
Әскердегі әлеует қалай?
Сарбаздың қызметі сапалы болуы үшін ең алдымен оның тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы қамтамасыз етілуі қажет. Осы қағиданы басшылыққа алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Серік Ерубаев Атырау гарнизонына қарасты 51051 әскери бөліміне барып, әскери бөлімнің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

Іссапар барысында халық қалаулысы «Батыс» өңірлік әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Бауыржан Артықовпен бірге әскери бөлімнің инфрақұрылымын, оқу-жаттығу базасын, модульдік казарма мен асхананың жай-күйін көрді. Әскери қызметшілердің тұрмысы мен тамақтану сапасына ерекше көңіл бөлінді.

Одан кейін Серік Сәрсенұлы жеке құраммен кездесті. Ашық форматта өткен жүздесуде сарбаздар мен офицерлер оқу-жаттығу базасын жаңғырту, әлеуметтік жағдайды жақсарту және кадр даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу барысында депутат әскери қызметшілердің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.

– Әскер – мемлекеттің тірегі. Сондықтан әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуы мен қызмет жағдайы мемлекет назарында болуы тиіс. Талқыланған ұсыныстар мемлекеттік деңгейде қаралатын болады, — деді депутат.
Жұмыс сапары қорытындысында мерзімді әскери қызметті дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс жинақталды. Мәжіліс депутаты кездесуді түйіндей келе, жеке құрамға алғыс білдіріп, сарбаздарға Отан алдындағы қызметтеріне табыс тіледі.
Майра ЕРҒАЛИ


