,7 грамм синтетикалық есірткі алынды, — деді Атырау қалалық полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Алмас Дәулетқалиев.
Сондай-ақ облыс аудандарында бірнеше күдікті марихуана сақтағаны үшін ұсталды. 44 граммнан 120 граммға дейінгі көлемдегі есірткі түйіншектері үйден, пәтерден, тіпті қарапайым демалыс орнынан табылып жатыр. Бірі «тауып алдым» десе, енді бірі «өзім үшін сақтадым» дейді. Бірақ заң алдында марихуананың «жеңіл у» екені ақталуға жатпайды.
Мақат және Қызылқоға аудандарында тіркелген осындай істер – марихуана қолдану қоғамда қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанын аңғартады. Бұл өте қауіпті үрдіс емес пе?
Соңғы жылдары Атырау қаласында жастардың жүріп-тұратын орындары, аялдамалар, мектеп маңдары, үйлердің қабырғаларына есірткі сайттарына сілтеме беретін граффитилер тым көбейіп кетті.
– Жыл басынан бері 75-тен астам граффити жойылды. Полиция департаменті, облыстық ішкі саясат басқармасы және жастар ұйымдары бірлесіп, осындай жарнамаларды бояп, тазарту жұмыстарын жүргізіп келеді. Тұрғындарды сергек болуға шақырамыз. Граффити байқасаңыз, «102» нөміріне немесе есірткімен күрес басқармасына тікелей хабар беруге болады, — деді бөлім бастығы А.Дәулетқалиев.
Тынысы тарылған тағдырлар
Жуырда Астана қаласында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мәжілісі өтті. Жиында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтің нашақорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын іске асыру қорытындылары туралы есебі тыңдалды. Бұдан бөлек, 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың жобасы ұсынылды.
Мемлекеттік кеңесші нашақорлыққа қарсы күрес әрдайым Президенттің ерекше назарында екенін еске салды. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің соңғы отырысында мемлекет басшысы есірткіні таратпауға бағытталған кешенді шаралар қабылдауды және бұл іске жастар ұйымдары мен еріктілерді тартуды тапсырғанын айтты.
Сонымен қатар Ерлан Қарин нашақорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен күш-жігері арқылы ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары синтетикалық есірткінің түрі көбейіп, оны тарату жолдары қитұрқыланып кетті. Құқық қорғау органдары мен медицина мамандары қанша тосқауыл қойғанымен, есірткі нарығының «көрінбейтін жолдары» әлі де жабылмай тұр.
Облыстық наркология диспансерінің деректеріне сүйенсек, биыл есірткі тұтынды деген күдікпен жеткізілген 2384 адамның 428-і (оның ішінде 26 әйел) есірткінің әсерінде болғаны анықталған.
Есірткіге тәуелділік түрлерін саралаған диспансер басшысының орынбасары Жеңіс Мұхлисовтың айтуынша, марихуана мен каннабиноидтар – ең кең таралған уыттар. Бір ескеретіні, түрлі есірткі қоспаларын араластырып тұтыну әдетке айналып барады. Ал мефедрон, меткатинон, α-PVP, прегабалин секілді синтетикалық психостимуляторлар жоғары сұранысқа ие үшінші топ ретінде тіркелген.
– Синтетикалық заттар адамның ми қызметін жылдам зақымдайды. Кейде адам шындық пен елесті ажырата алмай қалады. Психикасы шайқалып, өзіне немесе өзгеге қауіп төндіретін жағдайлар жиі кездесіп жүр, — дейді Ж.Мұхлисов.
Облыста есірткіге тәуелді 516 адам диспансерлік есепте тұр. Оның ішінде Атырау қаласындағы 444 адамның 28-і – әйелдер. Алайда бұл – тек тіркелгендер ғана. Ал бұғып жатқан қанша тағдыр, қаншама жасырын дерт барын ешкім нақты айта алмайды.
Былтыр 1680 адам наркологиялық кеңес алуға жүгінсе, биыл 8 айда 5492 адам көмек сұрап келген. Бұл есірткі проблемасының өзектілігін көрсетіп тұр. Медицина қызметкерлері мен полицейлер жастардың есірткіге тәуелді болуын алдымен отбасындағы бақылаудың жоқтығынан көреді. Ұл-қыздың мінезіндегі өзгерісті ерте байқау – ата-ананың басты міндеті.
Наркологтар қазіргі тәуелділердің сырт келбеті бұрынғыдай емес екенін де жасырмайды. Қазір есірткіні сағыз, темекі немесе қант ұнтағы секілді оңай тұтынуға болады. Сырттай қарағанда, белгі бермейтін бұл әрекет жасөспірімдерді «сөзсіз тұзаққа» түсіреді.
Жеңіс Мұхлисовтың айтуынша, нашақорлық – жазылуы қиын дерт. Емделгендердің көбі қайта оралады. Себебі синтетикалық есірткінің бағасы төмен, кез келген жерде сатылады.
– Бұл дертке шалдыққандардың көбі түрмеге түседі немесе өз өмірін қиып тынады. Бұл – ащы шындық. Заңмен күресу жеткіліксіз. Бізге қоғам болып жұмылу керек. Себебі ұлттың болашағын тек заң емес, сау сана сақтайды, — дейді ол.
Түйін
«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы – жай бағдарлама емес, ұлттың тағдырына тікелей ықпал ететін бастама. Демек, есірткіге қарсы күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Жоғарыда айтқанымыздай, ұлт саулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнген бұл қауіпке қарсы тек бірлескен күш-жігер ғана тосқауыл болады. Тек жазалай бергеннен оң нәтижесі болатынына шүбә жоқ. Бірақ білім беру бағдарламалары, салауатты өмір салтын насихаттау, отбасы мен мектептің тәрбиелік ролін күшейту сияқты жүйелі және кешенді жұмыстар үздіксіз жүргізілуі тиіс.
Майра ЕРҒАЛИ


