
Атырауда жас жауынгерлер ант берді
Атырау қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 41433 әскери бөлімінің жас сарбаздары салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Шара әскери бөлімнің плацында сағат 10.00-де басталды. Жиында барлығы 100-ге тарта жас жауынгер ант берді.

Рәсімді ашқан 41433 әскери бөлімінің командирі, подполковник Досжан Қалиев жастардың жадында мәңгілік қалатын бүгінгі жиын жөнінде: «Құрметті сарбаздар, ант қабылдау — Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, онда мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз. Сондықтан да елдің қорғаны атағына сай, антқа берік болыңыздар», — деп ақ тілегін арнады.

Жауынгерлердің ант қабылдау рәсіміне арнайы келген ата-аналар, ардагерлер де ізгі лебіздерін білдірді.

«Ұлымның бүгінгі ант қабылдау рәсіміне жанұямыз — зайыбым, қызым және үлкен ұлым да келдік. Өйткені, ант беру рәсімі әскери өмірдегі маңызды қадам. Енді әр жас сарбаз Отан алдындағы жауапкершілігін түсінері сөзсіз. Әскери бөлім басшылығының әр қайсымызбен жүздесіп, көңіл бөлуі, жалпы жағдайларын көріп, көңіліміз көншіді», — деп толқыныспен сарбаздың анасы Мира Сүйембаева қуанышын жеткізді.
Нұржанат МҰХАМЕТ,
Қорғаныс министрлігі Ақпарат және коммуникациялар департаменті Атырау филиалы баспасөз қызметінің бастығы, лейтенант
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



