Жарнама
Қоғам

Жолдың жайы алаңдатады

Облыста жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты мәселе жыл сайын айтылып жүрсе де, түбегейлі шешімін таппай келеді. Бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі – жол қозғалысын реттейтін техникалық құралдардың тапшылығы. Ең қарапайым жол таңбасы мен белгісі де уақытында қойылмайды.

7f067cfb 2430 42e4 9957 ac6eec7fde31

Былтырдан бері Атырау қаласына қарасты ауылдық округтер мемлекеттік сатып алу байқауын жеке-дара өткізіп келеді. Ал қаржысы аз тендерге қызығушылық танытатындар да аз болатыны түсінікті ғой. Соның кесірінен ауылдық жерде жол белгілері орнатылмай, жаяу жүргіншілер жолы сызылмай қалып отыр. Бұрын бұл жұмысты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі атқаратын, ал қазір жүйесіздік белең алған.

Қызыл «+» әлі тұр

Бұл туралы облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Тілепберген Ақболатов «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңестің мәжілісінде айтты.

– Жаңа оқу жылы басталғалы білім беру мекемелерінің маңындағы жолға уақытша бояумен сызылған таңбалар бірнеше аптаға жетпей өшіп қалады. Балалардың қауіпсіздігі үшін әуелі мектеп жанындағы жолға ұзақ мерзімге төзімді термопластикалық жабынды қолдану қажет екені айтылып келеді. Бірақ ұсыныс айтылғанымен, нәтиже көрінбейді. Жолдағы тағы бір түйткіл – бағдаршамдағы ескі белгілер. Ұлттық стандарт өзгергеніне қарамастан, Атырау қаласындағы бағдаршамдарда қызыл «+» белгісі әлі тұр. Қолданыстағы заңнамаға сай оны жасыл «+»-ке ауыстыру қажет болса да, белгісіз себептермен бұл өзгеріс енгізілген жоқ. Мұндай сәйкессіздік жүргізушілерді, әсіресе басқа өңірлерден келген жүргізушілерді шатастырып, жолдағы тәртіпке кері әсер етуде, — деді Тілепберген Тастанбекұлы.

Аға инспектордың айтуынша, қыс мезгілі келгенде жағдай мүлде қиындайды. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға қажетті техника жетіспейді. Біріктірілген жол машинасы (КДМ), автогрейдер, тиегіш сынды арнаулы техникалардың саны тым аз. Жөнделіп жатқан учаскелерде де мердігерлердің техникасы мен инертті материалдары тапшы. Соның кесірінен қар уақытында тазаланбайды, мұз уақытында жойылмайды. Жол тайғақ болған соң, көлік апаты көбейеді.

Жыл сайын қайталанатын осы проблемаға жауапты органдардың салғырттығы жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді емес, тек қағаз жүзіндегі есеп беруді көздеп отырғанын аңғартады. Ал әрбір сызылмаған өткел, қойылмаған белгі немесе тазаланбаған жол қарапайым тұрғындардың өміріне қауіп төндіретіні белгілі.

Өңірлік кеңестің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Ақылбек Құлбарақов та жол сапасының төмендігін сынға алды. Оның айтуынша, кейбір учаскелерде мердігерлер жұмысты талапқа сай атқармағандықтан, жол шұрқ-тесік күйінде қалып, қарапайым халық зардап шегіп отыр.

– Жол жөндеу саласында жүйелі бақылау жоқ, жауапкершілік те біржақты. Осыған халық кінәлі емес, мердігерлер мен тиісті мекемелер нақты жауап беруі тиіс, — деді ол.

Қоқыс та кәдеге жарайды

Жиынға Zoom платформасы арқылы қатысқан «ПП Автодор» ЖШС директоры Михаил Бессонов компанияның тұрмыстық пластикалық қалдықты қайта өңдеп, оны полимерлі қоспаға айналдыру тәжірибесін таныстырды. Оның айтуынша, қоспа 2016 жылдан бері Қазақстанда қолданылып келеді және уақыт сынынан өткен.

– Астанада, «Алматы–Астана» дәлізінде, Шығыс Қазақстандағы бірқатар жолдарда біздің өнім пайдаланылды. Бүгінде ол сапасын дәлелдеді. Барлық шикізат – отандық, жұмысшылар да жергілікті азаматтар. Дегенмен, өнімді енгізу барысында белгілі бір қиындық та бар. Әсіресе мердігерлермен байланыста кедергілер кездеседі. Сол себепті тапсырыс берушілер – облыстық және қалалық деңгейдегі автокөлік жолы құрылымдарымен, «ҚазАвтоЖол» компаниясымен ашық диалог орнату қажет деп санаймыз. Біз ынтымақтастыққа, сынақ өткізуге және барлық техникалық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Өндіріс аумағында асфальтты бетон қоспасының оңтайлы құрамын анықтайтын зертханамыз да бар, — деді ол.

Шынында, Атыраудан шығатын қоспа Қазақстанда өндірілетін және бірден-бір патенттелген өнім екен. Ол толықтай отандық шикізаттан жасалады. Заңды түрде тіркелген өндіріс ошағы тұрақты салық төлеп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Ал шетелден келетін баламалар АҚШ, Еуропа, Ресей және Қытайдан импортталады.

Атыраудағы технология тек жол сапасын арттырып қана қоймай, елдегі пластикалық қалдықты кәдеге жарату ісіне де маңызды үлес қоса алады. Яғни, экологияға да, экономикаға да тиімді.

Серіктестік директоры мердігерлермен ашық жұмыс істей алатынын, өндірістік зертханасында ең оңтайлы құрамды әзірлеу мүмкіндігі барын айтты. Кеңес мүшелері күн тәртібіне енгізілген компанияның ұсыныс-пікірлерін келешекте кеңірек талқылауға келісті.

Депутат сауалы

Кеңес мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты Әнуарбек Батаев «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы облыстық филиалының өкілінен шетелде фрезерленген асфальтты жаңа қоспамен араластырып, сол жерде қайта төсеп кету тәжірибесі кеңінен қолданылатынын, бұл әдіс шығынды азайтып, қалдықты тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін, мұны бізде қаншалықты қолданатынын сұрады.

– Біз де қазір фрезерленген материалды жол жамылғысының негізін нығайту үшін қолданамыз. Мысалы, «Атырау–Орал» бағыты бойынша қалыңдығы 12 сантиметр асфальт жабындысы бар. Оның 5 сантиметрін фрезерлейміз де, алынған материалды жол жиегін нығайтуға бағыттаймыз. Қалған бөлігіне жаңа материал қосылып, ресайклер техникасы арқылы негізді күшейтуге пайдаланылады. Яғни біз фрезерленген материалды қайтадан асфальтты бетон қоспасын өндіруге қолданбаймыз, бірақ ол толықтай кәдеге жаратылады. Сөйтіп, қалдықсыз технология іске асырылады. Алынған фрезер материал жолдың жиегін бекітуге, ал негізгі қабат жаңа материалмен толықтырылып қалпына келтіріледі, — деді «ҚазАвтоЖол» компаниясы филиалы директорының орынбасары Абзал Олжабаев.

Абзал Қайратұлы қазір жалпы ұзындығы 286 шақырымдық 8 учаскеде орташа жөндеу жұмысы жүріп жатқанын айтты. Олар «Досор–Құлсары» бағыты және Бейнеу ауданындағы үш учаске.

– «Мұқыр–Құлсары» бағытындағы 136 шақырымды қамтитын төрт учаске бар, онда «Атырауинжстрой» ЖШС, «БК» Сине Мидас Строй» ЖШС жұмыс істеп жатыр. «Махамбет–Хамит Ерғалиев» бағыты бойынша «БК» Сине Мидас Строй» компаниясы мердігерлік етуде. Барлық сегіз учаске бойынша жұмысты биыл қазан айының соңына дейін толық аяқтаймыз, — деді А.Олжабаев.

Жұмыс барысы жалпы кестеге сәйкес жүріп жатқанымен, инертті материалдар мен битумды жеткізуде кідірістер кездесіп отыр. Соған қарамастан, жұмыс жалғасуда. Сонымен бірге биыл жаңа жобаға құжат тапсырылды, Индер ауданынан бастап, Махамбет ауданына дейінгі «Атырау–Орал» тасжолының 94 шақырымдық жолын жөнделуі тиіс. Ол үшін бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қаралып жатыр. Оның бір бөлігі Даму банкі арқылы қаржыландырылады екен.

Жол қауіпсіздігі мен сапасына қатысты мәселелер жылдар бойы шешімін таппай келе жатыр. Соған қарамастан, кеңесте көтерілген түйткілдер хаттамаға енгізіліп, жауапты органдардың бақылауында болатыны аталып өтті. Демек, айтылған ұсыныстар мен сын-ескертпелер тек талқылауда қалып қоймай, нақты шаралар қабылдауға негіз болуға тиіс.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button