17181

Азаматтық процестік кодексіне қандай өзгерістер енгізіледі?

Құқық

Atr.kz/21 ақпан, 2020 жыл. «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы Атырау облысының судьялар қауымдастығы тарапынан үлкен қызығушылық туғызып, кеңінен қолдауға ие болуда.

Аталған жобада азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіруге мән беріледі. Сондай-ақ, азаматтық айналымда және жария-құқықтық қатынастарда заңдылықты сақтау, істің толық және уақтылы қаралуын қамтамасыз ету, дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамда заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері болып табылатынына  айрықша назар аударылған.

Атап айтқанда,15 баптың 3-бөлігі «Сот істің нақты мән-жайларын анықтау мақсатында өз бастамасымен дәлелдемелер жинаудан босатылған, алайда тараптың уәжді өтінішхаты бойынша оған осы Кодексте көзделген тәртіппен қажетті материалдарды алуға жәрдем көрсетеді» делінеді.

Аталмыш баптың  4-1 бөлігі  «Сот, оның ішінде өз бастамасы бойынша істің мән-жайларын тараптармен (тараппен) талқылауға, тараптардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылауға, іс бойынша дәлелдемелерді уақтылы және толық жинауға, оларды зерттеуге жәрдемдесуге, сондай-ақ азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған өзге де іс-әрекеттерді орындауға құқылы» деп нақтыланған.

Сол сияқты, 105 баптың 4-ші бөлігі «Егер тараптар арасында татуластыру рәсімі шеңберінде жасалған келісімдердің шарттарында бірінші және апелляциялық саты соттарында талап қою талаптарының мөлшері ұлғайтылса не даудың нысанасы өзгертілсе, мемлекеттік бажды қосымша төлеу жүргізілмейді. Сот шығыстарын бөлу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады» делінген.

Ал, 120 баптың 1. З,4 бөліктері «Сот отырысында сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі анықталғандығы туралы осы бұзушылық анықталған сот отырысының процесін тікелей жүргізуші судья (сот құрамы) құқық бұзушыға дереу сот отырысында жариялайды. Осы факт сот отырысының хаттамасында тіркеледі. Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалмайды» деп енгізілді.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыны төрағалық етуші судья азаматтық іс бойынша сот отырысы аяқталғаннан кейін дайындайды, оған судьялар (сот құрамы) қол қояды» деген редакцияда жазылған.

Ал, 158-баптың үшінші бөлігі алып тасталынып, мынандай текстпен төртінші  бөлігі толықтырылған «Талап қоюды қамтамасыз ету туралы соттың ұйғарымы шығарылған күнінен бастап бір жыл өткен соң орындалуға жатпайды, ал сот қабылдаған шаралар өзінің қолданысын тоқтатады».

Татуластыру рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеуге жаңа заң  жобасында  ерекше орын берілген. Соған сәйкес, 75-баптың бірінші бөлігі «Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін»  деп жазылған.

Жаңа заң жобасында атқарушылық іс жүргізуде борышкердің жылжымайтын мүлкінен өндіріп алуды қолдану жан-жақты сараланған. Нақтылап  айтсақ, 250 баптың  3-бөлігінде «Осы баптың қағидалары бойынша, егер кепіл беруші борышкер болып табылмаса, не егер мүлікті борышкер ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сатып алған болса, кепіл берушінің мүлкінен өндіріп алуды қолдану туралы өндіріп алушының арызы қаралуға жатпайды» деген өзгерістер енгізілген.

Ал, 281 баптың 1-ші  бөлігі «Тараптардың сот отырысына қатысуынсыз, сырттай іс жүргізуде не жаңа дәлелдемелер зерттелмей қаралатын істер бойынша сот отырысының хаттамасын жүргізу қажеттігін судья белгілейді» деген редакциямен толықтырылды.

         Көріп отырғанымыздай, егеменді еліміздің сот жүйесі материалдық жағынан да, заңнамалық жағынан да жылдан–жылға нығайып келеді. Бұған соңғы жылдары қабылданған жаңа заңдардың, оларға енгізілген түзетулер мен өзгерістердің  енгізілуі, соттың тәуелсіздігі мен жеделдігін арттыруға бағытталған пилоттық жобалардың сот өндірісіне батыл жүзеге асырылуы айқын дәлел.

Манат КОМИРШИНОВ,

облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі

сот алқасының төрағасы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған