
Жұрттың депутаты … депутат!
Соңғы жылдары Атырау қаласында әлеуметтік нысандардың саны көбейді. Бұл тұрғындардың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезектен тыс XXXII сессиясында айтылды.

Сессияда қалалық мәслихат депутаты Ілияс Қонысбаев бірнеше өзекті мәселе көтерді. Оның айтуынша, «Ақ депо» шағынауданы ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалып отыр. Ойын және балабақша алаңдары жоқ. Депутат бастамасы әкімдік тарапынан қолдау тауып, келесі жылы 20 сотық аумаққа балабақша мен ойын алаңының құрылысы басталмақ.
Халық қалаулысы бұл істің аяғына дейін жетуін жеке бақылауына алып, нәтижелі болуына жұмыстанатынын жеткізді. Сонымен қатар ол Д.Байбосынов атындағы №13 мектеп жанындағы иесіз гараж аумағын мемлекет меншігіне алып, оның орнына шағын дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды ұсынды. Бұл нысан мектеп оқушылары мен жергілікті тұрғындарға қолжетімді спорт мүмкіндігін береді. Бұл ұсыныс та жергілікті атқарушы орын өкілдерінен қолдау тапты.
Сессияда Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин сөз алды. Ол 2024-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары бойынша қала экономикасының барлық негізгі салаларында өсім байқалып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған көптеген жобалар іске асқандығын айтты.
Өткен жылы Атырауда 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – 2800-ден астам отбасы баспаналы болды деген сөз. Биыл да жаңа шағынаудандардың құрылысы қарқын алмақ. Инженерлік желілерді және жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізіле береді.
Көшелерді жарықтандыру, аулаларды көгалдандыру және тұрмыстық қалдықтарды шығару жүйесі цифрландырылып келеді. Барлық көпқабатты үйлердің аулалары бейнебақылау камераларымен қамтылмақ.
– Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына басымдық беріліп отыр. Былтыр үш жаңа мектеп пен екі балабақша іске қосылды. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру, IT және инженерлік бағыттағы оқыту басталды. 500-ге жуық әлеуметтік аз қамтылған отбасыға көмек көрсетілді, — деді Шәкір Кейкин.
Жайық өзенінің экологиялық жағдайы ерекше бақылауда. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында 40 мың түп ағаш отырғызылды. Сонымен қатар жаңа автобустар алу, электронды билет жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Шаһар басшысының айтуынша, жаңа өндіріс орындарын ашу, туризмді дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеру – қала дамуының алдағы басты бағыттарына айналған.
– Атырау – ел экономикасының тірегі. Сондықтан әр жоба халықтың мүддесіне сай жүзеге асуы тиіс, — деп түйіндеді қала әкімі.
Сессияда өзге де әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер қаралды.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

