ВЕТЕРИНАРЛЫҚ БАҚЫЛАУ

ерекше назар аударуды қажет етеді

Исатай ауданында тіркелген «А.Зубариева» шаруа қожалығынан бруцеллез ауруы шығыпты. Белгілі болғанындай, 138 мүйізді ірі қараға жүргізілген сынама 28 малдың ауруға ұшырағанын көрсеткен. Бірақ, заңды былай қойғанда, қарапайым талаптарға сәйкес, тез арада жойылуы тиіс ауру малдардың көзі уақытында құртылмаған. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Атырау облысындағы Тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында облыстық аумақтық департаменттің бөлім меңгерушісі Мәлік Кариев мәлімдеді.

«Бұл жағдай Исатай аудандық прокуратурасы жүргізген тексеру барысында анықталды. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Исатай аудандық аумақтық инспекциясы тарапынан дер кезінде шара алынбаған. Айтуларынша, істің созылуына мал сою пункттерінің жоқтығы кедергі болған» дейді ол. Белгілі болғанындай, бүгінде ауру мал жойылған. Бірақ, мына факті ойлантады. Баяндамашы Мәлік Кариевтің айтуынша, малдағы ауру сәуір айында анықталған. Ал, тексеру қыркүйек айында жүрген. Тексеру барысында ауру малдардың жойылғандығы жөнінде Тәртіптік кеңес мүшелеріне қағаз жүзінде ешқандай құжат көрсетілмеген. Сонда ауру малдар алты ай бойына жүргені ме? Мәселенің осы жағы бұлыңғыр күйінде қалды.

«Мұндай жұқпалы ауруды ашық түрде тарату – қылмыстық іс» деді мәселеге араласқан Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Избанов. «Мал дәрігері халықтың ветеринариялық қауіпсіздігіне жауап береді. Ауру тараса малмен бірге, адам да кетеді» деген ол жауапкершіліктің бірінші орында болу керектігін баса айтты. «Осы уақытқа дейін қанша ет сатылды, сүт сатылды. Егер ауру малдың өнімінен халыққа дерт жұқса не болар еді?» деп дабыл қаққан Тәртіптік кеңес төрағасы немқұрайлылық танытып отырған инспекция өкілдерін біраз түйреп те алды.
Аудандық инспекция тиісті шаралардың алынғандығын, бірақ қожалықтың «малды өткізетін орын жоқ» деген сылтаумен істі созып келгендігін жеткізді. Мұндайда қожалықты сотқа беруге де болады екен. Бірақ, қазақшылыққа салынған инспекция көңіл жықпастықпен бұл қадамға бармағанға ұқсайды. Кеңес мүшелері тарапынан біраз талқылауға түскен бұл мәселе Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясына жолданатын болды. Кеңес барысында сондай-ақ, Қызылқоға аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысына, қалалық сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшылығына, Қ. Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжіне қатысты мәселелер қаралды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз