Шекарашының бір күні

cd8b1c0afce974a1e4828ee7e160e394 1280x720 Құқық

– Аға лейтенант мырза! Шекара бұзушының ізі табылды. Біздің тылға қарай кеткен.

Ефрейтордың саңқылдап шыққан үніне арсылдап үрген  шекарашы ит Райф та өзі тапқан ізге тезірек түскісі келіп, иесін шыр айналды.

– Естеріңе мықтап сақтаңдар: мемлекет шекарадан басталады. Сендер сол шекараның тірегісіңдер! – командирлік қатал үнмен нығарлай сөйлеген офицер оқу сыныбындағы сарбаздарды көзімен шолып өтті. Барлығы түсінікті ме?

– Дәл солай! – біркелкі үнмен жауап берді сарбаздар.

– Дәріс аяқталды. Бос уақыт.

Осы кезде:

– Сұрақ қоюға рұқсат етіңіз, – деп байланысшы қатардағы жауынгер Жиенбай қолын көтерді.

– Рұқсат!

– Ал біздің учаскеде шекара бұзушыларды ұстады ма, әлде мұндайлар болған емес пе?

– Мен заставаға келгелі әзірге мұндай оқиға болған жоқ, – деп түсіндіруге кіріскен офицер осы сәт неге екенін, өзін сарбаздардың алдында ыңғайсыз сезінді. Бұл не болғаны сонда, білдей шекарашы деген аты бар, ал өзі әзірге жеке құрамға дәріс оқумен шектелсе қалай болғаны.

Жоқ. Әрине. Заставадағы кез келген офицер – ең алдымен ол ел шебін күзету бойынша қырағы қызметті ұйымдастырушы, ал сонан кейін ғана оқытушы. Өзі де шекара өмірінің сапырылысына түсіп кеткен. Қару алып, шекара соқпақтарымен жаяу немесе атпен жүреді, құпия шекара нарядын басқарып, барлау жасайды, жергілікті тұрғындармен жұмыс істейді. Айта берсең, шаруа шаш-етектен.

– «Застава – жауынгерлік шеп» деп бекер айтылмаған. Мұнда кез келген сәтте, күтпеген жерден оқиға орын алуы мүмкін. Сондықтан бізден ең алдымен не талап етіледі?

– Қырағылық! – сарбаздар тағы біркелкі үн қатты, бірақ бұл жолы солғын шықты…

– Боссыңдар!

Дәрістен кейін сарбаздардың қызметтен қолы бостары заставаның ауласындағы күркеге жиналды. Темекі шегіп, жастыққа тән көңілмен бір-бірімен әзілдесуге кіріскен олар өздерінің сүйікті тақырыптарын да ұмытқан жоқ. Бұл, әрине, қызметі аяқталып, үйлеріне қайтуға дайындалып жүргендерге көбірек қатысты. Есесіне, заставаға келгендеріне көп болмаған сарыауыздарды мұнан гөрі басқа нәрсе қызықтыратын секілді.

– Ал Шекара әскерлерінің үздігін не үшін береді?

– Шекара бұзушыны ұстағаны үшін!

Күрке өзі отырған кеңсенің түбінде болғандықтан, аға лейтенант Өркен Шайзуллаға екі сарбаздың әңгімесі анық естіліп тұр.

Жас сарбаз да қояр емес:

– Ал аға лейтенант мырза біздің Қарашілікте шекара бұзушының көптен бері ұстамағанын айтты.

– Ал сен үйіңе медальмен қайт­қың келіп тұрған секілдісің ғой?

Сақа сарбаздың сөзіне барлығы ду күлді. Әйтсе де, бірі байырғы, бірі жас – қос жауынгердің де айтқандарының астарында шындық бар еді. Туған үйлеріне шекараның батыры болып оралуды кім қаламасын.

Міне, дәл осы сәтте шекара бөлімшесінің «Қаруға!» деген дабылы ойнап қоя берген. Күрке әп-сәтте босап қалды.

– Учаскенің сол қанатында дабыл қондырғысы іске қосылды, – деп баяндады бөлімше байланысшысы аға лейтенант Өркен Шайзуллаға.

– Команда бойынша баяндалсын! – офицер сосын жеке құрамға бұйрық берді: «Дабыл» тобы – көлікке! Тез!

Шекара нарядының жиналуына төрт-ақ минут жеткілікті болған…

ҰҚК Шекара академиясын бітіріп, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің Күршім ауданы бойынша шекара басқармасында қызмет атқаруға кіріскеніне небәрі бірнеше жылдың жүзі болған офицерге шынында да учаскенің әрбір соқпағы етене таныс. Дегенмен «Қарашілік» шекара бөлімшесі бастығының міндетін атқарғанына көп уақыт өте қойған жоқ еді. Сондықтан иығына артылған міндеттің салмағын өте жақсы білетін.

Құрамына төрт әскери қызметші енген «Дабыл» шекара нарядын аға лейтенанттың өзі басқарды. Өздерімен бірге қызмет иті Райф­ты ала кетті.

Осы сәтте бөлімшенің қақпасынан кіші сержант Рамазан Өнеров бастаған «Тосқауыл» тобы да шығып үлгерген.

Өйткені бірі ізді зерттеп жатқан кезде, екіншісі сол аумақты өзінің бақылауына алады.

Шекарашыларда күн, апта, ай деген ұғым жоқ. Қызметтері де 00-де басталады. Бірақ ешқашан аяқталған емес. Шет-шегі жоқ, бірінен кейін бірі жалғаса береді.

Қалада ше?.. Дәл осы кезде көше-көшедегі кептелістер сейіліп, күні бойғы у-шу саябырсиды. Жұмыстан қайтқан немесе екінші ауысымға асыққан адамдар қаланың аз да болса еркін тыныстап, ақырын ғана ыңылдап салатын әніне құлақтарын түретін тамаша сәт туады.

Ал шекарада мүлде олай емес.

«Дабыл» тобын салып алып, шекараға қарай ағызып бара жатқан әскери көлікті тізгіндеген жүргізуші де, оның қасында отыр­ған офицер де үнсіз. Әркім өз ойымен әуре. Дабыл қондырғысының іске қосылғанын бірінші болып баяндаған байланысшы қатардағы жауынгер Ернар Жиенбай, сарбаздар Сұлтан Жақсыбек, Өнербек Нәзірбек және қызмет итінің аға нұсқаушысы ефрейтор Жасұлан Төлепберген де терезеден көз алмайды. Тіпті бөлімшенің сүйікті итіне айналған Райф та әлгінде ғана өзінің ұясынан шыққан кездегі арсалаңдап жүгіргенін «ұмытып» кеткендей, қимылсыз.

Жиырма екінші нүктеге жетісі­мен дабыл тобы іске кірісті. Тек, арадан минут та өтіп үлгерген жоқ, қызмет итінің аға нұсқаушысы ефрейтор Ж.Төлепбергеннің:

– Аға лейтенант мырза! Шекара бұзушының ізін көріп тұрмын. Із біздің тылға қарай кеткен, – деген ашық дауысы саңқ етті. Қожайынын қостағандай, арсылдап үрген  шекарашы ит Райф та өзі тапқан ізге тезірек түскісі келіп, иесін шыр айналды.

Шақырылмаған қонақтың осын­да болғанын инженерлік бағандарға тартылған сымдардың үзілген жіптері арқылы анықтаған байланысшы сарбаз да растады.

– Аға лейтенант мырза, мұнда бір адам еркін өтіп кетерліктей тесік бар, – деп баяндады қатардағы жауынгер Ө.Нәзірбек. – Шекара бұзушы бірнеше сымды кесіп тастаған.

Осыдан небәрі жарты сағатқа жетер-жетпес уақыт бұрын ерлік жасап, кеуделеріне медаль таққысы келген сарбаздар енді, міне, нағыз шекара бұзушымен бетпе-бет кездесудің алдында тұр.

Ең бастысы, енді қапы қалмау керек.

Мұндайда уақытты босқа оздырып тұрмайтын шекарашылар ізді тауып, бағыт алған иттің соңынан жүгірді. Ал жұлқынып ала жөнелген Райф «Дабыл» тобын тылға қарай бастап еді…

– Райфтан қалмаңдар! – деп бұйырған офицер бір жағынан өзінің сарбаздарын да жігерлендіруді ұмытқан жоқ.

Иттің соңынан жүгірген шекарашылар жолай бірнеше мәрте тоқтады. Тыныс алу үшін емес, ит жоғалған іздің иісін қайтадан тауып алғанша.

«Екі шақырым бойы кездескен жоқ, не деген желаяқ өзі, бейне аң секілді, жолына кездескенді қопарып барады… Кімсің сен, жаусың ба, әлде есі ауысқан біреумісің? Кім болсаң да, мен сені алмай қоймаймын!» Осылай анталаған сауалдардың «нүктесін» ойша қойған аға лейтенанттың бір қалыпты жүгірісі сайын дала төсінде тоқтаусыз шапса да, құлағының түбі де терлемеген бәйге атын еске салып тұр еді.

Шекарашыларды бастаған Райф та енді қайтып тоқтаған жоқ. Сөйтіп, «Дабыл» тобы мен шекара бұзушының арасы сәт сайын жақындай берді.

Әлден соң барып, аймақтың әрбір қалтарысы мен бұлтарысы арқылы алға тартып бара жатқан ер адамның бейнесі анық көрінді. Ол әзірге өзінің артында қуғын бар екенін білген жоқ. Сосын болар, «жеңіл атлетикадан» аяңға көшкені.

– Тізбек созылсын! Қос қапталдан қоршаймыз, – ентіккен шекарашы офицер бұйрық берді.

Бұл кезде дегеніне жетіп, көңілі жайланып үлгерген шекара бұзушы шекарашылар өзіне әбден жақындағанда барып байқады. Ал Райфқа атылып барып, оны жерге құлату ғана қалған, бірақ ақылды ит мұны иесінің бұйрығынсыз істеген жоқ, тіпті өзінің қасқыр тістерін көрсетіп ырылдамады да. Бар болғаны нұсқаушы жаққа басын бұрып, оның «фас» деген командасын күтті.

Бір орнында қатып қалған шекара бұзушы артына бұрылып, шекарашыларға, итке мұқият қарады, сосын қолын көтерудің орнына бұрыла салып, қаша жөнелмек болды.

Міне осы кезде барып Райф күткен команда да берілген.

Оқтай атылған Райф қашқынды жерге құлатты. Бірақ қашқын да өліспей беріспеуді шешсе керек, әлденемен иттің басынан ұрды. Ызаланған Райф тура алқымына тақалғанда шекара бұзушының жан дауысы шыға айғайлап жіберді.

– Райф, «фу!», – деп бұйырды жетекшісі.

Тәртіпке үйретілген төрт аяқты шекарашы иесінің бұйрығын бірден орындады, бірақ шекара бұзушыдан өзінің ызғарлы көздерін алмады.

Ал қақтығыс кезінде қаны қызып шыға келген қашқын бірден орнынан атып тұрып, неге екені, күресетін адамның кейпін жасады. Ол оп-оңай берілгісі келмеген, өйткені осыдан бірнеше минут бұрын ғана бәрі жақсы болатын. Оны тіпті шекарашылардың өзін нысанаға алған қарулары да қорқыта алмаған.

«Дабыл» тобы мен сыртқы түрі қытайға ұқсайтын шекара бұзушы терең тыныстаған күйі бір-біріне үнсіз қарап тұрды. Бұл бар-жоғы бірнеше секундқа ғана жалғасқан еді.

Қару пайдаланбауды шешкен аға лейтенант қатардағы жауынгер Жақсыбекке шекара бұзушының назарын бұру үшін оның тыл жағынан келуге белгі берді. Офицердің айласы іске асты, жат­елдіктің сарбаз жаққа қарағаны сол еді, топ басшысынан қатты соққы алған ол ендігі сәтте жерде жатты…

Шекара бұзушының қолын байлаған соң орнынан тұрғызды. Сонда барып өз жағдайының қиын екенін түсінген ол басын төмен салбыратып жіберген. Осы сәтте әскери «Уазик» те келіп жетті. Құрықталған шекара бұзушы көлікке қарай ықылассыз жүрді.  

Қайтар жолда сәтті аяқталған құрықтау операциясын тағы да ой елегінен өткізген аға лейтенант Өркен Шайзулла: «Міне, енді біз де шекара бұзушыны ұстадық. Бірнеше жылдан кейінгі бірінші құрықтау. Бірінші… Бұл менің қызметімде де бірінші! Қызық, ал енді басшылар қалай бағалар екен?!.. Түу, сен де қызықсың, шекараға алғаш келген сарбаз секілді армандап. Сен не, шекараны марапат үшін қорғап жүрсің бе? Ол өзіне өзі сын айтып, ескерту жасады. Одан да бұл біздің учаскемізде біріншісі де, соңғысы да болсын. Жетер армандағаның, одан да баянатта құрықтауға қатысқан әрбір сарбаздың еңбегін көрсету керек».

Кейіннен белгілі болғандай, шекара бұзушы ҚХР елінің азаматы екен. Оның сөзінше, жақсы өмір іздеп, осыдан екі күн бұрын Каба қаласынан шығып, Қазақстан аумағына бет алыпты. ҚХР азаматы екенін айғақтайтын құжатын өз елінің шекарасынан шықпай тұрып жыртқан көрінеді. Ал өзінің бөтен елдің аумағындағы іс-әрекеті үшін Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әділ жазасын алатыны еш күмәнсіз.

Бәрінен де 2021 жылдың 2 қыр­күйегінде өз басынан кешірген оқиғаның өмір бойы ұмытылмастай сабақ болғаны анық. Өйт­кені Қазақстанның шекарасында кіл патриоттар тұр.

ҰҚК Шекара академиясын 2019 жылы бітіріп, туған елінің шығыс­тағы шекарасында қызмет атқаруға жіберілген аға лейтенант Өркен Шайзулла – солардың бірі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз