
«Алаяқтықты тоқтатайық!» бейнероликтер байқауы өз мәресіне жетті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлердің алдын алу және қоғамда алаяқтық әрекеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Алаяқтықты тоқтатайық!» атты бейнероликтер байқауы ұйымдастырылды.

Байқауға университеттің I-IV курс студенттері белсене қатысты. Қатысушылардың өтінімдері 7 қарашаға дейін қабылданып, байқау екі кезең бойынша өткізілді. Алғашқы кезеңде 50 студент өз жұмыстарын ұсынды. Сараптау комиссиясы бейнероликтердің көркемдік, техникалық және мазмұндық талаптарға сәйкестігін жан-жақты бағалап, нәтижесінде 11 үздік жұмыс іріктеліп алынды.
Сарапшылар қорытындысы бойынша 50 бейнероликтің 21-і көркемдік және техникалық тұрғыдан талапқа сай келмеген, 15 жұмыс тақырып мазмұны бойынша, ал 3 бейнеролик этикалық нормаларды сақтамағаны үшін екінші кезеңге жолдама ала алмады. Ал үздік шыққан 11 бейнеролик Instagram әлеуметтік желісінде #АлаяқтардыТоқтатайық, #ЗакониПорядок және #CyberCrimeKZ хэштегтерімен жарияланды.

Бүгін байқаудың қорытынды отырысы өтіп, жеңімпаздар есімі анықталды.
Нәтижесінде I орынды Экономика және құқық факультетінің студенті Диас Тажкенов,
II орынды Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенті Мирас Кенжеғалиев,
III орынды Экономика және құқық факультетінің студенті Нұрсәуле Серік иеленді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш байқау жастар арасында интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және алаяқтық әрекеттердің алдын алуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Мұндай шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамда адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайта түседі.
Майра ЕРҒАЛИ



