
Елде құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысы күшейтіледі
Құқықтық тәртіпті нығайту – қашанда өзекті. Осыған байланысты, ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсының мәліметінше, 2025 жылдың 18 желтоқсанында «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында мақұлданды. Жаңа заң елде құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысын жүйелі әрі тиімді етуге бағытталған.
Бұл заңның басты мақсаты – қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және азаматтар үшін тыныш әрі тұрақты орта қалыптастыру. Заң арқылы құқық бұзушылықтың алдын алумен айналысатын барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара байланысы мен үйлесімді жұмысы күшейтіледі. Яғни әр мекеме өз міндетін нақты біліп, бір бағытта әрекет етеді.
Жаңа заң аясында бұрын осы салада қолданылып келген бес түрлі заң бір жүйеге біріктіріледі. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын түсінікті әрі бірізді етеді. Қарапайым азаматтар үшін бұл көшедегі қауіпсіздіктің артуын, қоғамдық тәртіптің жақсаруын және құқық бұзушылықтың азаюын білдіреді. Сонымен қатар қоғам өкілдерінің профилактика жұмыстарына қатысу мүмкіндігі де кеңейеді.
Заңдағы маңызды өзгерістердің бірі – полицияның қоғамдық көмекшілерінің рөлінің күшеюі. Енді олар құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, мектептер мен басқа да оқу орындарында профилактикалық шараларға қатысуға, жекелеген азаматтармен жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіруге көмектесіп, полиция келгенге дейін оқиға орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатыса алады.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: Ашық дереккөз

