Жарнама
Құқық

Қоғамның бітеу жарасы

Туған әкесінің қолынан қаза тапқан он бес жасар қыздың өлімі қоғамды дүр сілкіндірді. Маскүнемдікке салынған әкесін «ішкіш» деп айыптағаны үшін бауыр еті – баласын ажал құштырған қандай адам?! Әкесінің айыбын бетіне басқан өрімдей бойжеткеннің жазығы не? Айналаға зер салсаңыз, мұндай зұлымдық әрекеттер ел арасында көбейіп барады. Басқа басқа, өз туғанын тағдырдың тезіне салып, түбіне жетіп жатқан жағдайлар көп-ақ. «Айналайын» айтпайтын ана, өз баласын аямайтын жауыз әке қайдан шығады? Шынымен, қоғам қатыгезденіп бара ма?

Жантүршігерлік оқиғалар неге жиіледі?

Жантүршігерлік оқиғалардың жиілеуі – қоғамның жан дауысы. Қылмыс көбейген сайын салқынқандылық танытуға болмайды. Қанша айтсақ та, әке мен бала арасындағы махаббаттың жауыздыққа айналуы – ақылға сыймайтын трагедия.

Әрбір қылмыс – бір отбасының орны толмас қайғысы ғана емес, қоғамның бітеу жарасы. Сондықтан өз перзентін қорғай алмай, керісінше қасіретке итермелейтіндерге өте ауыр жаза қарастыру – уақыт талабы. Әлеуметтік жағдайы қиын жанұялармен жұмысты күшейту, бала қауіпсіздігіне кешенді бақылау орнату – бүгінгі басты міндет.

Мектеп мұғалімі, психолог, әлеуметтік педагог үшеуі бірігіп баланы бақылауы тиіс. Өйткені болып жатқан қатыгездіктер – бала үніне құлақ аспайтын қоғамның айқын көрінісі. «Бүгінгі ортада жантүршігерлік оқиғалар неге жиілеп кетті?» деген сұрақ мазалайды. Бірақ ол үшін жұрттың бәріне күйе жағуға да болмас. Өйткені бір анадан ала да туады, құла да туады.

Әрине, құзырлы органдар істің ақ-қарасын ажырата жатар, алайда қоғамды жайлап бара жатқан дертке көз жұма қарауға болмас. Олай дейтініміз, соңғы жылдары әкелер тарапынан ауыр қылмыстар көптеп орын алды. Ең қауіптісі, елде жантүршігерлік ауыр қылмысқа баратын қаныпезерлердің болуы. Бұл мәселені «қоғам дамып, адам саны көбейген сайын қылмыс та түрлене түседі» дейтін тәртіп сақшыларының әдеттегі «шығарыпсалма» сөзі ақтай алмайды-ау. Өйткені әке мен бала арасындағы махаббаттың жауыздыққа айналуы – кешірілмес күнә. Сол себепті, перзентін жамандықтан қорғаудың орнына, өмірін қиғандарға ауыр жаза қарастырылып, еш аяушылық болмауы тиіс. Ал мұндай қылмыстардың орын алуы елде әлеуметтік жағдайы төмен және «жайсыз» отбасылармен жұмысты күшейту қажеттігін білдіреді. Ең бастысы, әр баланың ортасы қауіпсіз бе, жоқ па, жауапты мамандар соған көз жеткізуі тиіс. Тіпті, мектеп мұғалімдері де оқушының жай-күйі мен тұрмысына назар аударып, онымен ашық сөйлесіп, мәселені ортақ шешуге талпынғаны жөн.

«Жайсыз» отбасымен жұмыс

«Ел бюджетінің төрттен бірін қамтамасыз ететін өңірміз» деп өрекпігенмен, Атырау облысында тұрмысы төмен, «жайсыз» отбасылар да жеткілікті. Ал қылмыстың көбі осындай жанұяларда болып жүр.

Облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция полковнигі Орынгүл Көшқалиева бізге «жайсыз отбасы» санатымен барлығы 171 адамның есепте тұрғанын айтты. Мұндай есепте тұрғандардың отбасында 343 кәмелетке толмаған бала бар екен. Олардың құқығын қорғап, қылмысты болдырмау мақсатында және «жайсыз» отбасыларға қатысты профилактикалық бақылаулар үнемі жүргізіліп отыр. Атап айтқанда, тәрбиеленушілердің құқығын қорғау, олардың біліммен қамтылуы, денсаулығы – қысқасы, барлық қауіпсіздігін ювеналды полиция тобының қызметкерлері бақылайды.

Жыл басынан бері «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жанұя және бала», «Құқықтық тәртіп», «Каникул», «Жаз», «Жанұя және бала» жедел-профилактикалық іс-шаралары өтті. Республика көлемінде «Учаске» жедел алдын алу шарасы шеңберінде олардың мекен-жайы тексеріліп, қауіпсіздік мәселесі бойынша түсіндірме жұмыстары жүйелі түрде жүргізілген. Жазғы демалысты тиімді өткізу үшін облыстық білім беру басқармасы мен жергілікті атқарушы органдарға сол санаттағы отбасында тәрбиеленетін балалардың тізімі беріліп, лагерьлермен қамтылып отыр. «Мектепке жол» акциясы кезінде де оқу құралдары, киім-кешекпен қажеттілігіне қарай көмек көрсетіледі екен.

Ювеналды полиция қызметкерлері балалардың оқумен қамтылуы, отбасында тәрбиеленетін балалардың құқығын бұзу фактілерін анықтау және ескерту, олардың жыныстық тәуелсіздігін қорғау бағытында өз міндеттерін тиісінше орындамайтын ата-аналарды да тұрақты назарда ұстап отыр.

– Құқық бұзушылықтар анықталса, қала және аудан әкімдері жанындағы балалардың құқығын қорғау комиссиясына балалардың мәртебесін анықтау үшін құжаттар жолданып, әлеуметтік жағдайына орай шешім қабылданып отыр. Биылғы қаңтар-қазан аралығында барлығы 187 құжат кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына ұсынылды. Оның ішінде ата-аналық құқығын шектеу туралы 20 ұсыныстың 7-еуі қанағаттандырылды. Соған сәйкес білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары тиісті инстанциялар бойынша жұмыс жасап, сәйкес шешім қабылданады, — деді полиция полковнигі.

Мектеп мұғалімі, психолог, әлеуметтік педагог үшеуі бірігіп баланы бақылауы тиіс. Өйткені болып жатқан қатыгездіктер – бала үніне құлақ аспайтын қоғамның айқын көрінісі. «Бүгінгі ортада жантүршігерлік оқиғалар неге жиілеп кетті?» деген сұрақ мазалайды. Бірақ ол үшін жұрттың бәріне күйе жағуға да болмас. Өйткені бір анадан ала да туады, құла да туады.

Үйлерді де аралайды

Мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігіне мұғалімдер де жауапты. Бұл – басы ашық жайт. Бала қандай да бір келеңсіздікке ұрынбас үшін оның қиындыққа тап болғанын немесе отбасында зорлық-зомбылық көріп жүргенін мінез-құлқы мен жүріс-тұрысынан болмаса ашық әңігмелесу арқылы ұғынуы қажет.

Талап бойынша бұл іспен шұғылдануы тиіс мектеп психологтары «бүгінде міндетін мінсіз атқарып жүр ме?» деген сұрақтың жауабын білуге бұқара құштар-ақ. Сондықтан, Атырау қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Зүлфат Ақмұрзиеваға хабарласқанбыз. Ол облыс орталығындағы мектептерде 120 педагог-психолог, 69 әлеуметтік педагог жұмыс істейтінін айтты.

– Қоғамда, өкінішке қарай, балаға кері әсер ететін факторлар бар. Мұндай үрдіс баланың дамуы, өсуі, тұлға болып қалыптасуы үшін қолайсыз орта болып саналады. Құрамында сынып жетекшісі, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, құқық қорғау қызметкері бар комиссия құрылады. Бала үшін қолайлы жағдайдың жасалмауын көзбен көру үшін үйіне де барады. Сабаққа келмей қалған оқушы да назардан тыс қалмайды. Оның себебі, көңіл-күйі, жағдайы, денсаулығы мен отбасылық жағдайы толық зерделенеді, — деді ол.

