МҮЛІККЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП

Күнделікті күйбең тіршілік қамымен жүріп заңдылыққа енгізілген толықтырулар туралы біле бермейтініміз жасырын емес. Әбден құжат тапсырып, жинауға келгенде бармақ тістеп, бір қажетті қағазды алу үшін бірнеше күн жүретініміз тағы бар. Мәселен, жылжымайтын мүлік нысандарының техникалық паспортын беріп, тексеру жүргізу қызметтерін көрсету бағасындағы өзгерістерден көпшілік бейхабар екені рас. Ұзын-сонар кезекке тұрып, қағазбастылықтан жүйкесі жұқарған жұртшылық өкпе-назын кімге айтарын білмей, редакциямызға телефон шалып сұрайтыны бар. Жақында хабарласқан атыраулық Рая Иманғалиеваны осы мәселе толғантады екен. Біз дереу оқырман сауалына орай «Атырау облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы» РМҚК директорының орынбасары Надежда Кисиковадан сұрақтарымызға жауап беруін өтіндік.

– Надежда Сағынәліқызы, қалың бұқараға түсінікті болу үшін «Атырау облысы жылжымайтын мүлік орталығы» РМҚК-ның бүгінгі қызметі туралы айтып өтіңізші…
– Қазірде «Атырау облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы» ғимараттарды, құрылыстарды және жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша бастапқы және кейінгі тексеру, оларға кадастрлық нөмір беру, техникалық құжаттамаларды дайындау, құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті жылжымайтын мүлік нысандарының техникалық сипаттамаларын айқындаумен айналысады. Сондай-ақ, міндетті тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке пайдаланылмайтын салық салу нысандарын бағалау сияқты қызмет көрсету түрлерін жүзеге асыруда.
– Газет оқырманы жылжымайтын мүлікке мемлекеттік техникалық тексеру жүргізу қызметтерін көрсетудің бағасы жөнінде сауал қойған еді…
– Иә, бұл бағытта өзгерістер болғаны рас. Енді тұрғын-жайдағы жылжымайтын мүлік нысандарын техникалық тексеру бойынша қызмет төлемдерінен Ұлы Отан соғысының қатысушылары – 100%-ға, І және ІІ топтағы мүгедектер – 50%-ға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты әрекет жасайтын тұлғалар 100%-ға босатылатын болды.
– Егер техникалық түгендеу жүргізу жедел түрде қажет болған жағдайда не істеу керек? Әлде бұрынғыдай белгіленген уақытты міндетті түрде күту қажет пе?
– Жоқ. Жеделдетілген тәр-тіпте техникалық түгендеу жүргізуге байланысты меншік нысандарына қарамастан барлық тапсырушыларға баға көрсеткіштеріне коэффициенттер қолданылады, оның әрқайсысының өзіндік мөлшері бар. Мысалы, жалпы алаңы 41,9 шаршы метр пәтердің техникалық паспортын дайындауға 3479 теңге төленетін болса, жеделдетілген тәртіпте әзірлеуге 3479 теңге х 2(коэффициент)+12%(ҚҚС)=7793 теңге жұмсалады.
– Бұл, әрине, уақыт үнемдеуге үлкен мүмкіндік. Алайда, мұндай жағдайда ардагерлерге қандай жеңілдік қарастырылған?
– Министрліктің бұйрығында «жеделдетілген тәртіпте техникалық паспорт дайындауда Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, І және ІІ топтағы мүгедектерге, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеңілдік берілмейді» деп жазылған. Яғни, олар тез арада қажетті құжатын алу үшін баршаға ортақ тәртіп бойынша қосымша ақысын төлеп алады.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз