
Атырау облысында жеті айда 1300-ге жуық мопед пен электрлі көлік тіркелді
Аймақта 5 сәуірден бастап бүгінге дейін мопед және электрлі көлікке мемлекеттік нөмірлер беріліп, тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы Жеңіс Дәулетов айтты, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
— Тіркелмеген мопед пен электрлі көліктерге айыппұл салынып, арнайы автотұраққа қойылады. Көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін және көлікті тіркелмеген күйде жүргізгені үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған, — деді Ж. Дәулетов.
Айта кетейік, 2025 жылдың 5 сәуірінен бастап «Жол қозғалысы туралы» Заңға енгізілген түзетулер күшіне енді. Оған сәйкес 50 текше метрлік мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Бұл өзгеріс мопед иелеріне А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігінің болуы, мемлекеттік нөмір алу, міндетті сақтандыру және техникалық тексеруден өту сынды жаңа талаптарды міндеттейді.
Фото: Ulysmedia.kz



