Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
Жарнама
Құқық

Адамзатқа төнген тажал

Бір сәттік еліту сезіміне бола адам тағдырын, болашағын, тіпті ұлттың рухани негізін құрдымға жіберетін есірткі бүгінде елдің қауіпсіздігіне төнген қатерге айналды. Соңғы жылдары Қазақстанда есірткіге қарсы күрес жүйелі жүргізілуде, алайда жеңістің ауылы әлі алыс секілді.

Жуырда Атырау қаласында өткен «Қарасора-2025» және «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шаралары кезінде синтетикалық есірткі затын таратумен айналысқан Ақтөбе облысының 45 жастағы тұрғыны ұсталды. Полиция қызметкерлері оның қаланың әр жеріне жасырып кеткен 200 түйіншек «мефедрон» есірткісін тәркіледі. Жалпы салмағы 250 грамды құрайтын бұл улы заттың әрбір түйірі жүздеген жас адамның өмірін улауы әбден мүмкін еді. Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Иә, бұл тек бір ғана дерек. Ал шындығында, елдің түкпір-түкпірінде дәл осындай ондаған жағдай тіркеліп отыр. Есірткі бизнесі жасырын, олар айламен ұйымдастырылған трафиктер мен интернет арқылы жүргізілетін заманауи тәсілдерге сүйенеді. «Қарасора» операциясы аясында тек Атырау облысының өзінде 215 килодан астам есірткі тәркіленіп, екі фито-зертхана жойылған. Бұл көрсеткіштің өзі өңірдегі ахуалдың күрделі екенін аңғартады.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықовтың айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 3 есірткі арнасы жойылып, есірткі тасымалдаумен айналысқан 28 күдікті ұсталды.

–Тергеу барысында олардың есірткіні еліміздің өзге өңірлерінен Атырау облысына жеткізіп, сату мақсатында әрекет еткені анықталды. Ұсталғандардың 11-і – өзге облыстардан келген. Күдіктілердің қатарында колледж студенттері мен мектеп оқушылары бар екені белгілі болды, — деді ол.

Мемлекеттің ұстанымы – «нөлдік төзімділік»

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде нашақорлықпен күрестің стратегиялық маңыздылығын ерекше атап өтті. «Кез-келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің жіті бақылауында болуы керек» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елімізде биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған улы заттардың көлемі 84 пайызға артқан. Бұл бағытта жаза да қатайып, есірткі өндірумен айналысқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алайда қатаң заң шешім болмай тұр. Бүгінде нашақорлық жастар арасында көп таралуда. Бұл елдің болашағына төнген тікелей қатер. Сондықтан ІІМ қазірдің өзінде 2026-2028 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспар әзірлеп, алдын алу шараларына басымдық беріп отыр.

Жасырын желі мен ашық жарнама

Есірткіні жарнамалау немесе сату көбіне ғаламтор арқылы жүреді. ІІМ деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың 9 айында 26 мыңнан астам интернет-ресурс анықталып, оның ішінде 6 600-ден астам сайт бұғатталған. Тіпті Telegram және басқа да мессенджерлерде «курьер» қызметінің атын жамылып, студенттер мен жұмыссыз жастарды есірткі таратушы ретінде пайдаланатын топтар бар.

Құқық қорғаушы Рысты Қалиева бұл мәселеге ерекше назар аударып, қоғамдағы қатерлі дертпен күресте ақпараттық сауаттылық маңызды екенін айтады.

–Қазір жастардың көбі «жұмыс іздеймін» деп желіде «курьер» қызметін таңдап жатады. Алайда оның да қаупі бар. Кейбірі есірткі тасып жүргенін білмей, темір торға түсіп қалады. Өкінішті, әрине. Бұл білім мен ақпараттың жетіспеуінен туындайтын қасірет, — дейді ол.

Елімізде жаза қатаңдағанымен адамдарды есірткі жолынан тоқтататын ең басты күш – саналы ой мен ақпараттық сауаттылық. Осы бағытта ІІМ мен еріктілер бірлесе отырып, биылдың өзінде 16 мыңнан астам профилактикалық шара өткізіп, 5 мыңға жуық мектеп пен колледжде дәріс ұйымдастырған.

«Атырау хакері»                        не айтты?

Интернеттегі пікірлерден, бейнежазбалардан есірткіге қарсы қозғалыс байқалады. Бұл кеңістікте құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғам өкілдері бірлесе әрекет етуде. Жақында әлеуметтік желілерде танымал «Атырау хакер» парақшасы қоғам назарын елең еткізген бейнежазба жариялады. Онда автор Өзбекстаннан есірткіні килограмдап тасып, Қазақстан аумағына өткізіп жүрген әйел туралы деректерді келтірді. Тіпті, қаладағы курьерлердің IP-адресі арқылы кім екенін де біліп отыр.

–«Есің барда еліңді тап» дейді. Бұл теріс істеріңді тастаңдар, түбі бәрібір ұсталаcыңдар! — деген ол теріс жолға түскен жастарға ескерту жасады.

Бұл ақпарат бірден облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына жолданды. Басқарманың аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Марьяна Жанғалиева бұл деректі назарға алатындарын және тиісті тексеру шаралары жүргізілетінін айтты.

Марьяна Жанғалиеваның айтуынша, мұндай азаматтық бастамалар қоғам мен полицияның өзара сенімін арттыратын жақсы мысал.

–Біз үшін ең маңыздысы – халықтың бейжай қалмауы. Әрбір дерек, әрбір ақпарат тексеріледі. Бұл күресте тұрғындардың белсенділігі аса қажет, — деді ол.

Осылайша, бүгінгі цифрлы дәуірде есірткімен күрес тек құқық қорғау саласында емес, ақпараттық кеңістікте де жүріп жатқаны құптарлық жағдай.

Статистика сөйлесін…

Облыстық психикалық денсаулық орталығының деректері көңіл көншітпейді. Тек өткен жылы есірткі тұтынды деген күдікпен жеткізілген 2067 адамның 358-і есірткінің әсерінде болғаны дәлелденген. Оның ішінде 11 әйел мен 2 жасөспірім бар. Биылдың өзінде 274 адамның 39-ы нашақор екені анықталды.

Мамандардың айтуынша, ең көп таралған есірткі түрлері – марихуана мен каннабиноидтар, ал соңғы уақытта мефедрон, α-PVP, прегабалин сияқты синтетикалық заттарға сұраныс күрт артқан. Бұл заттар ми жасушаларын тез бұзып, адамды санаулы айда тұлғалық күйзеліске ұшыратады.

–Синтетикалық есірткі миды тез улайды. Кейде адам шындық пен елесті ажырата алмай қалады. Психикасы шайқалып, өзіне немесе өзгеге қауіп төндіреді. Бұл – тажалдың ең қауіпті түрі, — деді орталық басшысының орынбасары Жеңіс Мухлисов.

Қазір Атырау облысында 532 адам диспансерлік есепте тұр. Оның 27-сі – әйелдер. Бұл тіркелгендері ғана, көлеңкеде қалған тағдырлар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Психолог Венера Мүтағалиқызының айтуынша, нашақорлықтың түп-тамыры тәрбие мен рухани жұтаңдықта жатыр.

–Отбасының жылуын сезбеген, көрмеген, жалғыздықта өскен жастар әлсіз келеді. Есірткі сол әлсіздікті пайдаланады. Сондықтан біз алдымен отбасы тәрбиесін күшейтіп, әр баланың ішкі әлемін түсінуге ұмтылуымыз керек, — деп кеңес берді маман.

Күрестің ең тиімді жолы есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, яғни адамды саналы түрде өз таңдауымен зиянды заттан бас тартуға үйрету.

Есірткімен күрес полиция мен дәрігердің ғана жұмысы емес. Бұл – қоғамдық жауапкершілік. Еріктілердің көмегімен Атырау қаласында 80-нен астам есірткі жарнамасы бар граффити жойылып, 1140 сайт бұғаттауға жолданды. Мұндай іс-шаралар жастарға зор әсер етеді, себебі олар зұлматқа қарсы тұруға өз үлестерін қосып жатқандарын сезінеді.

Қоғам белсенділері айтқандай, «есірткімен күресте жеңіс тек бірігіп әрекет еткенде ғана келеді». Демек, есірткіге қарсы күрес тұтас ұлттың жауапкершілігі екендігі анық.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button