Жарнама
Құқық

Шекара асқан көлікті неге тоқтатты?

Соңғы уақытта шетелдік нөмір таққан көлік жүргізушілерінің шағымы көбейді. Редакцияға хабарласқан оқырмандардың айтуынша, әсіресе ресейлік нөмірмен жүрген автокөлік иелерін жол-патрульдік полициясы жиі тоқтатып, кейде айыппұл салып, тіпті көлікті айып тұрағына алып кетеді екен.

1193cb38 1fc5 4e3c 98e5 745679a8c40c 2

Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында біз Атырау облысы полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы Жеңіс Дәулетовтен ресми түсініктеме алдық.

Талап пен тәртіп ортақ

Полиция өкілінің айтуынша, Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үнемі жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп отырады. Сол шаралар кезінде шетелде тіркелген автокөліктер де тоқтатылып, жүргізушілерге көлік құралының заңды мәртебесіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Егер көлік иесінде қажетті құжаттар болмаса немесе көлік Қазақстан аумағында заңда белгіленген мерзімнен ұзақ жүрсе, онда иесі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Бұл бапта мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ немесе тіркеуден өтпеген көлік құралын басқару заң бұзушылық болып саналатыны нақты көрсетілген. Ал мұндай әрекет бір жыл ішінде қайталанса, әкімшілік айыппұлмен қатар көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы да қолданылады.

Шетелдік нөмір «сәнде» емес

Жалпы, шетелде тіркелген автокөлік Қазақстан аумағында бір жылдан аспайтын мерзімде ғана уақытша жүре алады. Алайда көлік ел шекарасына кірген сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде иесі тіркеуге қоюға міндетті. Бұл талап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше, атап айтқанда, Ресей, Армения, Грузия елдерінен әкелінген көліктерге де қатысты.

«Жол жүрісі туралы» заңның 66-бабында көрсетілгендей, көлікті тіркеу үшін бірқатар құжаттарды жинап, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Оның ішінде жеке куәлік, көлікке меншік құқығын растайтын құжат, шетелде тіркелгені туралы куәлік, кедендік декларация, утилизациялық алымды төлеу туралы түбіртек, сақтандыру полисі және мемлекеттік тіркеу алымдары бар. Кейбір жағдайда техникалық сәйкестік сертификаты мен шетел тіліндегі құжаттардың нотариалды аудармасы да қажет болуы мүмкін.

Жүргізу – жүйітку емес!

Атырау облысы бойынша соңғы айларда шетелдік автокөліктерге қатысты 6000-ға жуық құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде ең көп тарағаны – жылдамдықты арттыру (4086 жағдай), жол белгілерін сақтамау, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өту және міндетті сақтандыру полисінің болмауы.

Сонымен қатар, заңды тіркеуден өтпеген көлікті басқарғаны үшін 417 құқық бұзушылық анықталыпты. Бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді.

Полиция бірден жазаламайды

Кейбір көлік жүргізушілері полиция тарапынан бірден айыппұл салынып жатыр деп ойлайды. Алайда, Ж.Дәулетовтің айтуынша, әкімшілік шара қолданбас бұрын полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, «Жолда қабылдау» акциясы аясында және Халыққа қызмет көрсету орталықтарында құқық қорғау органдары, кеден және мемлекеттік кірістер департаменті мамандарымен бірлесіп шетелдік көліктерді заңдастыру жолдары түсіндіріледі.

Сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында облыс және аудан деңгейіндегі полиция бөлімшелері заңнамадағы өзгерістер, көлікті заңдастыру мерзімдері мен тәртіптері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұл шаралар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да насихатталады.

Заң білген жаңылмайды

Шетелдік нөмірлі көлікпен Қазақстан аумағында жүру белгілі бір тәртіп пен талаптарды сақтауды қажет етеді. Тіркеусіз көлік басқару тек айыппұлмен шектелмей, көлік иесін басқа да заңдық қиындықтарға ұрындыруы мүмкін. Сондықтан көлік иелері шетелден әкелген автокөлікті уақытында тіркеуден өткізіп, барлық құжаттарын реттеп алғаны жөн.

Өз тілшіміз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button