
Қаржылық сауаттылық – табысты болашақтың кілті
Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Атырау бизнес және құқық колледжінде жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Семинар барысында қатысушылар жеке қаржыны тиімді басқару, табыс пен шығысты дұрыс жоспарлау, несие мен депозиттің ерекшеліктері мен тәуекелдері, сондай-ақ инвестициялаудың негізгі қағидалары жөнінде маңызды мәліметтер алды. Тренинг интерактивті форматта өтіп, жастар тәжірибелік тапсырмалар орындап, пікірталасқа қатысу арқылы қаржылық шешім қабылдау дағдыларын жетілдірді.
Атырау қаласындағы Жастар ресурстық орталығының кеңес беру бөлімінің басшысы Гүлназ Арыстанованың айтуынша, мұндай іс-шара жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, еңбек жолын бастаған сәтте қарызға белшеден батпауға оң әсерін тигізбек.
Тренинг соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Студент-жастар болашақта өз қаражатын сенімді әрі тиімді басқаруға жол ашатынын атап өтті.
–Студент болсам да бос уақытымда жұмыс жасаймын. Тренер айтып өткендей, енді жалақымды тиімді басқару үшін күн сайын шығындарымды басқарып жүретін болдым, — дейді Атырау бизнес және құқық колледжінің ІІІ курс студенті Зарина Еділ.
Айбөпе САБЫРОВА



