ЖОЛДАР ЖАҢАРЫП, АРНАСЫ КЕҢІДІ

Осы қыркүйек айының соңына қарай өткізілуі межеленіп отырған ХІ Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында шаһарымызда оның шырайын кіргізіп, сәнін келтірер кешенді іс-шаралар жалғасын табуда.

Солардың санатында Атырау қаласының басты көшелерінің көріктендіріліп, жолдарының жөнге келтірілуін айтқан ләзім. Осы тұрғыда ең алдымен Сәтбаев даңғылы мен Атырау халықаралық әуежайының арасын жалғастыратын тас жол, аэровокзал алдындағы алаңқай мен автотұрақ арнасының кеңейтіліп, күрделі жөндеу жүргізілгенін айтқанымыз жөн.
Биылғы 19 мамыр – 7 шілде аралығын қамтыған бұл нысанның құрылысымен айналысқан бас мердігер мекеме «Атырауинжстрой» ЖШС болып табылады.
Жолдың асфальттық қабаты түгелімен қайта төселіп, көлік жүретін бөлігі (ені) бұрынғы 9 метрден 16,5 метрге дейін кеңейтілді. Сөйтіп ол осыған дейінгі екі жолақтыдан төрт жолақты жолға айналды. Оның сыртында, жолдың ұзына бойына (4,252 шақырым) жолайрық-сызықтар (соның ішінде қауіпсіздік жолағы да қамтылған) салынған. Атырау-әуежай автожолының бойындағы Ерік-Мостовой каналы арқылы өтетін шағын автомобиль көпірі де енінен 10-нан 16,5 метрге дейін кеңейтілген. Нәтижесінде, барлық ауданы 83455 шаршы метр жер екіқабатты, жаңа да сапалы асфальт-бетонды жабынды қамтылған. Тұтастай алғандағы көлемі 11450 шаршы метрді құрайтын гранитті жиектастар (бордюра) орнатылған.
Келесі кезекте қолға алынғаны – бастауын орталық көпірден алатын Сәтбаев даңғылының әуежайға шығар тұсқа дейінгі бөлігі. Мұнда да былтырғы жылы басталған жұмыстар одан әрі жалғастырылған. Бұрынғы бетоннан дайындалған жиектастар жаңартылып, жарамдылық мерзімі мейлінше ұзақ гранитті тастармен алмастырылды. Оның тұтастай алғандағы ұзындығы 11043 метрді, төселген қос қабатты асфальтты-бетонды жабындының жалпы ауданы 69 мың шаршы метрді құрады.
Бұлардан бөлек, Сәтбаев даңғылының Пушкин көшесімен қиылысқан тұсынан Құлманов көшесіне дейінгі аралық, сондай-ақ Студенттер даңғылынан қала әкімшілігі ғимаратына апаратын кірме жол (алаңқайымен бірге), оған қоса орталық Исатай-Махамбет алаңы сияқты нысандардың да орта дәрежедегі жөндеумен қамтылғандығын білдік. Қосымша айтарымыз, бүгіндері осындай іс-шаралар алдын-ала жоспарланғанындай, Азаттық даңғылының бойындағы «Ақ Жайық» қонақ үйінің алдынан бастап Тұрғын үй қалашығына бұрылыстағы М.Әуезов, Махамбет көшелерімен түйіскен тұстарына, одан әрі Махамбет-Баймұханов көшелерінің аралығына, «Атырау» мәдениет орталығы алдындағы алаңға да жүргізілген. Сол сияқты, М.Өтемісұлы атындағы облыстық қазақ драма театры мен аймақ әкімдігі үйі алдындағы алаңдарды да орташа жөндеуден өткізу ағымдағы жылдың жоспарына енгізілген.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз