ЖІГЕР ОТЫ ЖАЛЫНДАП…

Жуырда Павлодар қаласында өткен тірек-қимыл қозғалысы зақымданған жастар арасында үстел теннисінен ел чемпионатында облыс намысын қорғаған спортшылар жүлдемен оралды. 

 

Тұңғыш рет ұйымдастырыл-ған додада атыраулық теннисшілер  Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарының спортшыларымен бақ сынасты.

Атырау облысы командасы құрамында 22 жасқа дейінгі үш ер және үш қыз бала болды.

Ер балалар арасындағы жекелей сында Маханбет Насихан қарсыластарының барлығын басып озып, ел чемпионы атанса, Асылхан Саясатов шымкенттік теннисші Әділмұрат Амангелдіге ғана есе жіберіп, күміс жүлдені жеңіп алды. Ал, мақаттық Дәулет Есқабыл бесінші орыннан көрінді. Қыздар арасында Раушан Орынбаева финалда басты қарсылас — алматылық теннисшінен айласын асырып, алтын медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, Дария Мәутенова да облыс қоржынын толықтырып, күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал, Жұлдыз Ерубаева төртінші орын иемденді.

Чемпионаттың екінші кезеңі — жұптасып ойнау болды. Мұнда да, атыраулық Маханбет пен Асылбек және Дария мен Раушан бас жүлдені ешкімге бермеді.

– Мұндай нәтиже бұрын-соңды болған емес. Соңғы жылдары көрсеткішіміз жақсарып, алдыңғы қатарда келеміз. Бұл орайда мүгедек спортшылардың әрқайсысына көңіл бөлу керек. Өйткені, олардың сырқат түрлері де әр түрлі. Алайда, балалар еш мойымай, шаршап-шалдықпай, тез үйреніп, меңгеріп келеді. Олардың көздерінен жігер байқалады. Мәселен, Дария мен Раушанның үстел теннисімен жаттығып жүргеніне жарты жылға жуық уақыт өтсе, Жұлдыз бір жылдан бері тәрбиеленіп келеді. Ал, Асылхан мен Маханбеттің «Мүгедектер спорт клубына» келіп, жаттыға бастағанына екі жылдай уақыт өтті. Осыншама аз уақыттың ішінде ел чемпионатын бағындырған жастар – біздің мақтаныштарымыз, – дейді «Мүгедектер спорт клубының үстел теннисінен жаттықтырушысы Гүлнәр Иманәлиева.

 Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз