АРЫЗДЫ ҚАРАУ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАСЫН!..

Әрбір мемлекеттік орган заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарауда салғырттық танытуға болмайды. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен қоғамдық кеңес отырысында кеңінен айтылды.

 

Белгілі болғанындай, құзырлы органға ағымдағы жылдың бес айында жеке тұлғалардан барлығы 2600-ден аса өтініш түскен, бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 4,3 пайызға артқан.

Ал, заңды тұлғалардан 413 өтініш түсіп, ол 29,5 пайызға өскен. Бұл жөнінде мәлімдеген облыстық прокуратураның басқарма басшысы Ғани Тынымов: «Мұндай көрсеткіш халықтың прокуратура органына деген сенімінің артып отырғанын көрсетеді» деді.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың қызметіне белгіленген заңның қолданылуына 30 тексеру жүргізіліп, 571 заң бұзушылық анықталған. Оған 25 ұсыныс енгізіліп, жүзден астам жеке және заңды тұлғаның, соның ішінде 20-дан аса кәсіпкердің құқықтары қорғалған.

Сондай-ақ, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің жұмысы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Жеке кәсіпкерлердің құрылыс объектілерінің кескіндік жобаларына келісім беру кезінде заңдылықтың сақталмауы және ашықтықтың қамтамасыз етілмеуі, заңмен көзделмеген құжаттарды талап ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнама талаптарының бұзылуы, бұл ретте тиісті бақылаудың жоқтығы орын алуда.

Бұдан басқа кейбір аудандық әкімдіктерде жеке және заңды тұлғалардан түскен арыздарға уақытылы жауап берілмей, ұзақ мерзімде қараусыз жатып қалған.

Ал, аймақта алаяқтықпен байланысты қылмыстық құқық бұзушылық саны өткен жылмен салыстырғанда 0,6 пайызға төмендеген. Бұл жағдай аталған қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша құқық қорғау органдарымен жүргізілген профилактикалық шаралардың тиімділігін көрсетеді.

Облыс прокуратурасының басқарма басшысы Балнұр Есенгелдиновтің айтуынша, алаяқтық қылмыстардың басымдығы Атырау қаласында, Жылыой, Қызылқоға, Исатай, Мақат аудандарында тіркелген. Әсіресе, азаматтардың сеніміне кіріп, «пәтер, жер алып беремін және еңбек ақысы көп жұмысқа орналастырамын» деп алдау арқылы жасалған қылмыстардың саны артуда.

«Қылмыскерлердің басым көпшілігі – 18-29 жас аралығындағы әйел адамдар. Сондай-ақ, кәмелетке жасы толмағандар арасында алаяқтық фактілері орын алуда. Мәселен, биыл жасөспірімдер арасында төрт қылмыс тіркелді. Мұндай оқиға өткен жылы мүлдем болмаған. Алаяқтық фактілері көбіне халық көп жиналатын сауда орындарында кездеседі. Тұрғындар құқықтық сауатының аздығы, аңқаулығы мен алаңғасарлығы салдарынан алаяқтардың арбауына түсіп жатыр» дейді Б.Есенгелдинов.

Кеңес отырысына төрағалық еткен облыстық мәслихаттың депутаты Әлия Бекқожиева күн тәртібінде қаралған екі мәселенің де маңызды екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі арттыру қажеттігін алға қойды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз