Жарнама
Құқық

Сот шешімі  қалай орындалады?

*30 қыркүйек – Әділет органдары қызметкерлерінің күні

Сот шешімі  қалай орындалады?

Сағат тілі тұп-тура 10-ды көрсеткенде, «Нұрсая» шағынауданындағы Мамандандырылған сот ғимаратына Атырау қаласының мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің басшысы, аға сот орындаушының міндетін атқарушы Гүлбану Амановамен бірге келдік.

e00e06c4 7219 4f20 8fda 9c033c479fc2

– Түске дейін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы 1-тармағы бойынша 13 іс қаралуға тиіс. Қарапайым тілмен айтсақ, бүгін соттың шешімін орындамаған адамдардың мәселесі қаралады, — деген Гүлбану Нұрланқызы бөлімде 300 атқару өндірісі бар екенін айтты.

Иә, әділ шешімді шығаратын сот, ал оның әділдігін орнататын – сот орындаушылары. Бірақ, өкінішке қарай, қоғамда «сот орындаушылар әділдік орнатып жатыр» деген ұғым қалыптасқан жоқ. Керісінше, оларды жазалаушы сияқты көреді. Зардап шеккен тараптың мүддесі үшін жұмыс істеп жатқаны ешкімнің ойына да келмейді ғой.

Міне, Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының мәжіліс залы орналасқан дәлізге беттеп келеміз. Борышкерлердің басым көпшілігі суретке түспек түгіл, өздері туралы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Сондықтан олардың құқына қол сұқпауды азаматтық парыз санадық.

Судьялар да мәжіліске қатысуға рұқсат еткен жоқ. Тек екеуіне ғана кіруге мүмкіндік алдық. Сот мәжілісінің арасында дәлізде борышкерлермен тілдесіп, олардың көңіл-күйін де аңғардық. Бірі ашулы, бірі уайым шегіп отыр, енді бірі әділдікті күткендей алаңдаулы сыңайлы. «Сізге не керек? Суретке түсірмеңіз, аты-жөнімді жазбаңыз» деп шорт кескендері де болды.

Сонымен, алғашқы іс ажырасып кеткен отбасыға қатысты екен. Бұдан бұрын қаралған сот мәжілісі – баласын белгіленген уақытта әкесімен кездесуіне рұқсат етпеген әйелге қатысты. Енді келіншекке сот шешімін орындамағаны үшін айыппұл салынды. Бұрынғы күйеуіне ұлын көрсетуден бас тартқан әйелге судья 13 мың теңге әкімшілік айыппұл тағайындады.

Соттағы мұндай істер тек бір отбасының дауы емес, қоғамдағы бала тағдырына қатысты ең өзекті мәселенің бірі. «Бала – әкенің де, ананың да үміті» дейді ғой. Сот шешімінің мәні де сол үмітті үзбеу, баланың әке мейірімін сезінуіне жағдай жасау еді.

Келесі сот процесінде алимент төлемеген борышкер азаматқа қатысты іс қаралды. Залдан шыққан бетте ол бізге өкпесін айтты.

– Мен алиментті төрт балаға төлеп отырмын. Жалақым – 80 мың теңге. Енді мына сот «бұрынғы әйеліңе де ақша бересің» дейді. Неге оған беруім керек? Оның екінші жолдасы бар емес пе? Ал балаларым үшін тұрақты төлеп отырмын. Маған судья Гүлжан Азамат бес тәулік қамақ берді. Бұл шешіммен келіспеймін, арыз жазамын, — деді ашуға булыққан ол.

Сот орындаушы Гүлбану Нұрланқызы бізге мән-жайды түсіндіріп берді.

– Заңдағы өзгерістерге сәйкес, баласы үш жасқа толғанша бұрынғы әйеліне де 11 мың теңге алимент төлеуге міндетті. Бұл адамның  борышы – 200 мың теңге. Сол себепті осындай жаза тағайындалды, — деді ол сабырлы дауыспен.

Заң алдында бәрі тең

Қоғамның дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығы үшін ең маңызды принциптердің бірі – заң және сот алдында азаматтардың бәрінің теңдігі. Бұл принцип барлық адамдардың құқықтары мен міндеттерін бірдей негізде тану мен қорғалуын қамтамасыз етеді.

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Айман Әзмұханова іскерлік қарым-қатынасқа қатысты істе әділдік принциптеріне сүйенді. Процесте белгілі болғанындай, «TRANS SERVICE AKZHOL» ЖШС бір азаматқа 4 миллион теңгеден астам берешегін қайтармаған. Бұрынғы сот шешімінде бұл қарызды қайтару міндеттелсе де, үкім орындалмапты. Ақыры, судья серіктестік басшысына 117 мың теңге әкімшілік айыппұл салды. Бұл бизнестегі жауапсыздықтың салдары болса керек.

Түйгеніміз – «қарыз  қайтарылуға тиіс» деген қағиданы елемегендердің ісі соттың табалдырығынан аттамай қоймайды.

Түске таманғы кезекті іс те оңай болған жоқ. Бір азамат екінші деңгейлі үш банктен алған несиесін қайтара алмай отыр. Қарызы 10 миллион теңгеден асып жығылады.

– Несие алған кезде тұрақты жұмысым болды, Теңіз кенішінде еңбек еттім. Ай сайын уақытында төлеп жүрдім. Кейін жұмыстан қысқарып қалдым. Еңбек биржасына тіркелдім, бірақ жұмыс табылмады. Содан бері Евразия, Каспи, Хоум банктеріндегі несиені төлей алмай жүрмін. Сот төлеуге міндеттеді, бірақ қалай төлеймін?! — деп қинала сөйлеген ол басындағы жағдайын түсіндірді.

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Асылжан Құралбеков бұл борышкерге үш тәулік әкімшілік қамақ жазасын кесті. Қарыз қамыты алтын басты азаматты сотқа дейін сүйрегеніне біз де қапаландық. Мұндайда бүгінгінің «Қарызсыз адам бақытты» деген әзіл-шыны аралас нақылы еріксіз еске түседі.

Соттан кейінгі сәт

Сот отырысы аяқталғанша сағат түскі бірге жақындады. Әкімшілік қамаққа алынған екі адамды сот орындаушымен бірге полиция департаментінің әкімшілік тәртіппен ұсталғандарды арнайы қабылдау орнына жеткіздік. Алайда, қаулы электронды базаға түспегендіктен, олар қабылданбай, біраз кідірдік. Амалсыз сот орындаушымен бірге сағат 15.00-ге дейін сол жерде күтуге мәжбүр болдық. Ол «қаулы база арқылы түседі» деп түсіндірді.

Күтіп тұрғанымызда, учаскелік инспектор бір адамды алып келді. Одан не үшін жеткізілгенін сұрағанда, ол «подъезде мас болып ұйықтап қалыппын, әйелім «102»-ге хабарласқан екен» деді…

* * *

Уақытты тиімді пайдалану үшін біз сот орындаушысы Гүлбану Нұрланқызынан мамандығына қалай келгенін, қызметінің қиындығы туралы сұрадық. Ол 2011 жылдан бері әділет саласында еңбек етіп келе жатқанын, алғашында сот орындаушының көмекшісі болып бастағанын, кейін инспектор қызметіне ауысқанын айтты. Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарында еңбек етіп, 2019 жылы Атырауға ауысқан. Әңгіме барысында оның көп балалы ана екенін де білдік.

– Жұмысыңыз ауыр әрі жауапты. Әйел адамға оңай соқпайтын шығар? — деген сауалымызға:

– Әрине, бұл тек қағазбен жұмыс істейтін қызмет емес. Қоғаммен, түрлі мінез-құлықтағы адамдармен бетпе-бет келесің. Бір күні тыныш өтсе, келесі күні шиеленіске толы болуы мүмкін. Әсіресе, борышкерлермен жұмыс психологиялық тұрғыдан қиын. Бірақ мен өз жұмысымды жақсы көремін. Бұл салада еңбек ету – менің таңдауым. Ал отбасы тарапынан жолдасым мен ата-енем үлкен қолдау көрсетеді. Соның арқасында қызметімді де, аналық міндетімді де қатар алып жүрмін, — деп шынайы жауап берді.

Шын мәнінде, бұл саладағы қыз-келіншектердің орны ерекше. Олар заң талаптарын орындай жүріп, адамгершілік пен мейірім шекарасын да сақтауға тырысады. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін бұл қызметте әйел адам үшін салмақ жүгі ауырлай түсері сөзсіз. Соған қарамастан Гүлбану Нұрланқызы сияқты мамандар өз ісіне адал қызмет етіп жүр.

Көп ұзамай күткен қаулы базаға түсіп, екі адамды полиция қызметкеріне тапсырдық. Жол-жөнекей Гүлбану Нұрланқызы соттың екі түрлі шешім шығаратынын түсіндіріп өтті: айыппұл немесе әкімшілік қамақ. Бұл шешім борышкердің жағдайына және кінәсінің сипатына қарай қабылданады екен.

Осылайша, біз сот орындаушымен бірге өткізген жарты күннің өзінде талай тағдырға куә болдық. Бірінің мәселесі – алимент, екіншісі – бизнес берешегі, ал тағы бірі – банктік несие. Көрдіңіз бе, әр істің артында адам тағдыры жатыр!..

Контрабандалық темекі мен тәртіпті бақылау

Арада шамамен жарты сағаттай уақыт өткенде сот орындаушысы Гүлбану Амановамен бірге тәркіленген мүліктер бойынша тексеру жұмысын жалғастырдық. Бұл жолғы бағытымыз – Вокзал маңы шағынауданында орналасқан «Нұржан» дүкені. Онда 482 дана шыны ыдыстағы алкоголь өнімі ешбір ілеспе құжатсыз саудаға шығарылғаны анықталған. Бұған дейін бұл дерек салық қызметінің назарына ілігіп, тиісті тексеру барысында дәл осы тауар тәркіленген екен.

Гүлбану Нұрланқызы дүкен иесіне бұл өнімдердің заңсыз айналымда жүргенін тағы бір ескертіп өтті. Ол таңертең арнайы көлікпен, нақтырақ айтқанда, «Газельмен» келіп, тәркіленген тауарды тиісті тәртіпке сай алып кететінін түсіндірді. Кейін бұл өнімдер қаржы бөліміне тапсырылады.

Жалпы, тауардың құжатсыз сатылуы жай ғана ереже бұзу емес, бұл мемлекетке келетін нақты зиян. Ал мұндай заң бұзушылықтың жолын кесу – сот орындаушылары мен салық қызметінің күнделікті маңызды міндеттерінің бірі.

Келесі нысан – Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы. Мұнда бізді салық қызметінің өкілдері күтіп алды. Мекемеде тәркіленген контрабандалық темекі бұйымдары сот орындаушының қатысуымен мемлекет пайдасына ресімделді.

Салық қызметкерлерінің мәліметінше, соңғы рейд кезінде сауда орындарынан ілеспе құжаттары жоқ, Қырғыз елінен заңсыз жолмен жеткізілген темекі тәркіленген. Олар Қазақстан аумағына арзан бағада кіргізіліп, еш құжатсыз саудаға шығарылып отырған. Бөлім басшысы Бағытжан Ақатовтың айтуынша, мұндай өнімдер елдегі заңнаманы өрескел бұзу болып саналады.

– Бізге келіп түскен арыз-шағымдар негізінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша сотқа жолдаймыз. Егер тексеру кезінде кассалық аппарат тіркелмегені, чек берілмегені анықталса, бұл да қосымша құқық бұзушылық. Соттың шешімімен тауар тәркіленіп, әрі қарай сот орындаушыларына жолданады, — деп түсіндірді ол.

Біздің көзімізше сот орындаушысы Гүлбану Аманова 7526 дана темекіні бір-бірлеп санап, арнайы скотчпен орап, оларды қаржы бөліміне тапсыру үшін дайындады. Бұдан соң тәркіленген заттарға заң талабына сай акті толтырылып, мемлекет меншігіне өткізіледі. Сот орындаушының айтуынша, бұл бір күндік жұмыс емес. Мұндай тәркілеу істері күнделікті қызметтің бір бөлігіне айналған.

– Біз мемлекеттік сот орындаушы ретінде көбінесе мемлекет пайдасына шешілетін атқару өндірістерімен жұмыс істейміз. Ал жеке сот орындаушылары жеке адамға қатысты айыппұлдарды орындайды. Олар әкімшілік хаттама толтыра алмайды, тек атқару қаулысын орындайды. Егер орындаудан жалтарса, ол іс бізге жолданады. Ал біз оған арнайы хаттама толтырып, сотқа жеткіземіз, — деп Гүлбану Нұрланқызы жұмысын баппен түсіндірді.

Контрабандалық тауарлар, атап айтқанда лицензиясыз сатылған алкоголь мен темекі өнімдері сот шешімі шыққан соң қаржы бөліміне тапсырылады. Мұнда олар не жойылады, не арнайы комиссия шешімімен сатылымға шығарылуы мүмкін. Бірақ, заңсыз өнімдердің көбі жойылатыны белгілі.

– Жойылатын тауарлар, мысалы темекі мен алкоголь, кейде өртеп жібереді, кейде арнайы шұңқыр қазып, көміледі. Бәрі де заң талаптарына сай жасалады. Егер тәркіленген мүлік браконьерлерден алынған көлік, қайық, құрал-сайман болса, олар аукцион арқылы сатылып, түскен табыс мемлекеттік қазынаға аударылады, — деді Гүлбану Нұрланқызы.

Сот орындаушы соңында барлық тәркіленген заттарды қаржы бөліміне тапсыру үшін қораптарды санап дайындап қойды. Айтуынша, олар атқару парағын екі ай ішінде орындауы тиіс, бірақ көбінесе бір ай ішінде бәрін анықтап, мемлекет меншігіне тапсыруға тырысады.

Мұндай күнделікті, көзге көріне бермейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды жұмыстар – құқықтық тәртіп пен экономикалық қауіпсіздікті сақтаудың басты кепілі.

ТҮЙІН

«Заңды сыйлаған – елін сыйлайды» деген қағидаға сәйкес, сот орындаушының жұмысы заңның салмағын, әділеттің мәнін айқындау. Әр салада өз ісінің маманын көргенде, олардың қызметіне шын берілгендігіне көз жеткенде бойыңды таңданыс пен мақтаныш қатар кернейді екен. Өйткені бұл қызметкерлер қаншама баланың несібесін алып беріп, қаншама тараптың қарызын өндіріп отыр. Көзге көрінбес, бірақ қоғам үшін маңызы өлшеусіз осы еңбектің артында талай жанның тағдыры тұрғанына аяқтай жүріп куә болдық.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button