
Атыраулық сарбаздар көршілес облысқа аттанды
Атырау қаласында ІІМ Ұлттық Ұланның Оралдағы 5517 әскери бөліміне 25 жас сарбазды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент ұйымдастырған шараға ата-аналар, ардагерлер, әскери оркестр және құрметті қонақтар қатысып, жас буынға ақ тілектерін арнады.
Бұл сарбаздар физикалық, медициналық іріктеуден өтіп, Отан алдындағы борышын өтеуге сақадай сай тұр.

Салтанатты жиында алдымен Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, майор Жасұлан Сатыбалдиев,
одан кейін «Айбын» облыстық әскери-патриоттық орталығының төрағасы, Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығыс ардагерлері кеңесінің төрағасының орынбасары А.Алмешов сөз сөйлеп, жас сарбаздарға ақ жол тіледі.
Ал, Оралдан арнайы келген 5517 әскери бөлімінің өкілі, капитан Мержан Мерманов алдағы қызметтің жүгі салмақты екенін айта отырып, сарбаздарға табыс тіледі.

Мінберге ата-аналар атынан Гүлмира Төребаева көтеріліп, жүрекжарды тебіренісін жеткізді.
–Бүгін ұлымыз сарбаз атанса да әр ата-ана үшін әрқашан бала ғой. Әскерге аттанар сәтте оның бойынан бұрынғы ойын баласын емес, жауапкершілік арқалаған азаматты көрдік. Бүгін біздің ұлдарымыз ел қорғанына аттанып барады. Бұл біздің отбасымыз үшін ғана емес, бүкіл ел үшін үлкен қуаныш. Ұлым да, өзге де сарбаздар аман болсын. Жолдары болсын! — деді ол.
Бұл сөздер көпшіліктің көкейін толқытып, аналардың ақ батасы жас сарбаздарға қуат сыйлады.

Жас сарбаздар атынан Азат Нұрашев сөз сөйлеп, құрдастарының атынан елге уәде берді.
– Бауыржан Момышұлы «Азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» дегендей, Отан алдындағы парыз біз үшін үлкен жауапкершілік. Бұл жолды жүрек қалауымен таңдадық. Басты мақсатымыз ата-анамыздың үмітін ақтап, командирлердің сенімінен шығу. Әскерде тәртіпті, абыройлы болуға ант етеміз, — деді жас сарбаз нық сеніммен.
Жас сарбаздың сенімді даусы көпшіліктің көңіліне қуаныш ұялатты.
Шара барысында сарбаздарға арналған патриоттық әндер шырқалып, ата-аналар балаларына ақ тілегін жаудырды. Жігіттердің жүзі жарқын, қадамдары нық, олардың түрінен елге деген сүйіспеншілік байқалып тұрды.
Ұлтының намысын арқалаған жас сарбаздар бүгін сапқа қосылып, елдік жолға қадам басты. Біз де Атыраудан аттанған 25 сарбазға ақ жол тілейміз!
Жалпы, әскери борышын өтеген жастарға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Олар тегін білім алу, несие төлемдерін уақытша тоқтату, әлеуметтік қолдау шараларын пайдалана алады.
Осы мүмкіндіктер жас сарбаздардың болашаққа сенімді қадам басуына жағдай жасайды.
Майра ЕРҒАЛИ



