
Өнеркәсіптік меншіктің құқығы қалай қорғалады?
Адамның ақыл-ойымен жасалған дүниенің барлығы дерлік зияткерлік меншік болып табылатындығы белгілі. Яғни, зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелері және азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді дараландыру құралдары. Өз кезегінде, азаматтық құқықтар мен мiндеттер өнертабыстарды, өнеркәсiптiк үлгiлерді, ғылым, әдебиет және өнер туындыларын және зияткерлік қызметтiң өзге де нәтижелерiн жасау салдарынан туындайды. Осы жерде зияткерлік меншіктің бір түрі – өнеркәсіптік меншікке тоқталғым келіп отыр.
Өнеркәсіптік меншік – сауда айналымы, қызымет көрсету және өндіріс салаларымен байланысты. Өнеркәсiптiк меншiк oбъектiлерiне – өнертабыстар, пайдалы модельдер және өнеркәсiптiк үлгiлер жатады. Осы oбъектiлердің өздеріне тән сипаттамалары бар, олар:
-өнертабыс ретiнде-өнiмге(құрылғыға, затқа, микроорганизмнiң штаммына, өсiмдiктер немесе хайуанаттар клеткаларының көбеюiне), әдiске (материалдық объектiмен iс-әрекеттi материалдық құралдардың көмегiмен жүзеге асыру процесiне), сондай-ақ белгiлi өнiмдi немесе әдiстi жаңа мақсатта немесе жаңа өнiмдi белгiлi бiр мақсатта қолдануға жататын кез келген саладағы техникалық шешiмдер қорғалады;
-пайдалы модель-өнімге(құрылғыға, затқа, микроорганизмнің штаммына, өсімдіктер немесе жануарлар жасушаларының көбеюіне), тәсілге (материалдық объектіге қатысты әрекеттерді материалдық құралдардың көмегімен жүзеге асыру процесіне), сондай-ақ белгілі өнімді немесе тәсілді жаңа мақсат бойынша не жаңа өнімді белгілі бір мақсат бойынша қолдануға жататын, кез келген саладағы техникалық шешімдер жатады;
Өнеркәсіптік үлгіге – бұйымның сыртқы түрiн айқындайтын өнеркәсіптік немесе қолөнер кәсібі өндірісі бұйымының көркем-конструкторлық шешiмі өнеркәсiптiк үлгiге жатады. Өнеркәсiптiк үлгiге, егер ол жаңа, бiрегей болып табылса, құқықтық қорғау берiледi.
Елімізде өнеркәсіптік меншiк объектiлерiне құқық – оларды құру фактiсiнiң күшiмен не Қазақстан Республикасының азаматтық кодексімен (ерекше бөлім) немесе өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша уәкiлеттi мемлекеттiк органның құқықтық қорғауды беруi нәтижесiнен туындайды. Республикамызда өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн жасауға, құқықтық қорғау мен пайдалануға байланысты мүлiктiк, сондай-ақ оларға байланысты жеке мүлiктiк емес қатынастар 1999 жылғы 16 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының Патент Заңымен реттеледi. Аталған заңға сай, өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн шығармашылық еңбегiмен жасаған жеке адам оның авторы деп танылады. Авторлық құқық айыруға болмайтын жеке құқық болып табылады және мерзiмсiз қорғалады. Егер өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн жасауға бiрнеше жеке адам қатысса, олардың бәрi оның авторы (қосалқы авторы) болып есептеледi.
Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн жасауға өзінің шығармашылық үлесін қоспаған, авторға тек техникалық, ұйымдық немесе материалдық көмек көрсеткен, не оған құқықты ресiмдеуге және оны пайдалануға ғана жәрдемдескен жеке адам автор деп танылмайды.
Патент өтiнiмге ресми сараптама және мәнi бойынша сараптама жүргiзiлгеннен кейiн берiледi және патент өнеркәсіптік меншік объектісіне басымдықты, авторлықты және айрықша құқықты куәландырады.Өнертабысқа патент өтiнiм берiлген күннен бастап жиырма жыл бойы қолданылады.
Қолданылуы үшін Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсаттар алу талап етілетін дәрілік затқа, пестицидке жататын өнертабысқа қатысты айрықша құқықтың және осы құқықты куәландыратын патенттің қолданылу мерзімі патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бiрақ бес жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкiн.
Көрсетілген мерзім бес жыл шегеріле отырып, өнертабысқа патент беруге өтінім берілген күннен бастап өнертабысты қолдануға алғаш рұқсат алынған күнге дейінгі өткен уақытқа ұзартылады.
Пайдалы модельге патент өтінiм берiлген күннен бастап бес жыл бойы қолданылады. Оның қолданылу мерзiмi патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бірақ үш жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкiн.
Өнеркәсiптiк үлгiге патент өтiнiм берiлген күннен бастап он жыл бойы қолданылады. Оның қолданылу мерзімі патент иеленушінің өтінішхаты бойынша әр жолы бес жылға ұзартылуы мүмкін. Бұл ретте патенттің жалпы қолданылу мерзімі өтінім берілген күннен бастап жиырма бес жылдан аспауға тиіс.
Қорғау құжатын алу құқығы, өтiнiмдi тiркеуден туындайтын құқықтар, қорғау құжатын иелену құқығы және қорғау құжатынан туындайтын құқықтар тұтас немесе iшiнара басқа адамға берiлуi мүмкiн. Патент иеленушiге қорғау құжаты:
1) өнеркәсіптік меншік объектісінің авторына (авторларына);
2) жұмыс берушіге;
3) құқықтық мирасқорға (құқықтық мирасқорларға), оның ішінде басқаға беру тәртібімен тиісті құқықты алған адамға (адамдарға);
4) бір-бірімен келісімдері болған жағдайда осы тармақта көзделген адамдарға бірге беріледі.
Патент иеленушiнiң қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн өз қалауы бойынша пайдалануға айрықша құқығы болады.
Патент иеленушi қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн пайдалануға айрықша құқықты қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер ресми бюллетеньде жарияланған күннен бастап осы қорғау құжатының қолданылу кезеңiнде жүзеге асырады.
Қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсi бар өнiмдi дайындау, қолдану, жеткiзу, сатуға ұсыну, сату, азаматтық айналымға өзге де енгiзу немесе осы мақсатпен сақтау, сондай-ақ қорғау әдiсiн қолдану өнеркәсiптiк меншік объектiсiн пайдалану болып танылады.Патент иеленушi өзіне тиесілі өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқықты өзгеге беру шарты бойынша басқа жеке немесе заңды тұлғаға беругеде құқылы.
Өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқық беру тиісті мемлекеттік тізілімде тіркелуге жатады.
Елімізде өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiптiк үлгілердi қopғay саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган-әділет министрлігі және органға ведомстволық бағынысты сараптама ұйымы- Ұлттық зияткерлік меншік институты болып табылады.
Ұлттық зияткерлік меншік институтының қызметі:
1) өнеркәсіптік меншік объектілеріне арналған өтінімдерге сараптама жүргізеді;
2) өнеркәсіптік меншік объектілерін тиісті мемлекеттiк тiзiлiмдерде тіркейді және қорғау құжаттары мен олардың телнұсқаларын береді, патенттерді жарамсыз деп таниды және олардың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатады;
3) өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқық беруді, оны пайдалануға, ашық немесе мәжбүрлі лицензияға құқықты табыстауды тиісті мемлекеттiк тiзiлiмдерде тіркейді;
4) тиісті мемлекеттiк тiзiлiмдердi, бюллетеньді жүргізеді және оларды өзінің интернет-ресурсына орналастырады;
5) тиісті мемлекеттiк тiзiлiмдерден үзінді көшірмелер береді;
6) өнеркәсіптік меншік объектілерін тіркеуге жататын мәліметті бюллетеньде жариялайды;
7) тіркелген өнеркәсіптік меншік объектілері туралы мәліметтерді мүдделі тұлғалардың өтініштері негізінде іздеуді жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес өнеркәсіптік меншік объектілеріне арналған өтінімдерді қарайды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы өнертапқыштық қызметті насихаттау және ол туралы хабардар болуды арттыруды қолдау мақсатында уәкілетті орган ғылым, инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органдармен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, әлеуметтік және экономикалық маңызы бар, бәсекеге қабілетті, экологиялық қауіпсіз өнертабыстарды іріктеу бойынша жыл сайынғы «Шапағат» конкурсын өткізу, сондай-ақ неғұрлым маңызды және кеңінен пайдаланылатын өнертабыстардың авторлары үшін «Еңбек сіңірген өнертапқыш» атағын беру тәртібін әзірлейтіндігін және айқындайтындығын айтқым келеді.
Руфи РАМАЗАНОВА,
Атырау облысы Әділет департаментінің
Зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы



