Жарнама
Құқық

Қауіпсіз қоғам – қауіпсіз аула

Атырау қаласында қоғамдық тәртіп пен тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз қоғам – қауіпсіз аула» атты ауқымды форум өтті. Жиын Атырау облыстық полиция департаменті ғимаратында ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті көтеру және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелерін талқылауға арналды.

img 3417
Screenshot

Форум басталмас бұрын қатысушыларға арнайы әзірленген бейнефильм ұсынылды. Онда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Заң мен тәртіп – қоғамдағы әділдіктің басты көрсеткіші» деген пайымды пікірі негізгі арқау болып алынып, еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайту бағытындағы міндеттер айқындалды.
Шараның ресми ашылуында сөз сөйлеген Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаев өңірде жүзеге асып жатқан кешенді жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары облыста қылмыстың алдын алу, көшелер мен аулаларды заманауи бейнебақылау жүйелерімен қамту, тұрғындармен тікелей байланыс орнату бағытында оң нәтижелер байқалып отыр.
Форум барысында құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктері, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру, бейнебақылау инфрақұрылымын жетілдіру, жасөспірімдер тәрбиесі мен құқықтық сауаттылығын күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиынға облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Абзал Әліпқалиев, ішкі істер органдарының ардагері Бақытжан Қаленов, «Target eye» компаниясының өкілі Игорь Ли, облыстық білім беру басқармасының бас маманы Кәмшат Шошақова, Меншікті пәтерлер қауымдастығының төрайымы Гүлнар Салихова және «Новый город–Жаңа қала» ПИК төрайымы Жамиля Төкеева қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Форум қатысушылары спикерлерге сұрақтарын қойып, күн тәртібіндегі мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Жиын қорытындысында мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылын күшейту қауіпсіз орта қалыптастырудың негізгі шарты екені атап өтілді. Сонымен қатар әрбір азаматтың қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтаудағы жеке жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button