
Қауіпсіздік қырағылықтан басталады
Жылыту маусымының басталуымен бірге өрт қаупі де күшейетіні белгілі. Осыған орай Атырау қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кезекті профилактикалық рейд өтті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері еріктілер және «ҚазақГазАймақ» АҚ мамандарымен бірлесіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Рейдке қатысушылар «Салтанат сарайы» алаңына жиналып, сапқа тұрды. Осы жерден бірнеше бағытқа бөлінген топтар қаланың Лесхоз, Лесхоз-2, Сарықамыс және Сарықамыс-2 шағынаудандарын аралап шықты. Олар жылыту құралдарын қауіпсіз пайдалану тәртібін түсіндіріп, өрттің алдын алу мәдениетін қалыптастыруды мақсат етті.

Мамандардың айтуынша, өрттің алдын алуға бағытталған профилактикалық түсіндіру шаралары күнделікті жүргізіледі. Ал тұрғындар көп шоғырланған аумақтарды қамтитын, түтін дабылқаққыштарын орнатумен қатар өтетін ауқымды рейдтер әр сенбі күні ұйымдастырылады. Бұл қауіптің алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін нақты іспен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс.
Рейд барысында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың үйлеріне 80-ге жуық түтін дабылқаққышы орнатылды. Бұл құрылғылар өрттің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтап, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Нұртілек Нұғмет қыс мезгілінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын ерекше атап өтті.
– Қыста өрт қаупі бірнеше есе артады. Бір қарағанда ұсақ көрінетін немқұрайлықтың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіру – адам өмірін қорғаудың ең тиімді жолы. Ал түтін дабылқаққышы дер кезінде дабыл беретін ең қарапайым, бірақ ең сенімді құрал, – деді ол.

Мұндай рейдтер тек ақпарат берумен шектелмейді. Бұл тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, қауіпсіздікке деген ортақ жауапкершілікті нығайтуға бағытталған жұмыстың бірі. Өйткені төтенше жағдайдың алдын алу әр тұрғынның өміріне тікелей қатысты мәселе.

Қырағылық пен сақтық бар жерде қауіптің де жолы кесілетіні айтпаса да түсінікті.
Майра Ерғали



