Жарнама
Құқық

Көлік өртінің алдын алу шаралары күшейтілді

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мен полиция қызметкерлері «Газбаллон» акциясы аясында автокөліктердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.


– Шараның негізгі мақсаты – газбаллонды қондырғылары бар автокөліктерде жиі орын алатын өрттердің алдын алу, жүргізушілердің қауіпсіздік талаптарын сақтауын бақылау және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту. Жыл басынан бері аймақта 294 өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 63-і – автокөлік өрті. Өкінішке қарай, бұл оқиғалардың салдарынан 1 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алды. Сонымен қатар 2024 жылмен салыстырғанда автокөлік өрттері 14 жағдайға азайғаны байқалады. Зардап шеккендер санының төмендеуі де – профилактикалық шаралардың жүйелі түрде және тиімді жүргізіліп келе жатқанын көрсететін оң нәтиже. Алдағы уақытта да осындай алдын алу жұмыстарын күшейту арқылы төтенше жағдайлардың санын барынша азайтуға күш салатын боламыз, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Бағдат Абдуллин.

Рейд барысында құтқарушылар мен полиция қызметкерлері жүргізушілерге газ жабдықтарын орнату және пайдалану талаптарын, техникалық тексерісті жүйелі түрде өткізу маңыздылығын, сондай-ақ өрт туындаған жағдайда атқарылатын алғашқы іс-қимылдарды түсіндірді.
Шара аясында автокөлік жүргізушілеріне ТЖМ-нің әлеуметтік желілеріне сілтеме беретін және қауіпсіздік бойынша QR-код жабыстырылған су бөтелкелері мен магнитиктер таратылды.
Төтенше жағдайлар департаменті автокөлік иелерін қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, техникалық тексерістерді дер кезінде өткізіп, көліктегі өрт сөндіргіштің жарамдылығын бақылап отыру қажет. Сонымен қатар газдың шығуы, бөгде иіс немесе кез келген ақау байқалған жағдайда бірден мамандарға жүгіну маңызды.

Тоғжан ЕРМЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button