Жарнама
Құқық

Тәртіп пен қырағылық

…Қала ұйқыға батқан шақ. Терезелерден сығалаған әлсіз жарық Атырау тұрғындарына түн тыныштығын тілеп тұрғандай әсер қалдырды. Ал, осы тыныштықтың артында қырағы көз, ұйқысыз түн, жауапкершілік пен қауіп қатар жүретін тәртіп сақшыларының еңбегі жатыр.

Қыркүйектің 12-сі мен 14-і аралығында облыс орталығында Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес «Құқық тәртібі» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Біз де осы рейдтің куәсі болып, Жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Айбол Ідірісовпен бірге түнгі қаланы араладық.

– «Құқық тәртібі» жедел-профилактикалық іс-шарасының басты мақсаты – көшелер мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың жолын кесіп, тұрғындар үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету. Мұндай рейдтер тұрақты түрде, әсіресе мереке қарсаңында өтеді. Әр жолы жағдайға қарай нақты бағыттар айқындалады: жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау, көші-қон заңнамасын тексеру, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүруіне қатысты талаптарды бақылау секілді міндеттер қамтылады, — деп түсіндірді жолбасшымыз.

Ортақ талапқа бағыну керек

Сағат тілі 21:00-ді көрсеткенде, полиция басқармасының ауласында қызметкерлер сап түзеп тұрды. Міне, қызметтік көліктер қозғалып, рейд басталды. Әрбір полицейдің жүзінен кезекшіліктегі жауапкершілік пен тәртіптің маңызы аңғарылады.

– Қоғамдық тәртіп жай ғана заңның сақталуы емес. Бұл – халықтың амандығы мен сенімінің кепілі. Біз көшелер мен ойын-сауық орындарындағы, базар мен аялдамалардағы тәртіпті бақылаймыз. Заң бәрімізге ортақ, ал ескерту біздің ең басты қаруымыз, — деген Айбол Ідірісовтың сөздері бізге осы сапардың мәнін аша түсті.

Түнде не болды?

Рейд барысында бірнеше құқық бұзушылық анықталды, олардың әрқайсысы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке тікелей қауіп төндірді. Мысалы, орталық көшелердің бірінде 28 жастағы әйел адам белгіленбеген жерде темекі шегіп, қалдығын арнайы орынға лақтырмағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2 бабымен жауапқа тартылды. Бұл фактіні учаскелік полиция инспекторы Елдос Кенжеғалиев тіркеп, іс сотқа жолданды. Әйел адамға айыппұл салу немесе қоғамдық жұмыс тағайындау қаупі төніп тұр.

Бұл жолы басқарманың профилактикалық есебінде «әкімшілік қадағалау орнатылған» санатымен тіркелген адамдар да назардан тыс қалған жоқ. 22 сағат 30 минут шамасында «Атырау» шағынауданының учаскелік инспекторы Әнуар Ғизатовпен бірге есепте тұрған 29 жастағы азаматтың үйіне бардық. Абырой болғанда, сотталған адам үйінде отбасымен бірге екен. Инспектор оған профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүріп жатқанын ескертті.

– Бұл бақылау тәртібі – қоғам-дық қауіпсіздіктің сақталуына бағытталған маңызды шаралардың бірі, — деді Ә.Ғизатов.

Ең ауыр құқық бұзушылықтың бірі ретінде 13 қыркүйек күнгі 03 сағат 40 минут шамасында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Садықов көшесінде 50 жастағы жүргізушінің масаң күйде «Volkswagen polo» көлігін жүргізгенін анықтады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабына сәйкес жүргізушіге әкімшілік хаттама жасалып, сот шешімі бойынша ол жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл факті патрульдік полиция батальонының инспекторы Есеней Болатовтың кәсіби жұмысының нәтижесі болды.

Жалпы, тәртіп сақшылары рейд барысында тек қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылаумен шектелмей, көші-қон саласы және қаруды сақтау тәртібі бойынша да құқық бұзушылықтарды анықтады. Әрбір құқық бұзушылыққа қатысты заң аясында тиісті шаралар қолданылды. Бұл – қоғамның тыныштығын қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жүргізіліп жатқандығының айқын дәлелі.

– Қоғамдық тәртіп – тек полицияның міндеті емес, әр адамның жауапкершілігі. Тек осылай ғана қоғамда тұрақтылық пен тыныштық орнайды, — дейді А.Ідірісов.

Ортақ жауапкершілік

Жолбасшының айтуынша, рейд барысында түрлі жағдайға тап болады. Бірде түнгі уақытта жасөспірім қыздың жалғыз жүргенін анықтап, ата-анасына хабарласып, аман-есен үйіне жеткізіпті. Тағы бірде масаң күйде көлік жүргізген адамды тоқтатып, ықтимал жол апатының алған. Қиындықтар да жоқ емес. Соның бірі – кейбір тұрғындардың түсінбеушілігі, заңды талаптарға бағынбауы. Дегенмен, «тұрғындардың көбі полицияның әрекетін қолдап, түсіністікпен қарайды» дейді рейдке шыққан тәртіп сақшылары.

Жолбасшы Айбол Ідірісов журналистердің рейдке қатысуын халықпен тікелей қарым-қатынас орнатудың маңызды элементі деп бағалайды.

– Журналистердің мұндай шараларға қатысуы – қоғамға ашықтықтың айғағы. БАҚ өкілдері тікелей оқиға орнынан ақпарат беріп, тұрғындарға заң талаптарының нақты қалай орындалатынын көрсетеді. Бұл да профилактиканың бір түрі. Халық полицияның жұмысына көз жеткізеді әрі құқық бұзушылықтың салдары туралы түсінік алады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы да хабарламалар жарияланып, түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отырады, — деп атап өтті ол.

Әрине, әр адам заңды сақтап, қоғамдық орындарда тәртіпке бағынса, қауіпсіздік деңгейі әлдеқайда жоғары болады.

– Жол ережесін қатаң қадағалап, қоғамдық орындарда әдепті болыңыздар. Әрбір адам өзінің жауапкершілігін сезінгенде ғана біз қауіпсіз әрі тыныш орта қалыптастырамыз, — деп А.Ідірісов тұрғындарды газет арқылы тәртіпке үндеді.

Бұл жолы тәртіп сақшылары түнгі ойын-сауық орындарына, халық көп жиналатын орталық көшелерге, аялдамалар мен базарлар аумағына ерекше назар аударды. Нәтижесінде бір күн ішінде 500-ге жуық құқық бұзушылық анықталды. Дегенмен, тәртіптің қоғам тірегі екенін ұмытпаған жөн. Заң мен тәртіп орнаған жерде ғана әрбір адам өзін қауіпсіз сезіне алады.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button