
Жақсы бастама – жарты істің шешімі
«Жақсы бастама – жарты істің шешімі» дейді дана халқымыз. Бұл тәмсіл терең мәнге ие. Өйткені кез-келген өзгеріс елдің болашағына әсер ететін жауапты қадам. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызмет саласында қолға алынған реформалар мемлекеттің халық алдындағы ашықтығын, әділдігін және заманауи басқару жүйесіне бейімделуін айқын көрсетіп отыр.
Мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтар
Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев мемлекеттік қызмет жүйесіне енгізілген жаңашылдықтар туралы кеңінен айтып берді. Оның сөзінше, бұл жаңартулар қызмет сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыруға бағытталған.
– Жаңа іріктеу жүйесі мемлекеттік қызметке деген қызығушылықты арттырып, жұмыс барысын бұрынғыдан да тиімді, жүйелі және ең бастысы, барынша ашық етуге септігін тигізіп отыр. Бүгінде облыста мемлекеттік қызметкер саны 2995 адамды құрайды. Дегенмен нақты қызмет атқарып жүргені – 2776. Бұл бос орындарға деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады. Жалпы, облыста 254 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Мемлекеттік басқару құрылымы заман талабына сай үнемі жетілдіріліп отыруы керек, — дейді департамент басшысы.
Сапалы кадр қалай іріктеледі?
Қазір мемлекеттік қызметке қабылдау процесі толығымен автоматтандырылып, адам факторын мейлінше азайтуға бағытталған. Осы арқылы бюрократия мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету көзделуде.
Жаңартылған іріктеу жүйесі соның дәлелі. Енді кез-келген үміткер еліміздің әр аймағынан онлайн форматта конкурсқа қатыса алады. Барлық процестер электронды жүйеге көшірілген. Бұрын 9 түрлі заңнамалық құжатпен жұмыс істеу талап етілсе, қазір бұл сан 4-ке дейін қысқарды. Бұл мемлекеттік қызметке қолжетімділікті арттырып, үміткерлердің уақыты мен ресурсын үнемдеуге зор мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «тәуелсіз прокторинг» жүйесі енгізілді. Бұл жүйе тестілеу барысындағы әділеттілікті қамтамасыз етіп, сыртқы араласудың алдын алады. Осылайша, әрбір үміткердің мүмкіндігі бірдей болады.
Мемлекеттік қызметке қабылдау жаңа жүйе бойынша үш негізгі кезеңнен тұрады. Бұл кезеңдердің әрқайсысы үміткердің қабілеті мен дайындық деңгейін терең сараптауға бағытталған.
1. Жеке қасиеттерді бағалау тесті. Бұл сатыда үміткердің тұлғалық болмысы, психологиялық тұрақтылығы мен бейімділігі анықталады. Мемлекеттік қызметкер кәсіби маман ғана емес, сонымен қатар адамгершілігі жоғары, қоғамға жанашыр, моральдық жауапкершілігі зор тұлға болуы тиіс.
2. Мәтін және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Ақпаратты дұрыс қабылдау, оны тиімді өңдеп, нақты қорытынды жасай білу – қазіргі заманның басты талабы. Бұл кезеңде үміткердің логикалық ойлау қабілеті мен аналитикалық қабілеті сыналады.
3. Әңгімелесу (сұхбат). Бұл шешуші кезең. Үміткердің кәсіби білімі, болашақ қызметке дайындығы, нақты жағдаяттарда шешім қабылдау қабілеті және коммуникативтік мәдениеті бағаланады. Бұл саты үміткердің болашақ мемлекеттік қызметші ретінде әлеуетін айқындайды.
Аталған үш кезең мемлекеттік қызметке іріктеудің әділ әрі тиімді тәсілі ретінде өз тиімділігін дәлелдеп отыр.
Электронды жүйе: Ашықтық пен қолжетімділік
Мемлекеттік қызметке өтініш беру мен құжат тапсыру енді бұрынғыдай ұзын-сонар кезек пен қағазбастылықтан арылды. Үміткер eqyzmet.gov.kz порталы арқылы өз үйінен шықпай-ақ, электронды цифрлық қолтаңбамен тіркеліп, құжаттарын онлайн жүктей алады.
Бұл уақыт үнемдеу ғана емес, сонымен қатар ашықтықтың айқын көрінісі. Үміткер ғана емес, бүкіл қоғам мемлекеттік қызметке қабылдау процесінің ашық әрі әділ өтіп жатқанын сезіне бастады.
Мәселен, Атырау облысында жаңартылған жүйе арқылы 78 бос орынға 488 адам өтініш білдірген. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Соның нәтижесінде 71 адам мемлекеттік қызметке қабылданған. Бұрын бір орынға 1 немесе 1,5 адам үміткер болса, енді бұл көрсеткіш 6,3-ке дейін жеткен. Бұл жүйенің тиімділігіне деген сенім мен сұраныстың артқанының нақты дәлелі.
Жас мамандарға жол ашық
Мемлекеттік қызметке қабылдаудағы тағы бір тың жаңалық – жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған түлектерге ауылдық және аудандық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалу мүмкіндігінің берілуі. Бұл тәсіл, біріншіден, жастарға мансап жолын мемлекеттік қызметтен бастауға мүмкіндік берсе, екіншіден, шалғай аймақтардағы кадр тапшылығын шешуге көмектеседі.
Бұл бастама жастарды елге, туған жерге қызмет етуге шабыттандырады. Ең бастысы, жастардың әлеуетін іске асыруға жол ашады.
Жаңа жүйе қызметке қабылданған тұлғаның жауапкершілігін де арттырады. Мемлекеттік қызметкер – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Оның әдебі, білімі, әділдігі, адамгершілігі қоғамдағы тұрақтылық пен сенімнің негізі.
Қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімі елдің дамуы мен өркендеуінің басты алғышарты. Сондықтан мемлекеттік қызметке тек білімді, кәсіби, адал әрі жанашыр жандардың келуі қажет.
Мемлекеттік қызметтегі жаңартылған жүйе осы жауапты жолға түскен әрбір адамға жаңа мүмкіндік ұсынады. Ең бастысы, бұл жүйе арқылы әділдік салтанат құрып, мемлекетті басқарудағы сапалы кадрлық құрам қалыптаспақ. Ал мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен сапасы сол қызметті атқаратын мамандардың біліміне, адалдығына және елге деген сүйіспеншілігіне тікелей байланысты екені белгілі. Сонда ғана адал еңбек пен әділ қызмет әрқашан өз бағасын алады.
Майра ЕРҒАЛИ



