
Қара қылды қақ жарған әділдік
Дана халқымыз қай дәуірде де әділеттің ақ жолынан жаңылған емес. «Тура биде туған жоқ» дегендей, қазіргі Қазақстанда әділет пен құқықтық тәртіптің кепілі – прокуратура болып отыр.
Мемлекет мүддесін қорғау және тұрғындардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету – прокуратураның басты міндеті. Атырау облысының прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз етуде нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізуде.
Прокуратура мемлекет атынан заңдылықты қадағалап, сотта мемлекеттік мүддені қорғайды және қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
–Иә, Конституцияда белгіленген қағидаттардың сақталуын қадағалау прокуратура органдарының басты міндеті болып отыр. Бұл жай ғана құзырет емес, үлкен жауапкершілік. Прокурор мемлекет атынан сотта сөз сөйлейді, заңның үстемдігін қамтамасыз етеді және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында күн сайын нақты әрекет жасалады. Прокуратураның рөлі құқық қорғаумен шектелмейді, ол қоғамдағы әділет пен тәртіптің тірегі, — дейді Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев.
2022 жылы қабылданған «Прокуратура туралы» заң құқықтық жүйедегі прокуратураның орнын айқындап, қызметіне жаңа серпін берді. Бұл заң прокуратураның мәртебесін арттырып қана қоймай, оның қоғам алдындағы міндетін терең сезінуге жол ашты. Прокурор атап өткендей, ең бастысы заң үстемдігі мен қоғамдағы сенім мен тәртіптің сақталуы.
–Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде «Заң және тәртіп» қағидатын жариялап, құқық қорғау органдарының алдында нақты міндеттерді белгіледі. Соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, ысырапшылдық пен лудоманияға қарсы күресті күшейту, жастар тәрбиесін сапалы ұйымдастыру басты назарда.
Балалар мектептен адал азамат болып шығуы тиіс. Себебі өскелең ұрпақтың бойына заңға құрмет пен әділетке адалдық қасиеттері сіңсе, елдің ертеңі жарқын, еңсесі биік болмақ.
Біз заңның жазалау құралы ғана емес, тәрбие және қоғамды дұрыс бағытқа бағыттайтын құрал екенін түсінуіміз қажет, — деп тұжырымдады Мадияр Бекенұлы.
Соңғы үш жылда облыста қылмыстық ахуал біршама тұрақталып келеді (2023 жылы – 4 283, 2024 – 4 647, 2025 жылдың 11 айында – 4 024).
Биыл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыс саны 9,6 пайызға азайған (2024 жылдың 11 айында – 4 449-тен 4 024-ге дейін). Өйткені өңірлік қылмысқа қарсы күрес және алдын алу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылып, барлық құзырлы органдардың бірлескен іс-қимылы ұйымдастырылған. Интернет-алаяқтық пен есірткі саудасына қарсы күресте жаңа әдістер қолданылады.
– Прокуратура интернет-алаяқтарға тиесілі 68 млрд. теңге көлеміндегі криптовалютаға тыйым салды (Kazatomprom-ға инвестиция тарту бойынша интернет-алаяқтық туралы іс). Көрсетілген цифрлық активтер «Binance» криптовалюта платформасына орналастырылған.
Басқа алаяқтық қылмыс іс бойынша 2000-нан астам SIM-картаны бұғаттады («Кселл» АҚ Атырау филиалының маркетинг бөлімінің супервайзеріне қатысты іс). Сонымен қатар интернеттегі жасырын платформалар мен әлеуметтік желілерді пайдаланып, есірткі мен алаяқтыққа жол беретін схемаларға тыйым салынды. Бұл жаңа заманның қылмысына қарсы тиімді қадам, — деп атап өтті облыстың бас прокуроры.
Республика бойынша есірткі саудасына қарсы күрес күн тәртібінен түспейді. Биыл жүйелі жұмыстың нәтижесінде өңірлік деңгейдегі есірткі саудасының 7 өңіраралық арнасы тоқтатылды (Ақтөбе – 3, Қызылорда – 2, Батыс Қазақстан – 1, Маңғыстау облысы бағыттарынан –1).
– Бұл кесел ұлттың болашағына қауіп төндіреді. Есірткіге тәуелділіктің соңында ұрпақ саулығы, отбасылардың күйреуі, ұлттың генетикалық әлсіреуі тұр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі, кешенді түрде жүргізу бүгінгі күннің талабы, — деп түсіндірді прокурор.
Темір тордың арғы жағындағы адам бостандықты аңсайды. 2023 жылы «Рақымшылық жасау туралы» заң қабылданып, 872 адамға рақымшылық қолданылды. Мадияр Бекенұлының пайымдауынша, бұл заң бойынша жазасын өтеушілердің кейбірі мерзімінен бұрын босап, қоғамға қайта бейімделу мүмкіндігіне ие болды. Әрине, өткен қателіктері үшін екінші мүмкіндік беру заң мен әділеттіліктің үйлесімін көрсетеді.
–Экологиялық және экономикалық құқық бұзушылықтарға да ерекше назар аударылады. Соңғы үш жылда сот шешімдері арқылы мемлекетке келтірілген залалдың 58 млрд. теңгесі өндірілді. Заңсыз иемденген қаражат облыстың әлеуметтік дамуына жұмсалуда. Мысалы, Қызылқоға ауданында магистральді су құбыры үшін 5 млрд. теңге, Жамансор ауылындағы мектеп-интернатқа 2,1 млрд. теңге, орталық аурухана жанынан МРТ құрылғысына 81 млн. теңге бөлінді. Бұл халық өмірінің сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам, — деп атап өтті М.Басшыбаев.
Ал кәсіпкерлік құқықтарды қорғау бағытында «Прокурорлық сүзгі» жобасы өзінің тиімділігін көрсеткен. Қадағалаудағы 63 инвестициялық жобаның жалпы құны 7,1 трлн. теңге.
–Бұл жобалар арқылы 861 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Біз инвесторлар мен ірі кәсіпкерлер арасында ашық диалог жүргізіп, заңсыз тексерулерді тоқтаттық. Мәселен, 10 жыл бойы тоқтап тұрған құс етін өндіру жобасына қатысты 10 млрд. теңге несиесінің төлеу мерзімін ұзарттық, — деген Мадияр Бекенұлы нақты деректермен бөлісті.
Расында, Атырау облысының прокуратурасы халық сеніміне сай нақты әрі тиімді жұмыс атқарып келеді. Әр адамның құқықтары қорғалып, қоғамдық тәртіп пен экономикалық қауіпсіздік сақталатынына өңір халқы да куә болып отыр.
Майра ЕРҒАЛИ



