
Жүрек жылуын сыйлаған күн
Атырауда алғаш рет «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Теңізшевройл» компаниясының бас кеңсесінде ерекше жандардың қатысуымен шығармашылық концерт өтті.

Бұл – қор қызметіндегі үлкен жетістік әрі инклюзия идеясын ілгерілету жолындағы маңызды қадам. Концертке қатысқан мүгедектігі бар жандар өз өнерлері арқылы өмірге деген құштарлығын, рух мықтылығын және өзіне деген сенімін көрсетті. Олардың әрбір нөмірі көрермен жүрегін елжіретіп, шабыт сыйлады.

Басқосу барысында қоғамдық қор төрайымы Гүлназ Қосмұрзиева сөз сөйлеп, ерекше жандардың қоғам өміріне белсене араласуының маңызын атап өтті.
– Біз осы концерт арқылы әр адамның қоғамда өз орнын таба алатынын, мүмкіндігі шектеулі болса да, қабілет пен өнердің шексіз екенін көрсеткіміз келді. Осындай бастамаларға қолдау білдіріп отырған «Теңізшевройл» компаниясына зор алғыс айтамыз, — деді ол.
Іс-шара жылы атмосферада өтіп, компания ұжымы мен қонақтар ерекше әсермен тарасты.
Қоғамдық қор өкілдерінің айтуынша, мұндай концерттер алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамда тең мүмкіндік пен шығармашылық еркіндік идеясын насихаттай бермек.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
