Сапалы сот төрелігі – заң үстемдігі

img 20200803 wa0014 Құқық

Atr.kz/3 тамыз, 2020 жыл. «Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу».


Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде елдің даму бағыты сабақтастық қағидасымен жалғасын тауып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылатынын айтты. Осы сөзінде негізгі үшінші бағыт ретінде сот және құқық қорғау жүйесін реформалау мәселесіне баса назар аударды. Президент «Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы үлкен міндет» екендігін назардан шығармады.

Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесіне талапты күшейту арқылы сапалы сот төрелігін қалыптастырып, сот әділдіктің соңғы шегіне айналатынына сенім білдірді.

Ал, бүгінгі атаулы күнде Ата заңның түп тамыры сонау ғасырлар қойнауындағы «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Әз-Тәукенің «Жеті жарғысынан», яғни дәстүрлі құқық бастаулары ретінде танылатын осы негізгі үш дала «конституциясынан» бастау алатынын еске алған жөн.

Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Конституциясын қабылдағаны баршамызға мәлім. Бірақ, 1993 жылы Конституция ескі әкімшілік, әміршілдік қоғам ережелеріне, көбіне кеңестік демократия принциптеріне негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына сәйкес келмеді.

Осы Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру принциптері, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметтері, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы Декларацияда айтылған биліктің үш саласы: басқару, сот билігі, заң шығару биліктерінің әрқайсысының атқаратын рөлі көрсетілмей қалды. Осылайша, 1993 жылы қабылданған Конституция өмір талабына сай келмегендіктен, Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті Н.Назарбаев қайтадан жаңа Конституция қабылдау керектігі туралы ұсыныс жасады.

Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Референдумға сайлаушылардың тоқсан пайызы қатысып, олардың 81 пайызы Конституцияны жақтап дауыс берді. Өйткені, жаңа Конституция халық пікірінің, ойының, олардың мүддесінің заңдылық көрінісі болды. Жаңа конституцияның авторы деп біз бүкіл Қазақстанның сайлауға қатысуға құқығы бар халқын айтуымызға болады.

Бұл Конституцияның Қазақстан аумағында қолданылған бұрынғы (1924, 1936, 1978, 1993 ж.ж.) Конституциялардан артықшылықтары мен ерекшеліктеріне заң саласының өкілі ретінде тоқталып кетейін:

  • Біріншіден, заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзіретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді;
  • екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақтарға бөлінуі мемлекеттің лауазымды адамдардың, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермеуін;
  • үшіншіден, бұл Конституцияда құқық пен жауапкершілік ұғымдары пара-пар көрсетілген. Осы Конституцияда бұрынғы Конституцияларда шешімін таппаған мемлекеттердің мәні, жер, тіл, азаматтық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі сияқты күрделі мәселелер заңдылық тұрғысынан өз шешімін тапты.

Ал, Конституцияға енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – сот жүйесін әлемдегі озық үлгілерге лайықты жетілдіру болатын. Әділет біліктілік алқасы таратылып, оның міндеті Жоғары Сот кеңесіне берілді. Конституциялық өзгерістерге дейінгі жылдары аудандық және оған теңестірілген соттардың судьяларын тағайындау жөніндегі ұсыныстарды Әділет біліктілік алқасының кепілдемесінің негізінде Әділет министрі, ал, облыстық соттардың судьяларын тағайындау жөніндегі ұсыныстарды Жоғарғы Сот кеңесі атқарып келген болса, ендігі жерде барлық деңгейдегі соттардың судьяларын тағайындауға ұсынысты Жоғарғы Сот кеңесі жасайды.

