
Ауыр қылмыстың себебі неде?
Атырау облыстық прокуратурасында заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өткен басқосуға өңір прокуроры Мадияр Басшыбаев төрағалық етіп, құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың және білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Кеңесте қылмыстың алдын алу шараларына басымдық беру керектігі айтылды.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс көрсеткіші бойынша Атырау облысы республикада төртінші орында тұрғаны белгілі болды. Бұл ел бойынша ең алаңдатарлық көрсеткіштердің бірі.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Елдос Қилымжанов өңірде жалпы қылмыс азайғанына қарамастан, адам өлтіру деректері екі есе көбейгенін айтты. Мұндай көрсеткішпен өңір республикада ауыр қылмыс бойынша бірінші орында тұр.

Ауыр қылмыстардың себептері де жиында талданып, нақты мысалдар келтірілді. Мәселен, 15 оқиға отбасылық-тұрмыстық жанжалдың салдарынан болған, 4 қылмыс бұзақылық ниеттен орын алған, 2 жағдайда қылмыскерлер психикалық есепте тұрған болып шықты, 1 дерек кәмелетке толмаған қызға қатысты ауыр қылмыс.
Спикер атап өткендей, көп жағдайда мұндай трагедияның алдын алуға болады. Мәселен, Құлсарыдағы бүлдіршін қыздың өліміне себепкер қылмыскер бірнеше күн бұрын ғана көлікті мас күйде жүргізгені үшін әкімшілік қамаудан босатылған. «Жүйелі бақылау болмағандықтан, қайғылы жағдай орын алды» деді Е.Қилымжанов.
Құрманғазы ауданындағы тағы бір оқиғадан да қадағалау тетіктерінің әлсіздігі байқалады. Өйткені, психиатриялық есепте тұрған адам көршісіне 27 пышақ жарақатын салған. Мамандардың бақылауы формалды болғаны анықталып, дәрігерлерге қатысты сот жеке ұйғарымдар шығарған. Облыста 6000-нан аса адам психоневрологиялық есепте тұр.
Өңірде оннан астам алкомаркет пен тәулік бойы жұмыс істейтін 14 ойын-сауық орны заң талаптарын айналып өтіп, спирттік ішімдіктерді түнде де саудалап келеді. Биыл 10 адам алкоголь ішіп кісі өлтіру бойынша ұсталған.
Прокуратура алкогольге тәуелділікпен күресті тек шектеу арқылы емес, қоғамда салауаттылық қалыптастыру арқылы жүргізуді ұсынды.

Атырау қаласы мен Жылыой ауданында топтық төбелестер жиілеген. Қауіпсіздік қызметтерінің әрекеті де сынға алынды. Көп жағдайда олар төбелеске қатысушыларды мекеме сыртына шығарып жібереді, бірақ құқық қорғау органдарына ақпарат бермейді. Соңғы бес жылда бірде-бір күзетші полицияға хабарламағаны үшін жауапкершілікке тартылмаған.
Кәмелетке толмағандар арасындағы жағдай да күрделі. Биыл 157 жасөспірім 111 құқық бұзушылық жасаған. Түнгі уақытта пәтерге баса-көктеп кірген бұзақылар, студенттердің бопсалау деректері – бұл жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенінің көрсеткіші. Прокуратураның айтуынша, білім беру мекемелерінде профилактикалық жұмыс іс жүзінде жоқ.
Прокурор Мадияр Басшыбаев барлық мемлекеттік органдарға қылмыс көрсеткішінің өсу себептері бойынша нақты шаралар әзірлеуді жүктеді. Сонымен бірге оқу орындарының өкілдерін қылмыстың алдын алу тетіктерін жетілдіруді тапсырды.
Негізгі басымдықтар ретінде жасөспірімдерді тәрбиелеу және отбасылық бақылауды күшейту, топтық қылмыстардың алдын алу, заңсыз айналымдағы қаруды анықтау, нашақорлық және маскүнемдікпен жүйелі күрес белгіленді.
Облыс бойынша қазір 1943 адам – маскүнемдік, 521 адам нашақорлық бойынша есепте тұр. Полиция мен жергілікті атқарушы органдарға осы бағытта профилактиканы күшейту керектігі ескертілді.
Атырау облысында қылмыс көрсеткіштері қоғамдағы күрделі мәселелерді айқын көрсетіп отыр. Прокуратураның ұсыныстары тек құқық қорғау органдарына емес, бүкіл өңірге бағытталған ескерту деуге болады. Қоғамдық қауіпсіздік тек бақылау немесе жазамен емес, жүйелі алдын алу шаралары, тәрбиелік жұмыс және азаматтық жауапкершілік арқылы нығаяды.
Өңірдегі әрбір мекеме, әрбір отбасы және әрбір маман бұл міндетке үлес қосқанда ғана нәтиже болады.
Майра ЕРҒАЛИ


