Жарнама
Құқық

«Балам әскерден мүгедек болып оралды…»

Әскердегі әлімжеттік, тәртіпсіздік талай отбасыны қайғыға батырды. Осындай жағдайға тап болған ата-ананың бірі – Атырау қаласының тұрғыны Маржан Демесінова. Ол редакцияға келіп, ұлының тағдырын жылап отырып айтып берді.

Бүгінде әскерден мүгедек болып оралған жас жігіттің анасы әділдік іздеп жүр. Маржан Демесінова баласын әскерге аман-есен шығарып салып, жарымжан күйде қайтарып алған екен.

– Ұлым Әділжан 2024 жылдың сәуір айында Ақтау қаласындағы артиллериялық бөлімге әскери борышын өтеуге аттанды. Баламды Отан алдындағы парызын абыроймен өтеп келеді деп жүргенімізде, биылғы ақпан айында әскери бөлімнен суық хабар келді. «Балаңыз оқу-жаттығу кезінде жоғарыдан құлап қалды» деді хабарласушылар. Қатты уайымдап, сол жаққа баруға оқталған едім. Алайда әскери бөлімдегілер «алаңдамаңыз, келмей-ақ қойыңыз, бәрі жақсы» деп тоқтатты. Ұлыммен видеоқоңырау арқылы сөйлестіріп, аяғына гипс салынғанын ғана көрсетті, — дейді анасы.

Осылайша бір ай бойы Әділжан әскери госпитальде жатып шыққан. Сол кезде-ақ «аяғым қисық сияқты» деп шағымданғанымен, оған дәрігерлер мән бермепті. Госпиталь қызметкерлері «қисық емес, әлі-ақ аттай шауып кетеді» деп жұбатқанымен, ана жүрегі тыныш таба қоймаған.

Бірақ шындық жағдай ұлының әскерден оралысымен белгілі болды. Баласы ауылға келгенде аяғын сүйретіп әрең жүріп келген. Сол кезде ғана анасына барлық шындықты айтып беріпті.

– Ұлым құлаған кезде оны бірден Ақтаудағы облыстық ауруханаға апарыпты. Алайда сол жерде бірден тиісті ем жасалмаған. Сынық аяқты орнына салып, қалыпқа келтірудің орнына, тек укол салып, сыртынан гипс орап, жібере салыпты. Осылайша аяқ дұрыс бітпей қалған. Сәуірде гипс шешілгеннен кейін, ұлым аяғының қисық екенін анық байқайды. Сол қалпы жүріп келді ауылға. Сол кезде командирлері хабарласып, әр жолы «дәріханада тұрмыз» деп сылтауратып, менен ақша сұрап отырды. Менде онсыз да ақша аз, бірақ жалғыз балам үшін барымды бердім, — деген Маржан Демесінова дәрі-дәрмекке ақша жібергенін айтады.

Ұлын Атыраудағы облыстық ауруханаға апарған кезде жағдайдың қаншалықты ауыр екені белгілі болады. Дәрігерлер дереу компьютерлік томографияға түсіріп, шұғыл диагноз қойған.

– Ақ халаттылар «балаңыздың тобығы мүлде түсіп кеткен, аяғының сынығы салынбаған. Енді біз көмектесе алмаймыз, ота керек» деді. Олардың айтуынша, аяқ сынған бойда дереу орнына салынып, бекітілуі керек еді. Алайда әскери дәрігерлердің салғырттығынан балам уақытында емін ала алмай, мүгедек болып отыр.

Содан бері ана мен бала үшін күн – ем іздеумен, түн – уайыммен өтуде. Ағайын-туыстан, таныстардан қарыз алып, ақыры Атыраудағы жекеменшік «Вестерн» клиникасында 600 мың теңгеге күрделі ота жасатқан. Тобығына темір салынып, жасанды жолмен қайта қалпына келтіріліпті.

– Мамыр айында ота жасатты. Ұлым балдақпен жүрді. Енді қыркүйекте аяқ тағы ісіп, қайта ауырды. Дәрігерлер темір жақпай жатқанын айтып, оны қайта алдыруға тура келді. Ол да қалтаға аз салмақ түсірмеді – 150 мың теңге төледім. Отадан кейін де балам толық айығып кете алмады. Аяғы солқылдап ауырады. Ең қиыны, оның ішкі жан-күйі астан-кестен болып жатыр. Әр сөзінен үміттің сөне бастағанын байқаймын. «Қатарластарым әскерден келіп, жұмыс істеп жатыр. Менің күнім мынау…» деп іштей күйзеледі. Әлі күнге дейін денсаулығы қалпына келген жоқ. Біз үй жалдап тұрамыз. Балам – жалғызым. Не өзімнің, не оның болашағына сенім қалмады, — дейді ол көзіне жас алып.

Маржан Демесінова ұлына келген бұл ауыр жағдайға Ақтаудағы әскери бөлім мен медициналық мекемелердің тікелей кінәлі екенін айтып, әділдік іздеп отыр. Қанша мәрте хабарласса да, олар телефон көтермейді, немесе нөмірін бұғаттап тастайды. Кері байланыс мүлде жоқ. Ашынған ана енді материалдық және моральдық шығын өтеліп, жауаптылардың заң алдында жауап беруін талап етуде.

– Менің балам аман-есен барған. Ал қайтқанда… оның денсаулығын өзіміздің қаражатымызбен әрең қалпына келтіріп жатырмыз. Бұл әскери бөлімнің жауапсыздығы, бұл медицина саласындағы салғырттықтың салдары. Осы жағдайға байланысты жауапты органдардан әділдік сұраймын! — дейді Маржан Демесінова.

Расында, бұл оқиға бір ғана ананың жанайқайы емес. Бұл еліміздегі әскери жүйедегі шалағайлық пен жауапсыздықтың, медициналық қызметтің салғыртығының, әскердегі адами факторға деген немқұрайлылықтың ашық көрінісі. Осының салдарынан бір отбасының өмірі ойрандалып, бір жастың тағдырына балта шабылып отыр. Қоғам үшін қасиетті саналатын әскери борышты өтеу кейбір жастар үшін осылайша азапқа айналып барады.

Сап-сау кеткен жас жігіттің ауылға мүгедек болып оралуы жай ғана медициналық қателік емес. Бұл жүйелі бақылаудың жоқтығы, жауапты құрылымдардың жазасыз қалуы, әскери бөлім мен медициналық мекемелердің арасында байланыстың да, жауапкершіліктің де болмағандығының дәлелі. Ал анасының әділдік сұрап, ешбір органнан нақты жауап ала алмауы біздегі жүйенің адам тағдырын елемейтін деңгейге жеткенін көрсетеді.

Осындай жағдайлар жауапсыз қалып жатса, әскерге деген сенім де, құрмет те азаятыны анық. Жалпы, әскерде орын алған оқиғалардың сұрауы бар ма?! Бұлай жалғаса берсе, бейберекет іс ертең тағы бір ата-ананың көз жасына айналуы мүмкін.

Оқырманның мәселесі бойынша Ішкі істер министрлігінің Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы Атырау тобының тергеушісі, әділет капитаны Даниал Алибаймен хабарластық.

– Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы төрт облысты: Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе өңірлерін қамтиды. Бас кеңсе Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында орналасқан. Ал Атырау облысы бойынша арнайы жеке тергеу тобы жұмыс істейді, — деді Даниал Алибай.

Оқырманның шағымына келсек, ата-анасы «Е-өтініш» порталы арқылы ресми түрде арыздана алады. Алайда арыз қаралатын тергеу орны – сарбаздың әскери борышын өтеген жеріне байланысты анықталады.

– Мәселен, сарбаз Атыраудан аттанғанымен, егер ол борышын Ақтауда өтесе, онда іс Ақтау қаласындағы әскери тергеушілердің құзырында болады. Біз Атырау облысының аумағындағы әскери істерге ғана жауаптымыз, — деп түсіндірді тергеуші.

Әскердегі әлімжеттік, әлде…

Соңғы айларда ел ішінде тараған бірқатар суық хабар елдің еңсесін езіп, қоғамды бейжай қалдырмады. Бірінде сарбаз Алматыда көпқабатты үйдің үшінші қабатынан секіріп кеткен. Маңғыстаудағы жеті жауынгер психиатриялық клиникаға түссе, он тоғыз жастағы жас жігіт асылып қалған…

Мұндай қайғылы оқиғалар легі соңғы уақытта жиілеп кетті. Әскер бозбаланы ел қорғайтын ер-жігіт етіп тәрбиелейтін орта емес пе еді? Бірақ бүгінде ұлын әскерге жіберген көп ата-ананың көкейінде бір ғана сұрақ: «Балам аман орала ма?» деген үрей бар.

Жуырда Алматыда мерзімді қызметін атқарып жүрген сарбаз биіктіктен секіріп кетіпті. Абырой болғанда, аман қалды. Дәрігерлер оны «бейімделу бұзылысы» диагнозымен есепке алған көрінеді.

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы таратқан ақпаратқа сүйенсек, сарбаз әскерге шақырылмас бұрын жақын туысынан айырылып, терең күйзеліске түскен. Қазір ол әскери-дәрігерлік комиссия шешімін күтіп отыр.

Бұл бір ғана оқиға емес. Соңғы айларда әскер қатарында жүрген бірнеше сарбаздың психологиялық тұрақсыздық белгілері анықталып, емдік бақылауға алынған. Қорғаныс министрлігі «мұндай әрекеттер кейде қызметтен жалтару мақсатында жасалады» десе де, аналардың көз жасына сенбеске лаж жоқ.

Көктемде әскерге шақырылған 18 жастағы сарбаздың анасы әлеуметтік желіде баласының «жүрек пен бүйрек ауруларына» байланысты дәрігерге қаралуы тиіс болғанын, бірақ оның орнына психиатриялық клиникаға жатқызылғанын айтып шырылдады.

Ал Құрлық әскерлерінің бас қолбасшылығы «тексеріс нәтижесінде зорлық-зомбылық фактілері дәлелденбеді» деп отыр. «Куәгерлердің айғақтары мен бейнежазбалар зерттелді, әлімжеттік фактісі анықталмады» делінген ресми хабарламада.

Бірақ қоғамдағы күдік сейілмей отыр. Өйткені соңғы жылдары дәл осындай «расталмаған» істердің соңы суицидке ұласқан мысалдар аз емес.

Қыркүйек айында Маңғыстауда жеті сарбаздың бір мезетте өз-өздеріне қол жұмсауға талпынғаны туралы ақпарат тарады. Кейін Қорғаныс министрлігі бұл деректі теріске шығарған. Бірақ қоғамда көп сұрақ қалды.

«Үш сарбаз бақылауда, төртеуін ата-аналары үйлеріне алып кетті» делінген ресми хабарламада. Десе де бір сарбаздың анасы баласының психиатриялық ауруханаға «жыныстық зорлық-зомбылықтан кейін» түскенін мәлімдеді. Бұл сөз талайдың төбе шашын тік тұрғызды. Қорғаныс министрлігі тез арада тергеу басталғанын айтқанымен, әскердің абыройына дақ түскенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Алматы облысында болған тағы бір қайғылы оқиға – 19 жастағы сарбаз Дінмұхамед Шынарбектің өлімі. Сыңарымен бірге әскерге кеткен жас жігіттің асылып қалуы резонанстық істің бірі.

Туыстары бұл істің «суицид» деп жабыла салғанына сенбейді. «Отарда егіздерді екіге бөліп жіберген. Ал егізді айыруға болмайды емес пе? Ол мінезі ашық, арманы көп бала еді. Енді «өз-өзіне қол жұмсады» дегенге сене алмаймыз» дейді марқұмның әпкесі Еңлік Калтаева.

Қорғаныс министрлігі «қылмыстық іс қозғалды, арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр» деп хабарлады. Алайда бұл жауап елдің көңілін жұбата алған жоқ.

Иә, Қорғаныс министрлігі «жүйе жұмыс істеп тұр» деп сендіргенімен, деректер басқаша сөйлейді. Бірі жараланып, бірі жүйкесі сыр беріп, бірі кенеттен өмірден өтіп жатқан сарбаздардың тағдыры бүгінгі әскердің айнасы іспеттес.

Әскер – тәртіп пен рухтың мектебі болуы тиіс. Бірақ егер ол адамдық қадірді таптайтын ортаға айналса, онда мұндай тәртіптің қадірі қанша?

Ал ресми органдардың жауабы дайын: «Медициналық комиссия құрамында азаматтық дәрігерлер бар, олар жергілікті әкімдікке бағынады». Бірақ ата-ана үшін бюрократиялық түсініктеме емес, баласының амандығы маңызды. Егер әскерге дені сау болып кеткен жас жігіттер бірінен соң бірі бірнеше айдан соң «психологиялық бұзылыс» диагнозымен қайтып келсе – бұл қоғамның да, жүйенің де дабыл қағарлық мәселесі.

Атыраудағы ахуал тұрақты

Соңғы уақыттағы әскер қатарындағы келеңсіз оқиғалар – қоғамның назарында. Сарбаз өлімі, әлімжеттік, «жабулы қазан» күйінде қалған жағдайлар жұрттың көңіліне күдік ұялатып отыр.

Біз әскердегі жалпы мәселе бойынша «Батыс» өңірлік қолбасшылығына сауал жолдап, ресми түсініктеме сұраған едік. Алайда қолбасшылық өкілдері мұндай сауалдарға жауап беру Қорғаныс министрлігінің құзырында екенін айтып отыр. Ал олардың баспасөз қызметінен алынған дерекке сүйенсек, Атырау өңіріндегі әскери бөлімдердегі ахуал тұрақты, «мұндай келеңсіз жағдай тіркелмеген».

Ресми мәлімет осылай дегенімен, қоғамның көңіліндегі күдік сейілген жоқ. Өйткені әр сарбаздың өмірі – ананың үміті, әкенің аманаты. Ал ел амандығын күзететін жүйеде адам тағдырына немқұрайлы қарауға ешкімнің қақы жоқ.

ТҮЙІН. Ел тыныштығын күзеткен әр сарбаз бен офицердің иығындағы жүк – Отанның амандығы. Сондықтан олардың еңбегі де, өмірі де лайықты бағалануға тиіс. Мемлекет те, қоғам да осыны терең сезінсе, бәлкім, біз тек оқиғадан кейін емес, оқиғаның алдын алуға үйренер едік.

Майра ЕРҒАЛИ

Сарсаңға түскен сарбаз тағдыры алаңдатады. Ал командир ше?..

Соңғы уақытта қоғам назарын аударған маңызды тақырыптардың бірі – әскери ортадағы тәртіп пен моральдық ахуал. Әскердегі сарбаздардың тағдырына алаңдаған ата-ана да, бұл қызметке саналы түрде келген жастардың өздері де әділдік пен жауапкершілікке толы жүйені қалайды. Дегенмен кез келген мәселенің қос қыры болатыны белгілі.

Қоғам назарындағы бұл мәселенің екінші жағын да қарастырған жөн. Монетаның екі беті секілді кез-келген жағдайдың екі қыры болады ғой. Осы тұста «қоғам сарбаз тағдырына алаңдаса, сол сарбаздарға жетекшілік ететін командирлер мен офицерлердің де әлеуметтік-психологиялық ахуалына үңілу керек болар» деген ой келеді.

Өңірлердегі кейбір бөлімдерде қызмет ететін сержант пен лейтенанттардың айлығы 200 мың теңгенің ар жақ-бер жағында. Осындай табыспен отбасын асырау, пәтерақы мен азық-түліктің шарықтаған бағасымен күресу оңай емес. «Үйдегі көңілді базардағы баға бұзады» демей ме халық? Осындай тұрмыстық қысым, отбасындағы уайым адамның көңіл-күйіне, қызметтегі жауапкершілігіне де әсер етуі мүмкін.

Кейде командирдің өзі де жұмысқа қандай күймен келгенін ойлап көру керек. Кешегі үйдегі дау бүгінгі жұмысындағы іс-әрекетіне әсер етпей ме? Әскери адам да тірі жан, қоғам мүшесі. Ол да еңбегінің лайықты бағаланғанын қалайды.

Әрине, мұның бәрі сарбаздарға әлімжеттік жасауға немесе қызметтік тәртіпті бұзуға ешқандай ақтау бола алмайды. Бірақ түйінді тарқатудың кілті осындай себептер болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмас. Себебі, тәртіп пен моральдың іргесі көбінесе адамның тұрмысында, әлеуметтік жағдайында қаланады.

Шетел тәжірибесіне көз жүгіртсек, дамыған елдерде әскери қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесі жоғары. Мәселен, АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль секілді мемлекеттерде сарбаз бен офицердің жалақысы елдегі орташа еңбекақыдан бірнеше есе жоғары. Олар баспанамен қамтылады, отбасы әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланады. Өйткені бұл елдер жақсы түсінеді: Отан қорғайтын адамның тұрмысы түзелмей, ел қауіпсіздігі де толық қамтамасыз етілмейді.

Сонымен бірге бір маңызды мәселені ұмытпаған жөн. Бүгінде кез келген адам, мейлі келісім-шартпен болсын, мейлі офицер ретінде болсын – әскери салаға өз еркімен келеді. Әскери қызметті таңдаған жан ең алдымен Отан алдындағы парызын өтеуді, жауынгерлік дайындық пен тәрбиеге үлес қосуды мақсат етуі керек.

Әлбетте, тұрмыс қиындығы мен төмен жалақы әлімжеттік пен бейберекетсіздікті ақтамайды. Дегенмен тәртіптің түп-тамыры әлеуметтік тұрақтылықта екенін ұмытпаған жөн.

Айта кету керек, бұл мәселелер мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Соңғы жылдары әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылуда. Мысалы, үй жалдауға бөлінетін өтемақы келесі жылдың 1 қаңтарына дейін өз күшінде сақталды. Ал жаңа жылдан бастап жалақы орта есеппен 20-30 пайызға ұлғайтылады. Бұдан бөлек, әлеуметтік қолдаудың өзге де түрлері мен ұсыныстары Үкімет деңгейінде қарастырылып жатыр.

Иә, елге қорған болу – құр міндет емес, үлкен жауапкершілік. Ал жауапкершілікті арқалаған адамның жағдайын мемлекет ойламаса, оның рухы да мықты болмайды. Сарбаз тағдырын сөз еткен қоғам, командирдің де көңіл-күйін, өмірін, тұрмыс-тіршілігін назардан тыс қалдырмауы керек.

Сағидолла РЫСҚАЛИЕВ,

Қарулы күштердің ардагері, запастағы полковник

Коллажды жасаған: Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button