Бұл барлық деңгейдегі судьялардың бірдей мәртебеге ие болуына және сот жүйесін сапалы да білікті кадрлармен қамтамасыз етуге өз септігін тигізді. Сонымен қатар, әлеуметтік салаға бағытталған нарықтық экономиканы, соның ішінде зейнетақымен қамтамасыз етуді, тұрғын үй қатынастарын, білім беру мен денсаулық сақтауды және өзге де маңызды әлеуметтік салаларды іргелі түрде реформалауға тың серпін берілді. Әлемді шарпыған қаржы-экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан бюджет қызметкерлеріне төленетін әлеуметтік төлемдер мен еңбекақыны көбейту жөніндегі барлық міндеттемелері орындалуда. Конституция қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді негіздей отырып, оның мықты іргетасына айналды.

Конституцияның маңызы мен рөлін күшейту мемлекеттегі құқықтық саланың дамуының заңды тенденциясы болып табылады. Республикада Жоғарғы Сот бас болып, бірегей соттық жүйе құрылып, біркелкі соттық тәжірибе орнатылып, бірегей кадрлық саясат жүргізуге себепші болды.

Сот төрелігіне сенім деңгейін арттыру және қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер болып Республикада үш буынды сот жұмыс жасап келеді.

Сот жүйесінің жалпы дамуында Ата заңның маңызы ерекше. 2000 жылғы желтоқсанның 25 күні қабылданған «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында Ата заңымыздағы сот жүйесінің дамуына бағытталған бірқатар қағидалар қамтылып, сот саласындағы құқықтық реформаға тың серпін берді. Аталмыш заң сот төрелігін атқарудың қағидаларын одан әрі дамытуға мүмкіншілік жасап, судьялардың тәуелсіздігін, оларға жасалатын әлеуметтік кепілдерді айғақтап, қоғамдағы статустарының ерекшеліктерін бекітті.

Ең бастысы, адам өмірінің құндылығы мойындалды. Әркімнің өмір сүруге құқығы ескеріліп, Конституцияға тиісті өзгерістер 1998 жылы 7 қазанда, 2007 жылы 21 мамырда, 2011 жылы 2 ақпанда енгізілді. Соған сәйкес, елімізде адамды аса қатал жазаға тарту қысқартылды. Өлім жазасы тек соғыс уақытындағы немесе террористік әрекеттерге жататын қылмыстарға, немесе көптеген адамдардың қазасына соқтырған аса ауыр қылмыстарға қатысты ақтық шара ретінде қарастырылды.

Конституциядағы өзгеріске сәйкес, күзетпен ұстау соттың санкциялауы арқылы жасалатын болды. Бұл жаңашылдықты мемлекеттің адам құқығын қорғау төңірегіндегі жалпыға танымал стандарттарға жақындауының аса маңызды бөлігі деп білу керек. Бұл соттық бақылауды кеңейтудің және алдын ала зерттеу жүргізу кепілдігін енгізудің алғашқы қадамы. Бүгінгі күні елдегі сот жүйесі Конституцияға сәйкес, әрі қарай дамуға бағытталған шараларды жүзеге асырып жатыр.

Қазір сот жүйесі қоғамның тұрақты, сенімді құқықтық кепілдігіне айналды деп айтуға болады. Ата заңымызда қарастырылған құқықтар мен еркіндіктердің жүзеге асуын қолдап, бағалауымыз керек. Егер біз ұрпаққа бала жастан ұлтжандылық қасиетті дарыта алсақ, әрбір азаматымыз еліміздің патриоты болып шығатыны хақ. Сонда ғана біз қоғамның шынайы конституциялық келбетін ажарландырып, жаңа конституциялық мәдениетті қалыптастыра аламыз.

Мәдениеттілік, отансүйгіштік, ұлтжандылық әрбір отбасындағы тәрбие шеңберінен бастау алса, әділдік пен заңдылықтың күретамыры – Ата заңымыздың қайнарынан қуат алады.
Конституция бойынша өмір сүру – ең жоғары демократиялық мектеп болып табылады және бұл мектепті біз бәріміз де ұғуымыз қажет.

Мейірбек БАҚЫТЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Заңгерлер одағының мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз