Жошы ұлысы және қазақ фольклоры

9648bc3c15d394c5a2e1cff40e20fbfb 800x Қоғам

Көктегі күн сәулесінің белін талдырып сағымға айналдыратын, жер үстінде желіккен желдің өкпесін қабындыратын Еуразияның сайын даласындағы Алтай мен Балқан таулары аралығындағы ұланғайыр кеңістік Шыңғыс ханның батысқа қарай жасаған жорығынан кейін оның үлкен ұлы Жошының еншісіне тиеді. Моңғол-түркілерде «Ұлық Ұлыс немесе Жошы ұлысы», ал орыс жазба деректерінде «Алтын Орда» деп атанып кеткен бұл алып мемлекет ХІІІ ғасырда пайда болып,  ХV ғасырдың басында терең құлдырау, күйреу күйін кешеді. Мұндай күйді сол тұста Шыңғыстың екінші баласы Шағатайға тиген ұлыста да көрініс алады.

Екі ұлыстың шекаралық аймағында ХV ғасырдың орта шенінен ауа Қазақ Ордасы шаңырақ тігеді. Азат өмірді, еркіндікті ардақ тұтатын далалық мәдениеттің, жауынгершілік рухтың, түркілік руханияттың мұрагері ретінде ол ғасырлар қойнауынан жалғасып жеткен бабалар мұратын жаңа мазмұнмен байытып, жаңғырта дамытуға мәжбүр болды. Оның ішінде Ұлық ұлыстан жеткен рухани мұралардың да қалың көмбесі бар. Шыңғыс заманынан нәр алатын, Жошы ұлысының тарихымен өріліп Қазақ хандығының тыныс-тіршілігінен, тарихи танабынан хабар беретін, тағылымы терең  рухани қазынының бірі – фольклор.

Қазақтың фольклорлық туындыларында түркі-моңғол тектес тайпалардың басын біріктіріп, алып империя құрған Шыңғыс хан, Ұлық ұлыстың айтулы тұлғалары Жошы, Өзбекұлы Әз-Жәнібек, Жәнібекұлы Бердібек, Тоқтамыс хандар, Майқы, Едіге би туралы аңыз-жырлар, эпостық мұралар, әңгіме-хикаяттар сақталып жеткен. Далалық деректі ауызша баяндау дәстүрінен туындаған тарихи тамырластық уақыт өте келе халықтың таным-түсінігімен толықтырылып, айтулы тұлғалар мен оқиғалардан, тұтас бір кезеңдерден хабар беретін мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, тұрақты тіркестермен айшықталған фольклорлық сарындар дүниеге келген. Мысалы, «Қан шеңгелдеген Шыңғыс хан», «Ақсақ құлан – Жошы хан, жоқтау айтам осыған», «Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би», «Асан Қайғының Әз-Жәнібекке айтқаны» «Нар мойыны кесілген Бердібек», басқа да тұрақты тіркестермен құндақталған фольклорлық туындылар шоғыры бар. Оның мазмұнына тарихи-салыстырмалы, типологиялық сараптама жасағанда оның тарихи негізі бар екенін, халықтың танымал тұлғалар мен айтулы оқиғаларға берген бағасын, дүниетанымдық көзқарастарын, арман-аңсарын айқын көруге болады. Мұндай аңыздар шоғырын жекелеп, жіліктеп зерттеу – халықтық мұраның  мән-маңызын, бағасын тануға септігін тигізері анық.

Қан шеңгелдеген Шыңғыс хан

Ұлы даланың төскейінде алыстан мұнарланса да жақындай болған, сағымдай бұлдыраса да анықтай болып жеткен фольклорлық туындылардың бір шоғыры – Шыңғыс хан туралы аңыз-әпсаналар. Шыңғыс хан туралы Дала аңыздарын шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады. Бірі – кейбір үлкен ру-тайпалардың Шыңғыс билігіне қатыстылығы туралы аңыздар, екіншісі – Шыңғыстың дүниеге келуі, жазықсыз қудалануы, әділетті хандық құруы. Бірінші топтағы аңыздардың тарихилық, танымдық сипаты басым болса, екінші топтағы әңгімелерде уақыт тегеуріні мен фольклорлық шығармаға тән көркемдіктің артуына байланысты тарихилығы әлсіреп, оның орнын қиял мен әсірелеуден құралатын мифтік, ертегілік, хикаялық мазмұндар басымдылыққа ие болған.

Тарихилық, танымдық сипаты басым қазақ аңыз-әпсаналары Шыңғыстың хан болған сайлануына қазақ жұртынан билер барғандығын, оларға хан тарапынан таңба, ұран, ағаш белгіленгенін және жер-су атауларының пайда болуы хан сайлау, сан түрлі жүргізілген жорықтарға байланысты туындаған оқиғаларды баяндайды.

Шыңғыс хан Еуразия кеңістігінің басым бөлігін жаулап алады. Ол өз билігін мойындауды көнгендерге келіссөз шарты арқылы ымырамен, көнбегенін қылыштың жүзі, найзаның күшімен бағындырды. Күшпен бағындырылған елдерде көп қан төгілді, қалалар қирады, жұрт босқынға ұшырады. Тарихи-шежірелік әңгімелер ұлы жиһангердің әлемді бағындырудағы іс-әрекеті оның дүниеге келгенінде тағдырына жазылған миссия еді деген ойды алға тартады.

«Моңғолдың құпия шежіресінде» «Шыңғыс қаһан туғанда оң қолымен асықтай қан шеңгелдеп туыпты» дейтін дерек бар. Сол дерек Хиуа ханы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» былайша тәпсірленеді:  «Шыңыс хан хижраның 559-ншы доңыз жылында Білұн йылдық деген жерде дүнияға келді. Туғанда бір қолын жұмып туды. Кіндік шеше болған әйел қолын ашып қарап еді, бір уыс ұйыған қан көреді. Мұны келіп әкесіне айтты, отырған кісілердің еш қайсысы бұл ненің нышаны екенін айта алмады, тек бір кісі ғана: «Бұл бала дүние жүзіне патша болар, көп елдер мен уәлаяттарды қаталдықпен өзіне бағындырар, бұл – соның нышаны»,- дейді. Сол кісінің айтқаны келді».

Тіпті, оның ұрпағы Абылайдың өзі «қанішер» деген батырлық құрметке ие болған. Ал, Абылайдың ұлы Қасым хан анадан туғанда арғы атасы Шыңғыс сынды қолына қан шеңгелдеп туған екен.

Ақсақ құлан – Жошы хан…

Шыңғыстың көзі тірісінде аңызға айналған оқиғаның бірі – Жошының өлімі. Тарихи зерттеулерге сүйенсек, ол жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Мұндай өлімнің түрлі қауесет тудыратыны – өмір шындығы. Халық шығармашылығының қайнар көзі ретінде фольклор да бұл үрдістен шет қалмаған: жұмбақ өлімінің себебі туралы көркем туындылар дүниеге келген. Ол туындылардың бірі жыр, екінші бірі күй үлгісінде ел арасына кең тараған.

Жошының өлімі туралы аңыздың алғашқы көркем үлгілерінің бірі ХVІ ғасырда жазылған «Шаджарат аль-атрак» («Түрік шежіресі») деген шежірелік туындыға тіркелген. Оның мазмұны Шыңғыс ханға баласы Жошының өлімін дүние құбылысын жұмбақтай отырып тұспалдап естіртуге құрылған. Естіртуші – Ұлық Түрік атты жыршы. Тарихи-шежірелік туындының авторы Жошының өлімі туралы аңызды баяндау алдында Шыңғыстың үлкен ұлының өмірге келген тарихын, оған бауырлары Шағатай мен Үгедейдің Жошының тегі туралы жапқан жала-айыбын, қағанның Жошыға деген сүйіспеншілігі мен құрметі ерекше болғанын жазады.

Тизенгаузеннің жинағына еніп, мәтіннің мағынасына орысша түсіндірме беріп ұсынылған аңызбен мұқият танысқанда, Шыңғыс сүйікті ұлы қайтыс болғанда үлкен опық жегені байқалады. Ол опық жеу жырдың шумағындағы «Кулун алган куландай кулунумдин айырылдым//Айрылышкан анкаудай эр олумдин айырылдым» деген жолдарда көрініс тапқан. «Айырылышкан анкаудай» деген жыр жолдарында «жаудың арандату, қаңқу сөзіне сенген аңқау кісідей аңырап қалдым», яғни, қазіргі ұғыммен айтсақ, интрига құрбаны болдым деген мағына жатыр.

Қайғылы оқиғаға арқау болып тұрған басты сюжет – кейіпкердің аңшылық құрып жүріп, тосыннан қайтыс болуы. Аңшылық көшпелілер тіршілігіндегі маңызды орын алды. Көшпелілер кәсіп, тіршілік көзі және соғысқа дайындық ретінде аңшылықпен айналысқан. Шыңғыс та, оның балалары да осы атакәсіпті машық еткен еді. Дала аңыздары Жошының өлімін шындыққа жанасатын оқиға арқылы жеткізуге ұмтылады. Ол көрініс – аң аулау. Бұл сарын фольклорлық шығармаларда, эпостық жырларда, ертегілерде тұрақты кездеседі.

Мұсылмандық діни таным бойынша, қаза – ханға да, қарашаға да ортақ. Қазаның қалауына жер бетінде кедергi келтiрер күш жоқ. Қазақ арасында бұл таным «әкесі өлгенде де естіртеді» деген мәтел сөзбен сақталған. Ал, шексiз билiк иесi ханға халық қиялындағы ықпал етер оңтайлы тұс – қаза естiрту. Естірту ғұрпы арқылы халық қиялы өзінің билікке тигізер ықпалын да білдіргісі келеді.

Ұлы дала аңыздарының ішінде Жошы өлімін естіртудің шоқтығы биік үлгісі – күй. Мұнда ханға баласының өлімін күй тілімен жеткізіледі. Күйдің сазына қатысты айтылатын аңыз – «Ақсақ құлан-Жошы хан». Басты  бір ерекшелігі – әуен сазымен аңыз оқиғасының желісін жеткізу және тағдырдың салғанына көнбей отырған қатал Шыңғысты жырдың немесе күйдің құдіреті арқылы өз шешімін өзіне қарама-қарсы келтіруге мәжбүрлеген өнерпаздың бейнесінің ардақталуы. Халыққа әлемді жаулап алған тағдырдың салғанына көнгісі келмейтін қаһарлы әміршінің бейнесі емес, ел басына ауыр сын түскенде (бұл тұста Шыңғыстың Жошы өлімін естіртпеу туралы жарлығы) тығырықтан шығар жол тапқан қарапайым өнер иесінің (жыршы, күйші) бейнесі ыстық.

МЕН АЙТПАСАМ, БІЛМЕЙСІҢ…

Алтын Орда дәуірінен сағым жетегіне еріп жеткен аңыздық мұралардың бірі – Әз-Жәнібек хан туралы әңгімелер. Ел аузында Әз-Жәнібек билік құрған кезең ноғай мен қазақтың бірлігі жарасқан «алтын ғасыры» деп аңыздалады.

Орта Азияны мекендеген түркі халықтарының тарихында Жәнібек есімді бірнеше кісі хандық құрған. Солардың ішінде ең атақтылары – ХІV ғасырда Алтын Орданы билеген Өзбекұлы Жәнібек хан, ХV ғасырдың орта шенінде Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Барақұлы Жәнібек және ХVІ ғасырда Астраханда хандық құрған Кішік-Мұхаммед ханның ұрпағы – Махмұдұлы Жәнібек хан.

Ал, «әз» (әзіз) деген құрметті лақапқа ие болған осылардың қайсысы?

Тарихи деректер бойынша, Астрахан хандығын билеген, яғни отырықшылыққа (бір қала – бір хан) ден қойған Махмұдұлы Жәнібек – көшпелі Ноғай Ордасымен жауласып өткен хан. Далалық көшпелілерден қолдау болмаған Астрахан хандығын орыс патшалығы жаулап алады.

Ал, қазақ ханы Барақұлы Жәнібек тарихи шежірелерде «Кіші Жәнібек» деп аталады. Ол немере ағасы Кереймен бірге қазақ руларын Өзбек ұлысынан (Жошы ұлысынан) бөліп алып, Шағатай ұлысына (Моғолстанға) кетіп, Қазақ хандығының негізін қалаған.

Ал, «Жәнібек» атауының этимологиясын екі түрлі жолмен түсіндіруге болады. Бірі – жаны+бек = Жаныбек, екіншісі – Жаңа+бек = Жаңабек. Біздіңше, «Жаңабек» мұсылмандық түсінікке де, оған дейінгі түркі-моңғолдық танымға да сай келеді. Бұл дүниеге келген адам – жаңа кісі. Мысалы, Шыңғыстың баласы «Жошы» есімінің бір мағынасы «жаңа келген қонақ» дегенді білдіреді.

Мұсылмандық түсінікте адам – бұл өмірдің уақытша қонағы. Сондықтан, Жәнібек ханның есімінде «жаңа келген кісі (бек)» деген ұғым белгіленген деп санаған абзал. Түркі тілдеріндегі сингармонизм заңының кейінгі ықпалы арқылы «жаңа» деген жуан дыбысты алдыңғы бөлік, «бек» деген жіңішке дауысты буынның әсерінен жіңішкеленіп айтылып, сол үлгімен жазылып кеткен. «Жаңабектің» синонимдері қазіргі қазақ есімдерінде «Жаңабай», «Жаңаберген», Жанай (Жаңа+ай), Жанайдар (Жаңа+айдар) сынды есімдерде сақталған. Түптеп келгенде,  ал «жаңа» деген сыңарды алып, кісі есімін құрау түркі әлемінде өте көп. Айталық, «Жанмұхаммед» (Жаңа+мұхаммед), «Жансұлтан» (Жаңа+сұлтан), «Жанәбіл» (Жаңа+әбіл), «Жанқабыл» (Жаңа+қабыл).

Ел тарихындағы ерекше кезеңнің халық санасында сақталуы фольклорлық шығармалардың көркемдік әлеміне тән. Түркі халықтарының аңыздары үшін Өзбекұлы Жәнібек ханның билігі – ел тарихындағы елеулі кезең, айтулы уақыт. Мұны кезінде заңғар ғалым Мұхтар Әуезов дәл бағамдап, Алтын Орда ханы әз Жәнібектің тұсы түркі жұртының ерекше дәуірі ретінде бағаланатынын жазып, оның ғылыми негіздемесіне де сипаттама берген болатын: «…Көп жұрттың ескілікті әңгімелері белгілі бір хан мен патшаның айналасына жиналады. Кейде бір үлкен тарихи дәуірге әкеліп жиып қояды. Орыс жұртының батырлар ескілігінің барлығы «қызыл күндей Владимирдің» айналасына жиналған сияқты. Араб жұртының ескіліктегі әңгіме ертегісінің Арон Рашит айналасына жиналғаны сияқты. Бергі заманда көп елдікке бөлінген түрік жұрттарының сондай дәуірі Алтын Орданың кезі болады. Өзге елдерден іргесін бөлек қылып алып шыққанда қазақ ескілігінің көбі әз Жәнібек ханның тұсында болады. Міне, осы сияқты жалпы тарих шеңберінен бөлініп, үзіліп шыққан бір мезгіл. Өзінің тұсында бұрынғы-соңғы замандардан болған ірі уақиғаларды, ірі батыр–бағыландарды түгелімен жинап алатын болады. Оны жинайтын ел қиялы.»

Мәшһүр ғалымның сипаттап отырғаны – фольклордағы тұтастану құбылысы. Тұтастану құбылысы белгілі бір дәуірлерге немесе атақты тұлғалардың жанына халықтың сүйікті кейіпкерлерін, белгілі тарихи оқиғаларды жинайды. Осы құбылыстың қазақ жыр-аңыздарындағы анық көрінісі – әз Жәнібекке қатысты әңгімелер. Түркілік жыр-аңыздарда әз Жәнібек билеген тұс – айрықша кезең. Сол ортақ кезеңнен қазақ аңыздары да «өз үлесін» алған. Сөйтіп, ел қиялындағы әз Жәнібек бейнесіне Астрахан қаласын орысқа алдырған Махмұдұлы Жәнібектің, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Барақұлы Жәнібектің іс-әрекеті кірігіп, бірігіп, тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген екі тұлға бір кісіге айналған. Демек аңыздағы әз Жәнібек – Жошы ұлысында әр дәуірде билік құрған, белгілі бір тарихи оқиғаларға қатыстылығы арқылы ел есінде сақталған хандардың жиынтық (типтік) бейнесі. Жиынтық бейне сомдау – фольклордың басты белгілерінің бірі.

Түйіндей келгенде, Жошы ұлысы тұсында туындаған фольклорлық мұралар тарихи тамырластық өзегінен айырылмай ғасырдан ғасырға ұласып, Қазақ Ордасы тұсында жаңаша мазмұнмен, таным-түсініктермен байытылған бай көмбе мұра. Ол халықтың асыл қазынасы ретінде алдағы уақытта да ғасырлар көшінің керуенінен қалмайтыны анық.

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

филология ғылымдарының докторы,

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік

университетінің профессоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз