
Тұрғындармен тікелей диалог: облыс прокуроры ауданда
Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев жұмыс сапарымен Құрманғазы ауданына барып, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде өңір тұрғындарымен жүздесті. Бұл кездесу облыс прокурорының аудандарға жасаған жұмыс сапарларының жалғасы. Бұған дейін ол Қызылқоға ауданында болып, жергілікті халықтың мәселелерін тыңдап, нақты тапсырмалар берген еді.

«Заң және тәртіп», «Еститін мемлекет» қағидаттарын жергілікті жерде жүзеге асыруды мақсат еткен ашық кездесуге облыстық прокуратура, полиция департаменті, сондай-ақ облыс әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен басқармалар мамандары қатысты.
Жиынды аудан әкімі Абат Жанғалиев ашып, сөз кезегін облыс прокурорына ұсынды. Мадияр Басшыбаев өз сөзінде қай өңірде қызмет етсе де, тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, олардың көкейкесті мәселелерін шешуге атсалысуды басты міндет ретінде қарайтынын жеткізді.
–Біздің ортақ міндетіміз құқықтық мәдениетті көтеріп, заң үстемдігін қамтамасыз ету арқылы тыныштық пен әділдік орнаған қоғам құруға үлес қосу, — деді облыс прокуроры.
Кездесу барысында аудан прокуроры Абзал Сахиев тұрғындардың құқықтарын қорғау, заңдылықты нығайту, қылмыспен күрес бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Ауданның жалпы ахуалымен танысқан облыс прокуроры жергілікті прокуратура мен өзге де құзырлы органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Одан кейін тұрғындардың талап-арыздары тыңдалды. Айтылған әр мәселені мұқият назарға алған Мадияр Бекенұлы оларды шешу жолдарын қарастыруды жергілікті атқарушы органдарға міндеттеді.
Мәдениет үйінің фойесінде облыстық прокуратура мен дербес бөлім мамандары азаматтарды жеке қабылдап, заңдық кеңес берді.
Сапар соңында облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев аудан активімен кеңейтілген кездесу өткізіп, өңірдегі құқықтық саясатты іске асырудың алдағы басымдықтарын атап өтті.
Майра ЕРҒАЛИ