Зүлфат Ізбасқызының айтуынша, психологтың жұмысы көзге көрінбейді. Өйткені, жаны қиналып, әлімжеттіктің құрбаны болған жасөспірімге психологиялық қолдау, сүйемелдеу, ағартушылық жұмыстары керек, ол ұзақ уақыт пен сабыр-төзімді талап етеді. «Өнімді еңбектің нәтижесін көру үшін әуелі жұмыс тыңғылықты жоспарлануы, қажеттіліктермен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан, былтырғы оқу жылында 69 мектептің педагог-психологына шығармашылық топ өкілдері дербес әдістемелік қолдау көрсетті. Ал әлеуметтік педагог баланы әлеуметтік және материалдық көмектер – киім-кешек, оқу құралдары, сауықтыру лагері, басқа да игіліктермен қамтамасыз етеді. Педагог-психолог бақылау, жеке сұхбат құру әдістемелерін, топтық және жеке түзету, қолдау, дамыту психологиялық жұмыстарын жүргізеді, динамикасын анықтап отырады. Жеке түзету-дамыту жоспарын құрып, ата-ананы ақпараттандыра отырып жұмыс істейді, — дейді кабинет меңгерушісі.

Баланы жалғыз қалдырмау керек

Қазір елде балалар өлімінің көбейіп бара жатқанына тағы бір себеп бар. Әсіресе есін білмейтін балдырғанның жыл сайын жазда терезеден құлауы әдетке айналып барады. Ересектердің немқұрайдылығынан үйде де оқыс оқиғалар көп. Сондықтан отбасылық психолог Инара Әлкенқызы баланы үйге қалдырғанда ескеретін жайттар барын қаперге берді.

– Баланы үйде жалғыз қалдырғанда ата-аналар электр сымының, газ құбырының істен шығатынын, баланың терезе ашатынын есепке алмайды. Отбасын асырау қамымен жүрген ата-ана көбінесе сәбиін үйде жалғыз қалдыруға мәжбүр. Бұл дұрыс әрекет болмаса да, ата-ана мұндайда балдырғандардың өміріне төнетін қауіп-қатерді зерделей отыруы тиіс. Кейбір аналар «бізді кішкентайымыздан үйде жалғыз қалдырған, өлген жоқпыз ғой» деп өздерін ақтап алуға тырысады. Әрине, ол рас. Әйтсе де, үйде жалғыз қалып, өмірі жастай қиылған бүлдіршіндер ол кезде де көп болғанын естен шығаруға болмайды, — дейді отбасылық психолог.

Ол балалары жас ата-аналарға өзінің ақыл-кеңесін де айтты. Біріншісі – мектеп жасына дейінгі балдырғандарды үйде жалғыз қалдырмау қажет. Әсіресе, төрт жасқа дейінгі баланы бастауыш сыныптағы баламен қалдырмау керек. Бұл жағдай екеуін де күйзеліске әкеледі екен.

– Сәбиді бағу – үлкен баланың міндеті емес. Ал сәби тек анасының жанында тыныштық табады. Сондай-ақ, мектеп жасындағы баланы күні бойы үйде жалғыз қалдырмаңыз, іші пысқаннан сізге ұнамайтын ойын тауып алуы мүмкін. Баланы бірден ұзақ уақытқа жалғыз қалдырмаңыз, уақытты біртіндеп көбейткен жөн. Оны үйде қалдырмас бұрын оған өзін-өзі күтуді үйретіп, сіз жоқта не істеуге болатынын және болмайтынын түсіндіру керек. Қорыққан жағдайда сіз жазып берген тізімдегі адамдармен хабарласуға болатынын айту, бала жалғыз қалған жерді қауіпсіз ету – сіздің міндетіңіз, — деді ол.

Сөз түйіні:

Мамандар қоғамда жантүршігерлік оқиғалардың көбейіп кетуінің түпкі негізі отбасылық тәрбиеде жатқанын, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін әке-шешенің әрбір іс-әрекеті маңызды екенін айтады. Үйде үнемі ұрыс-керіс болса да, перзенттерінен өзара сүйіспеншілік күту бос қиял болмақ. Ата-анасынан зәбір-жапа көрген бала алдымен бауырларын, кейін сырттағы әлі жететіндерді жәбірлеп, есейгенде қанды қылмысқа да барады. Ал қазақтың ұлттық тәрбиесі о бастан «судың да сұрауы бар» екенін айтып, адамдарды өзгеге қылдай қиянат жасамауға шақырады. Халқымыз әкені асқар тауға теңеп, «әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас» дейді…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button