ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК, ЖЫРЛАЙДЫ…

Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепте аудандық мемлекеттік мұрағат бөлімінің ұйымдастыруымен Исатай және Махамбет аудандарының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, аудармашы, журналист-жазушы, шежіреші Мақсұт Неталиевтің шығармашылығына  арнап «Жырлайды жүрек» атты кеш өткен еді. Оған ақын ағаның туған-туыстары, замандастары, шәкірттері қатысты.

 

Мақсұт Бозшаұлының өмір жолы мен шығармашылығын оқушылар арасында кеңінен насихаттауды мақсат еткен кеште аудандық мемлекеттік мұрағат бөлімінің басшысы Бәтима Бакишева сөз алып, ақынның өмірі мен шығармашылығына кеңірек тоқталды. Мақсұт Неталиев 1934 жылғы 9 наурызда Исатай (бұрынғы Новобогат) ауданының Бегайдар құмындағы «Молшағыл» ұжымшарында дүниеге келген. 1947 жылы Новобогат ауылындағы Амангелді орта мектебін бітірген соң Гурьевтегі мұғалімдер институтының жаратылыстану және география факультетіне оқуға түскен. Педагогикалық институттан химбиолог мамандығын алып, Забурындағы Калинин атындағы мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастаған. 1957 жылы аудандық оқу бөліміне жұмысқа ауысқан. Сол кезде республикалық VІ жастар фестиваліне жолдама алып, Алматыда өткен фестивальға қатысады. Сонда ол қатысқан домбырашылар оркестрі бірінші орын алып, фестиваль лауреаты атанады.

1974 жылы Қазақстан Жазушылар Одағына мүше болған М.Неталиев «Қайдасың, гүлім?», «Солмайды гүлдер», «Менің замандастарым», тағы басқа ұзын саны жиырмаға жуық кітап шығарады.

Ол аударма саласында да ерекше еңбек еткен. Тарихи очерктер мен танымдық-шежірелі кітаптары жарыққа шықты. Еліміз егемендік алған жылдары поэзия, аударма саласында өндіре еңбек ете жүріп, ақтаңдақтарға байланысты құрылған ынталы топқа жетекшілік етеді. Мәселен, ол сол тұста ақталған Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтың араб әрпінен қазақ әрпіне көшіріліп, тұңғыш рет  жарық көрген шығармаларының  редакторы болған. 1989 жылы «Жазушы» баспасынан денсаулығына байланысты жұмыстан босап, Партия тарихы институтында марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударуға қатысады. Одан кейін ол Алматы спорт және туризм академиясында табан аудармастан он үш жыл жұмыс жасап, зейнеткерлікке шықты.

Кеште Абай атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі, талантты жас ақын Нұрлан Мұратов ақын өлеңдеріне шолу жасаса, жоғары сынып оқушылары ақынның жыр шумақтарын оқып, туған жер, Отан туралы әндер шырқады. Сондай-ақ, қадірлі қонақ ретінде шақырылған еңбек ардагерлері –  Амангелді Салахов, Күмісбай Әбілхасанов, Ғатих Ғибатуллин, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Шеген Неталиев сөйлеп, қаламгердің педагогикалық қызметі, өнері, турашылдығы мен өршіл ақындығы, білімі мен терең парасаты,  адами қасиеттері жайында әңгімеледі.

Аяпберген САЛИХОВ,

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз