ЖЫЛЫОЙДА ЖАЗЫЛМАҒАН ЖЫР КӨП

қаламгерлер халыққа жақынболғанда ғана қалам қуаты артады

«Әдебиет – ардың ісі» (З.Қабдолов). Ар ісінің аужайын ақынжанды жұртымыз бетпе-бет кездесулерде безбендеп жатса, шығарманың халықтық сипаты ашыла түспей ме?! Бұл мәселе өткен жылы өңірде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қабылдауында қолдау тауып, Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облысындағы филиалы «Әдебиетшілер апталығы» атауымен игі бір шараны бастады. Ол Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде, сәл кейін гуманитарлық колледжде ақын-жазушылардың ұстаздар мен студенттер арасындағы кездесулерінен бастау алып, одан әрі облыс аудандарындағы оқырмандармен жылышырайлы жүздесулерге ұласып кетті.

 БҰРҚАҚТЫ КЕНІШТІҢ БАЙЫБЫНА БОЙЛАҒАНДА

Құрманғазы және Индер аудандарынан кейін облыс әдебиетшілері үлкен бір тобының Жылыой ауданына сапары «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Прорва аймағына ат басын бұрудан басталды. Анау-мынау емес, төрт бірдей кен орнының басын құрайтын алып өндіріс бұл! 120 бұрқақты құрылғы жұмыс істейді.
Қазына аралының елу жылдық тарихы бар. Мамандар мұндай бітім-табиғаты, сипаты бөлек бұрқақты кеніш Ресейдің өзінде жоқ екенін айтады.
«Теңіз» және «Шаңырақ» вахталық қалашықтарын, одан әрі Теңіз газ айыру зауытын көктей өтетін ұзақ жолда басқарма мамандары «Икарус» автобусында отырып-ақ, ақын-жазушыларды мұнайлы Ембінің қайта дәуірлеу кезеңіндегі бүгінгі тыныс-демімен таныстыруға мүмкіндік алды. Басқарма бастығының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Балмаш Жақсыбаеваның айтуынша, басқармаға қарасты 14 кен орнының бүгінде 12-сі өнім беріп тұр, олар – С.Нұржанов, Батыс Прорва, Ақтөбе, Ж.Досмұхамбетов, Қосшағыл, Құлсары, Қаратон, Тереңөзек, Қисымбай, Аққұдық, Төлес, Ақінген, ал екеуі – Тәжіғали мен Көшкімбет консервацияда. Өткен жылдың он айлық межесі мұнай өндіру және өнім өткізу бойынша асыра орындалыпты.
Аталған кен орындарының алдыңғы төртеуі Прорва құрамына кіреді. Мұнда мұнай юра, триас қабаттарынан 2100-3300 метр аралығында игерілу үстінде. Басқарма бойынша алынатын өнімнің 77 пайызы – осы Прорваның еншісінде.
Бұдан кейін екі жақты сұрақ-жауап өріс алды.
– Өнімді молайтудың әдіс-тәсілдері қандай?
– Өндіріске озат технологияны енгізу өріс алды, ол – қабатты қосымша жару, ұңғыларды ЭВМ тәсілімен пайдалану, ілеспе судың, газдың тәуліктік көлемін автоматты түрде анықтау. 112 ұңғыда геологиялық-техникалық шаралардың жүзеге асырылуы қосымша 25 мың тонна мұнай өндіруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, былтырғы жылы тоғыз эксплуатациялық ұңғылар қазылып, іске қосылды.
– Ескі кен орындарына «екінші өмір» сыйлау мүмкіндігі бар ма?!
– Орынды сауал. Пайдаланудың соңғы сатысына жеткен көне кен алаңдарында мұнайдың табиғи төмендеуі қазір едәуір алаңдата бастады. Бұл Қосшағыл, Құлсары, Қаратон, Тереңөзек, Төлес кен орындарына тән. Ескі қорды сарқа пайдалану, мұнай өндірудің қалыпты жағдайын тұрақты қамтамасыз ету – алда тұрған негізгі міндеттердің бірі. Қазіргі шақта ұңғыларды әртүрлі технологиялық цементтеу әдістерімен «сауықтыру» жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Алда жаңа да тиімді әдістермен сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу және қосымша барлау-бұрғылау жұмыстарын өрістету де өз кезегін күтіп тұр.
– Кен орындарының келешегі, мүмкіндіктері қандай?
– Геологтер тарапынан Батыс Прорва және Сағидолла Нұржанов атындағы кен орындарында пермотриас түзілімдерінің зерттелуі жалғасын табу үстінде. С.Нұржанов кен орнында бор қабатына үш іздестіру-барлау ұңғылары қазылып, одан үлгі тас алынып, валанжин қабатында көміртегі барлығы анықталды, қазіргі уақытта ұңғылар сынау сатысында. Сонымен қатар, бүгінде Солтүстік Прорва, Кеңарал алаңдарының Қаратон-Сарықамыс блогында екі іздестіру – барлау ұңғылары бұрғылану үстінде.
– Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараларға тоқталсақ?
– Прорваға қарасты кен орындарында ілеспе газды факелдерге жандырмай, тазартып дайындау, оны «Орта Азия–Орталық» магистральды газ құбырына айдау мақсатында, 2014- 2016 жылдардағы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес Прорва кен орны басына газ тазарту қондырғысын орнатуға жоба жасақталуда. Бұл жобаны іске асыру үшін «КазНИПИмұнайгаз» АҚ-мен арада 09.07.2013 жылы №938-128 келісім-шарт жасақталды. Бүгінгі таңда газ құбырының «Толқын» кен орнына дейін тартылатын бағыты, материалдары және газ тазарту қондырғысының орны келісілу үстінде.

«КАСПИЙ САМАЛЫНДАҒЫ» ЖЫР КЕШІ

Прорва аймағындағы кен орындарының мұнайшылары үшін әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына әр мен нәр, әсем де ажарлы сипат беретін «Каспий самалы» кешенді қалашығының орны бөлек. «Мұнда еңбек адамдарының тынығып, демалуына барлық қажетті жағдайлар туғызылған. Жатақхана құрылымдары – бес жүз орындық. Қалашықта кинотеатрлар, футбол алаңы, сондай-ақ бильярд, теннис залдары жұмыс істейді. Мұнайшылар бос уақыттарында көгілдір экран және газет-журналдар тігінділері арқылы дөңгеленген дүние жаңалықтарынан да тыс қалмайды. Енді дене шынықтыру-сауықтыру кешені салыну үстінде, – дейді әлеуметтік қамту қызметінің жетекшісі Сәдірғали Әділов. Бұдан кейін қаламгерлер Прорва өңірінің шежіре-тарихы көрінісіндей мұражайға еріксіз аялдап қалды.
…Конференц -зал мұнайшыларға лық толы. Кездесуді «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Аманкелді Сүлейменов кіріспе сөзбен ашып, қонақтарды таныстыру рәсімін жасады. Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев сөз алып, әдебиетшілер апталығын өткізудің мән-маңызына тоқталды. Мақсат – өңірдегі руханият үрдісіне ұлттық рең, жаңаша сипат беріп, қалам иелері мен қалың бұқараның өзара байланысына, ой-пікірлері мен ортақ мүдде сабақтастығына жол ашу. Әйтпесе, мынау ақпарат заманында интернетке илігіп қалған көпшіліктің бұрынғыдай кітапқа деген ынтызарлығы бәсеңсіп, рухани байлықтан өзін-өзі шеттетіп алған сыңайлы. Осыдан келіп өңірдегі қай ақын не жазушының қандай шығармасы жарық көрді, ол не туралы, оқырман біле бермейді. Бұдан шығатын қорытынды – бір жағынан қаламгер оқырмандардан өз туындысының бағасын ала алмаса, екінші жағынан кейінгі буын талапкерлердің өсуіне қозғаушы тетік жоқ деген сөз. Қойшығұл Өмірұлының айтуынша, әнебір жылы Жазушылар Одағынан Ұлықбек Есдәулетов келіп, отыз бес жасқа дейінгі ақынды іздегенде, марқұм Табылдыдан басқа ешкім табылмапты. Бұл, әрине, Әбу Сәрсенбаев, Зейнолла Серікқалиев, Хамит Ерғалиев, Қабиболла Сыдиықов, Меңдекеш Сатыбалдиев сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері шыққан Атырау оқырмандары үшін үлкен сын.
Атырауда Жазушылар Одағының он бес мүшесі бар, оның сегізі Жылыойда тұрады. Баспалардан алды он шақты, соңы екі-үш кітабын шығарып үлгерді. Айтыс ақындары Салауат, Шынарбек, Жәнибалар қатары бүгінде отызға жетіп отыр.
Рас, өңірде жыраулық дәстүр дамымай келді. Оның енді мақамы, өзіндік мәнері өзгешелеу десек те, өз бетімен талпынып жүрген жастар баршылық. Мұрат Мөңкеұлының 170 жылдығына арналған сайысқа он екі жыраудың қатысуы көңілге қуаныш ұялатқандай.
Прорвалық мұнайшылармен, одан кейін аудан орталығы – Құлсары қаласындағы Мәдениет үйінде қалың жұртшылықпен болған кездесу, жүздесу сәттерінің соңы ақындардың жыр кешіне ұласып жатты. Кешті шығармашылық топтың жетекшісі Қойшығұл Жылқышиевтың өзі «Оқырмандарым, амансыңдар ма, замандарыңа алаңсыңдар ма, Мен сендерді көргім келеді ылғи, алау жағылған анау шыңдарда! Қазақ боп сонда қазықтай қағылып, мәңгілік биікті аларсыңдар ма?!» деп арнау өлеңмен ашып, Ресей өңірінде бабалар рухынан алған әсермен «Алтынжар» және «Бөкейхан» туындыларын толғады. Бүркіт Базарбаевтың «Мезгіл мұңы немесе Бекет атамен мұңдасу» жырындағы:
Беліме көрік болар гүлім солды,
Көгіме серік болар күнім сөнді.
Бозыммын тілім сорлы, дінім шорлы,
Көзімнің жасын сүртші, пірім соңғы, – деген өткір жыр жолдары оқырмандардың сезімін селк еткізсе, тағы бір шайыр Амандық Сасаевтың:
Өтер-ау бұл дүние дөңгелене,
Күндейді бірін-бірі пенде неге?
Жыр сүйген мен де өзіңдей ата ұлымын,
Біреуден артық деме, кем де деме, – дегені фәнидің пәлсапасындай кім-кімге де ой тастағаны кәміл.
Бұлардан басқа аға буыннан – Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабай, «Алтын сақа» балалар газетінің бас редакторы Болат Дәулетов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қонаш Қалдыоразов, ал кейінгі толқыннан – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Меруерт Қабылова және жас шайыр Бақытгүл Сармекова жаңа туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Кеште жыр өлкесіне талпынған талапкер Асланбек Шығыровқа тұсаукесер рәсімінің жасалуы да көңілдерге жылы әсер қалдырды.
Өнер десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз ғой. Жапан даладағы мұнайшылар да, аудан орталығы тұрғындарының жас-кәрісі де үкілі домбыраларымен сахна төріне шыққан әншілер – «Талант» қоғамдық қорының директоры Әбдіхан Есенғалиевтың орындауындағы «Бозжорға», «Бос мойын» әндеріне, Нұргүл Жұмағалиева төкпектеткен Мұрат ақын жырлаған «Шалкиіз» жырына, «Наурызбектің термесі», «Ал, жігіттер, құлақ сал!» толғауына, Дина Нұрпейісова атындағы музыка академиясының студенті, облыстық жыраулар сайысының жүлдегері Еркебұлан Оспанов толғаған Мұрат ақынның «Үш қиян» жырына, Айбек Қабыланбек шырқаған Нұрпейіс Байғаниннің «Еңбек термесіне» бір кісідей ұйып қол соқты.
* * *
«Әдебиетшілер апталығына» қатысушылар соңынан Бекет Атаның туған жері – Ақмешітте болып, пірдің рухына тағзым етті, имам Ислам Мырзабекұлы аруақтарға құран бағыштады.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз