
Өңірлік қорғаныстың сенімді қалқаны
Атырау облысында аумақтық қорғаныс бригадасы мен әскери міндеттілердің қатысуымен 10 күндік арнайы тактикалық оқу-жаттығулардың екінші кезеңі басталды. 23 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтетін дайындық жұмыстары 41433 әскери бөліміне қарасты «Карабатан» оқу-жаттығу полигонында өтіп жатыр.

Жаттығуға 20 мен 45 жас аралығындағы 91 әскери міндетті тартылған. Қатысушылар қатарында офицерлер, сержанттар және қатардағы жауынгерлер бар. Олар түрлі әскери машықтар мен дайындық кезеңдерінен өтіп, тәжірибелік және теориялық сабақтарға қатысуда.
Оқу-жаттығулар «Бригада бөлімшелерін жұмылдыру және жауынгерлік әзірлікті жоғары деңгейге жеткізу, жауынгерлік үйлестіруді ұйымдастыру мен жүргізу, сондай-ақ аса маңызды нысандарды қорғау мен күзету» тақырыбында өтуде. Бұл арнайы дайындықтар әскери бөлімшелердің шынайы жағдайда әрекет ету қабілетін арттыруға бағытталған.
Жаттығу барысында қатысушылар саптық дайындықтан өтіп, инженерлік сабақтарға қатысады, сондай-ақ тактикалық оқу-жаттығулар арқылы жауынгерлік үйлесімділік пен шеберліктерін жетілдіреді. Аса маңызды стратегиялық нысандарды қорғау, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету, командалық басқару және өзара іс-қимылды пысықтау басты назарда болмақ. Сонымен қатар, заманауи қорғаныс жүйелері, қауіпсіздік пен басқару тәсілдеріне арналған теориялық дәрістер де қарастырылған.
Атырау облысының аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Нұржан Дәутов оқу-жаттығудың маңызын атап өтті.
– Бұл оқу-жаттығу әскери міндетті азаматтар үшін үлкен тәжірибе алаңы. Біз мұнда тек жауынгерлік дағдыларды шыңдап қоймай, олардың бойында Отан алдындағы жауапкершілік пен азаматтық борыш сезімін қалыптастыруды көздеп отырмыз. Жағдайлар шынайы әскери ахуалға барынша жақын құрылған. Әрбір бөлімше үйлесімді әрекет етуге, командалық шешімдер қабылдауға, тосын жағдайларда шапшаң әрі дұрыс қимыл жасауға үйренеді. Біздің мақсат өңіріміздің қорғаныс қабілетін нығайтып қана қоймай, әрбір әскери міндеттінің бойында тәртіптілік, төзімділік, ұйымшылдық сияқты қасиеттерді дамыту. Бұл он күн – олар үшін тек әскери дайындық емес, нағыз патриоттық мектеп. Ел тыныштығы мен ұлттық қауіпсіздік бәрімізге ортақ іс. Сондықтан бұл жаттығулардың әр күні болашақ қауіпсіздіктің берік іргетасы деп білеміз, — деді ол әскери жиынның ашылу салтанатында.
Айта кетейік, бұл жиын – екінші кезеңдік оқу-жаттығу. Алғашқы кезең 9-18 қыркүйек аралығында өтіп, онда да жүзге жуық әскери міндетті 10 күн бойы қару-жарақпен жұмыс істеу, нысана көздеу, саптық және тактикалық дайындық бойынша машықтарын шыңдаған.
Жалпы, бұл оқу-жаттығу жиыны елдің аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам. Әскери міндеттілердің кәсіби даярлығы, біріккен іс-қимылы мен жауынгерлік машығы өңір қауіпсіздігінің сенімді кепілі екені даусыз.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



