ЖАЛҒАН АҚША ЖАСАУ – ҚЫЛМЫСТЫҢ АУЫР ТҮРІ

Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің басты бағытының бірі – «көлеңкелі» экономикаға қарсы іс-қимыл болып табылады. Экономикалық қылмыстар арасындағы ең көп орын алатыны – жалған ақша жасаушылық.

Өткен жылы Республика бойынша жасанды ақша дайындайтын алты жасырын цех жұмысы тоқтатылды. Жаппай алдын алу мақсатында кәсіпкерлерге ақшаның түпнұсқа екенін айыратын детектор сатып алу қажеттілігі туралы түсінік жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, өткен жылы қылмыс санының азайғандығы байқалды.

Өткен жылдың соңында бірлескен іс-шаралармен Атырау қаласында 2000 теңге белгісіндегі жалған ақша жасау цехы әшкереленді, осы дәйек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ағымдағы жылдың ақпан айында сот шешімімен жалған ақша жасауды жүзеге асырушы тұлғалар әртүрлі жазамен сотталды.

Алайда, алынған шараларға қарамастан, жалған ақша жасау мен тарату дәйектері әлі де орын алуда, бұл біздер үшін мақсатты жұмыс жасауды талап етеді. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 31 наурызында біздер «ҚР Ұлттық банкі» АҚ Атырау бөлімшесі және екінші деңгейдегі банктер бөлімшелері басшыларының қатысуымен жалған ақша жасау мен жалған кәсіпкерлікпен күрес мәселесі бойынша қызметтік кездесу ұйымдастырдық.

Қылмыстың осы түрін жасағаны үшін (жалған ақша немесе құнды қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу) Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінің 231-бабына сай қаралған, осыған сай:

1. ҚР Ұлттық Банкiнiң жалған банкноттары мен монеталарын, мемлекеттiк бағалы қағаздарды немесе ҚР валютасындағы басқа да бағалы қағаздарды, шетел валютасын немесе шетел валютасындағы бағалы қағаздарды өткізу мақсатында жасау немесе сақтау, өткізу мүлкi тәркiленiп немесе бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.    
1) Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;   
2) бiрнеше рет;   
3) iрi мөлшерде; 
4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы алып өтіп жасалған дәл сол іс-әрекеттер мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.   
Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер –мүлкi тәркiленiп, сегiз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Алаяқтардың алдауы жағдайларынан қорғану үшін, ақша-сауда қатынасымен әрекет етуші барлық жеке және заңды тұлғалар жалған ақшаны түпнұсқадан айыру үшін негізгі белгілерін білуі қажет.

Ол үшін:

1. Сипағанда сезіну:

– ақша дайындалған қағаздың ерекше қытырлауға ие қасиеті бойынша;

– ақшаның барлық белгілерінің оң және тыс жақтарында көзі нашар көретін адамдар үшін көтеріңкі жоғарғы өрнекті, «Бәйтерек», «Ашық алақан» сияқты жақсы танылатын элементтер, аңдардың бейнелері, архитектуралық бейнелер, Қазақстан картасының белгілері бар.

2. Ақшаны жарыққа зер салып қарағанда айқын салынған және жақсы көрінетін:

– 2 000 және 5 000 теңге белгісінен басқаларындағы, барлық ақшалардағы барыстың басы, ақшаның сандық бедері мен аңдардың сұлбалары су белгілері;

– тұтастай магниттік және сіңірілген (металдандырылған) жолақ, санамаланған жазулы-қағаз бетіне шығып тұрған екі қорғау жолағы;

– 2 000 және 5 000 теңге белгісіндегі ақшаның тыс бетінде екі бейнеден тұратын жасырын сурет бар. Оның біреуі (аңның суреті) жәй жарықта көрінеді. Екіншісі: өтпелі жарықта оқуға болатын ақша белгісінің «ЕКІ» және «БЕС» сөзі;

– 10 000 теңге белгісіндегі ақшада жарыққа көрінетін ашық терезедей ақша белгісімен жарқырақ металл тектес, ені 18 миллиметрлік металдандырылған полимерлік жолақ бар;

– оптикалық түсін өзгерткіш бояу. Ол 2 000, 5 000, 10 000 теңге белгісіндегі ақшаның оң жақ бетіне жағылған және ақшаның бұрыштарын өзгертіп, қисайтқан кезде түсін өзгертеді.

3. Ақшаға бұрыштарынан зер сала қарау:

– 1 000 теңгеден бастап және одан жоғары, ақша белгілерінде, белгінің астыңғы сол жағында жасырын бейне бар;

– еңкейткен кезде ақша белгісі көрінеді, ал тыс беттерінде жарқырауық жолақ (алтынды жылтырақ, ақшаның бұрыштарын өзгертіп, қисайтқан кезде қыранның, алманың, қызғалдақтың суреттері шығады).

Жалған ақшаны әшкерелеген жағдайда, сондай-ақ, егер сізге жалған ақша жасау саласындағы дайындалып жатқан, дайындалған, жасалмақ және жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы жағдайлар, мәліметтер, дәйектер белгілі болса, Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің кезекші бөліміне  35-42-09  телефоны бойынша хабарлауыңыз сұралады.

Мади Такиев,

Атырау облысы бойынша

мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз