Сот сарапшысы деген кім?

Ата Заңда адамның құқы мен бостандығын, ар-намысын қорғау, т.б. секілді адамгершілікке негізделген бірқатар нормалар бар.

Осы қағидаттар құқыққа әсер етеді және заңдардың негізіне ықпалын тигізіп, одан әрі даму барысында түрлі кодекстер мен әртүрлі заң актілері жасалады. Бірақ бұл адамгершілік қасиеттер заңдылықта сақталмаса, ізгілікке қол жеткізу мүмкін емес. Ал кез-келген ауыр қылмысты ашу барысында ізгіліктің көрінісі сот сараптамасының қорытындысына байланысты айқындалады. Сондықтан сот сараптамасын жүргізу барысында сарапшыға маңызды міндеттер жүктеледі. Ол қылмыстық оқиғаға қатысты сарапшы қорытындысында қандай тұжырым береді, адам тағдырын шешетін соңғы үкім де соған негізделеді. Атырау облысында сот сарапшысы мамандығын таңдаушылар қатары жоқтың қасы, сәйкесінше қажеттілік жыл санап артып келеді. Сарапшының қоғамдағы мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайына қамқорлық жасалса бұл мамандыққа жастардың қызығушылығы артады деген ойдамын. Жалпы, адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығымен ұштасып жатады. Бір кездері мен де «кім боламын?» деген сұрақтың жетегінде көп ойландым. Қазір сот сарапшысы мамандығын таңдап, өмір жолымда дұрыс қадам жасағаныма сенімдімін. Сарапшылық мамандық жан-жақтылықты, объективтілікті талап ететін мамандық. Сот сараптамасын сот, прокуратура, тергеуші және анықтаушы сараптама жүргізуді жүктейтін, істің нәтижесіне мүдделі емес, арнаулы ғылыми білім-білігі бар лауазымды адам – сот сарапшысы жүргізеді. Сот сараптамасын тағайындауға тергеушінің қаулысы немесе соттың ұйғарымы негіз болып табылады. Облыс көлемінде құжаттардың сот сараптамасы, сот портреттік сараптамасы, сот бейнефонографиялық сараптамасы, заттар мен материалдардың сот сараптамасы, жол-көлік оқиғасы жағдайлары мен көлік құралдарының сот сараптамасы және басқа түрлері бойынша қызмет көрсетеді. Бұлардың әрқайсысының санаттары мен мерзімдері бойынша ережесі бар. Аталған зерттеулердің ішінде сот-молекулярлық генетикалық сарапшының қызметіне тоқталайын. Молекулярлық-генетикалық зерттеу қорытындысы бірінші кезекте жеке тұлғаны идентификациялау шешімін орындауға тағайындалады. Әр адамның жеке басына тән тұқымқуалау белгілері туралы ақпаратты ДНҚ молекуласынан табамыз. Қазіргі кезде әкелік құқықты анықтауда немесе қылмысты табуда ДНҚ талдауы жиі қолданылады. Сол арқылы адамдар арасындағы туыстық дәреже немесе қандай болса да бір ағзасының мысалы тері кесіндісінің, сүйектің, тағы басқа қай адамға тиесілі екені анықталады. Бұл тек қана азаматтық істер бойынша берілген мағлұмат, ал қылмыстық істер бойынша қаншама деректер бар, мұның бәрін осы бір ғана сарапшы деген сөзден тұратын мамандық иесі анықтайды. Осы орайда сот сарапшылары егеменді еліміздің заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға өз құзыреті шегінде атсалысып, өз міндеттерін тиісінше адал атқарып келе жатқанын атап өткім келеді.

Жанат ІЗТЕЛЕУОВА, Атырау облысы бойынша сот сараптамалар институтының сарапшысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз