КАСПИЙ АЙДЫНЫНА — ҚЫРАҒЫ КҮЗЕТ

Дамбы селолық округінде орналасқан «2201 Г» әскери шекарашылар бөлімінің ел тыныштығы күзетіндегі қызметін ерекше құрметпен айтуға болады. Оларға Каспий жағалауының шекарасын күзету міндеті жүктелген. Шекарашылар өз қызметтерін адал атқарумен бірге селоның әлеуметтік-мәдени шараларына, село тазалығын сақтауға белсене араласып келеді. Бұл ретте Дамбы селолық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының шекарашылар күніне арналған мерекелік шара өтті.

Мерекеге Дамбы селолық округінің жаңадан сайланған әкімі Ұзақбай Байзуллин қатысып, шекарашыларға құттықтау сөзін арнады.
– Мемлекет шекарадан басталады,- деді бұдан әрі сөз алған «2201 Г» әскери бөлімінің командирі, 2-ші дәрежелі капитан Загребельный Олег,-Мемлекеттік шекара шебінің әрбір сүйем жері орасан зор маңызға ие. Әсіресе, бірнеше елмен шектесетін Каспий теңізінің бізге тиесілі аумағын айтсақ болады. Өйткені, аталмыш теңіздің қойнауы «қара алтыннан» өзге басқа да табиғи байлықтарға толы. Сондықтан «Батыс» аймақтық басқармасының Атырау шекара отрядына қарасты әскери бөлімінің сарбаздары осы салада өздеріне жүктелген қызметтерін абыроймен атқарып келе жатқанын, болашақта да шекара сарбаздары өз міндеттерін мінсіз атқара беретіндігіне сенім білдірді.
Мерейтойлы салтанатта мінсіз қызметімен ерекшеленген шекарашылардың бір тобы бөлім командирінің бұйрығымен Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталса, енді бір тобының әскери шені өсірілді. Сондай-ақ, төл мерекелерінде шекаралық қызметте жүрген нәзік жандыларға да ерекше құрмет көрсетілді.
Айтулы мереке мәдениет үйінің көркемөнерпаздары мен шекара сарбаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде орындалған Тәуелсіз Қазақстан, Отан, бейбітшілік тақырыбындағы патриоттық әндер мен күмбірлеген күйлер көрермендерді тамсандырды.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз