Жарнама
Құқық

Қоғам тұрақтылығының кепілі

Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың бастауы әр адамның заңға деген құрметі мен жауапкершілік сезімінде. Осы қағидатты жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында тәртіп сақшылары облыстық дарынды балаларға арналған «Ұстаз» мектеп-интернатының оқушыларымен кездесу өткізді.

«Заң мен тәртіп» атты шара жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталды. Кездесу барысында полицейлер заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, сондай-ақ құқық бұзушылық пен қылмыстың салдары жөнінде кеңінен түсіндірді.
Атырау қаласы полиция басқармасы Ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Гүлім Менешқалиева кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне тоқталып, олардан сақтанудың жолдарын нақты мысалдармен жеткізді.

– Әрбір жас өз әрекетінің салдарын түсініп, заң талаптарын сақтауы тиіс. Тәртіпті болу өзіңді және өзгені қорғау деген сөз. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап құқықтық мәдениетті қалыптастыру өте маңызды, — деді ол.

Ал Атырау облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Даурен Мұханбеталиев оқушыларға интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері мен одан қорғанудың жолдарын түсіндірді.

– Қазір киберқылмыс түрлері көбейіп келеді. Әлеуметтік желілер мен хабарламалар арқылы жеңіл жолмен ақша табуды ұсыну, жалған сыйлықтар мен ұтыстар ұйымдастыру секілді тәсілдермен алаяқтар азаматтарды алдап, материалдық зиян келтіреді. Сондықтан кез келген күмәнді сілтемелерге кірмеу, бейтаныс адамдарға жеке деректер мен банк картасының нөмірін жібермеу интернет қауіпсіздігінің басты қағидасы, — деді ол.

Сондай-ақ, Атырау облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Қуандық Салешов есірткі заттарының адам өмірі мен денсаулығына тигізер орасан зияны туралы айтты.

– Есірткі болашағыңды бұлыңғыр ететін ең қауіпті жол. Оның азғындыққа, зорлық-зомбылыққа, түрлі қылмысқа апаратынын түсіну керек. Әр жас есірткінің бір сәттік әсеріне ермей, өз өмірінің құнын бағалай білсін, — деді ол.

Кездесу соңында оқушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, полиция қызметкерлерінен толыққанды жауап алды.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастырып, заңға құрметпен қарау, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаудың маңызын терең ұғындыру.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button