
Қоғам мәселесі тыңдалды
Атырау облысының прокуроры болып жуырда тағайындалған Мадияр Басшыбаев жұмыс сапарын өңірдің шалғай ауданы Қызылқоғадан бастады. Миялы ауылындағы мәдениет үйінде өткен кездесуге келген халықтың қарасы көп болды. Әр тұрғынның айтар өтініші мен ұсынысы бар, бәрінде «әділдік пен тәртіп орнап, тыныштық пен тұрақтылық сақталсын» деген бір ниет бар.
Жиын барысында облыстың бас прокуроры «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі бағыттарын таныстырып, оның мақсаты халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және халық пен билік арасындағы ашық диалогты нығайту екенін атап өтті.
– Заң үстемдігі елдің тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Біз ашықтық пен әділдік қағидаттарын басшылыққа алып, қоғамның әр мүшесі өзін заң алдында тең сезінетін орта қалыптастыруға жұмыстанамыз. Прокуратура тек қадағалаушы орган емес, ол әділдік пен сенімнің кепілі болуы тиіс. Халық бізге еркін келіп, өз мәселесін ашық айта алатын деңгейге жетуіміз керек, — деді Мадияр Бекенұлы.

Кездесуге облыс прокуратурасының қызметкерлері мен барлық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Азаматтарға заң аясында кеңес беріліп, құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесуге келген тұрғындар мәселелерінің назардан тыс қалмайтынына сенім білдірді. «Барлық ұсыныс пен өтініш арнайы тізімге енгізіліп, «Жол картасы» түрінде жүйеленеді» деді прокуратура өкілдері. Ондағы әр тармақ облыс прокуратурасы мен әкімдіктің тұрақты бақылауында болып, шешімін тапқанға дейін назардан түспейді.
Мадияр Басшыбаевтың айтуынша, мұндай форматтағы кездесулер облыстың өзге де аудандарында кезең-кезеңімен жалғасын табады.
Майра ЕРҒАЛИ



